Президент • 15 Желтоқсан, 2017

Ерлан Сыдықов: «Тәуелсіздік дәуірі» кітабын оқу құралы ретінде пайдалану қажет

625 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Тәуелсіздік күні қарсаңында Елбасы кітапханасында өткен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» атты жаңа кітабының салтанатты тұсаукесер рәсімінде сөз алған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов Елбасы еңбегін оқу құралы ретінде білім жүйесінде кеңінен пайдалану қажет деген ұсынысын айтты, деп хабарлайды egemen.kz. 

Ерлан Сыдықов: «Тәуелсіздік дәуірі» кітабын оқу құралы ретінде пайдалану қажет

«Көптен күткен кітапқа бүгін қол жетті. Бұл еңбек осы отырған әрқайсымыздың тағдырымыз туралы. Еліміздің ширек ғасырдағы бары мен нары туралы, еңбегіміз бен ерлігіміз туралы, жарқын істеріміз туралы кітап. Бұл Елбасының елге сыйы, елдіктің баянды бағына, бағаналы ордасына сыйы», деген университет ректоры тұсаукесер рәсімінің Тәуелсіздік күнінің қарсаңында, Тұңғыш Президент – Елбасы кітапханасында өтуінің рәміздік, символдық мәні бар екенін атап өтті.

Тәуелсіздік тұжырымдамасы болған бұл кітапты барша қазақстандық көріп, ой түюі керек деп білетін Ерлан Бәтташұлы жаңа еңбекті бояуы кеппей тұрып оқығанына қуанышты екенін айтты.

«Бұл кітап – Қазақстан жолының айнасы, күнделігі, шежіресі. Тұжырымдамалы, іргелі еңбек. Біз тарихшылар жүріп өткен тәуелсіздік жылдардағы ширек ғасырымызды байыптайтын және шынайы баға беретін өрелі еңбекті күтіп жүргенбіз. Оны Елбасымыздың жазуы еліміз үшін де, елдігіміз үшін де үлкен оқиға деп білемін. Нұрсұлтан Назарбаев жай ел басшысы емес. Құрушы, жасампаз, көреген президент. Ендеше бұл еңбек жаңа мемлекетті өз қолымен, өз бастамасымен тұрғызған аса ірі тарихи тұлғаның әрі жылнамасы, әрі дәуірнамасы», деді Е.Сыдықов.  

Сондай-ақ, ол мемлекет құрудың жөн-жосығын да, теория, практикасын да ғылыми өреде меңгерген Нұрсұлтан Әбішұлының ел тарихын жазуға толық моральдық құқы бар екенін айта келіп кітап төңірегінде бірқатар ұсыныстарын ортаға салды.

«Ең алдымен, бұл еңбекті оқу құралы ретінде білім жүйесінде кеңінен пайдалану қажет. Екіншіден, кітаптағы тұжырымдамалар, ойлар мен маңызды фактілер бойынша түрлі мәдени-танымдық шаралар кешенін ұйымдастырғанымыз дұрыс. Үшіншіден, ел тарихын, оның деңгейін танытатын жаңа еңбекті көп кешіктірмей Біріккен ұлттар ұйымының тілдеріне аударып бастыртып, әлемге таратқанымыз жөн. Сондай-ақ, технология дәуірінде Елбасы еңбегін цифрлы жүйеге түсіріп, түрлі форматта насихаттау тиіс», деді ол.

Айта кетейік, жаңа туындыда егемен елдің негізі қаланған күннен бастап оның қалыптасу кезеңдерінің ерекшеліктері мен 26 жылдық тәуелсіздік дәуіріндегі ішкі және сыртқы сын-қатерлерді еңсеруге байланысты қабылданған шешімдердің мән-мазмұны мен тетіктері егжей-тегжейлі баяндалған. Тұсаукесер рәсіміне Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері, «Нұр Отан» партиясының басшылығы мен мүшелері, ғылым, зиялы қауым, ақпарат құралдары және жастар ұйымдарының өкілдері, сарапшылар мен студенттер қатысты. 

Майгүл СҰЛТАН,

«Егемен Қазақстан»