Қазақстан • 16 Желтоқсан, 2017

Инновациялық кәсіпорында жаңа өнімдер қатары молая түсуде

309 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қарулы Күштерді елімізді қорғайтын құрыш қалқанға баласақ, оның қуатын арттыруға қызмет ететін саланы сол құрыш қалқанның тұғыры дегеніміз дұрыс. Қазақстан мен Түркияның қорғаныс саласындағы келісімдеріне сай екі ел президенттерінің ақ батасымен 2011 жылдың мамыр айында отандық қорғаныс кәсіпорындары саласындағы алғашқы қарлығаштардың бірі – «Қазақстан Аселсан инжиниринг» ЖШС компаниясы құрылды.

Инновациялық кәсіпорында жаңа өнімдер қатары молая түсуде

Қазақстанның Қарулы Күш­­тері мен басқа да ведом­ство­ларын қажетті оптикалық құрал­дармен қамтамасыз ету, сондай-ақ техникалық және сервистік қызмет көр­сету мақсатын көз­дейтін кәсіп­орында әуел бастан-ақ түнгі көру құралдарын – мо­но­куляр мен бинокулярлар, жылулық шолу аспапта­рын, күндізгі көру мен бар­лау құралдарын, жер бе­тіндегі нысаналарға жарық тү­сіретін лазерлі нысана көр­сет­кіш портативті кешендер, қашықтан басқарылатын тұрақ­ты жауынгерлік модульдер шығару, электронды платтарды құрастыру және ИК-линзалар өндіру қол­ға алынды. Зауыт сон­дай-ақ броньды техниканы электронды-оптикалық жүйе­­лері жағынан, әуе кеме­лерін авио­ника жағынан жаңғырту ісін бақылауды да жүзеге асырады.

Осындай жобаның жүзеге асырылуын өмірдің өзі талап етті. Өйткені Қарулы Күш­терді жарақтануындағы тех­никаның басым бөлігі негі­зінен ескірген үлгілер болып келді. Сондықтан көп ұза­май-ақ жер бетіндегі және әуедегі құрыш қалқан плат­формаларды жаңғырту мен жаңарту аса көкейкесті мәсе­ле болары, уақыт өткен сайын танктер, бронетранспортерлер, тікұшақтар жүйе­леріне күтім жа­сау қиынға соғары анық еді. Оның үстіне, заман талабына сәйкес ескі атыс платфор­ма­ларын басқару мен шолуды түгелдей цифрлы жүйеге көші­ру міндеттілікке айналды. Қа­зіргі күні кәсіпорын осы олқы­лық­тардың орнын толтыруда.

Компания 2011 жылдың желтоқсанында «Астана – жаңа қала» АЭА-ның қаты­сушысы ретінде тіркеліп, осы реттегі бірқатар салықтық жә­не кедендік жеңілдіктер мен инвестициялық префе­ренияларға ие болды.

Жаңа тұрпатты зауыттың құры­лысына екі жылдай уақыт кетіп, ол 2013 жыл­дың жел­тоқ­санында екі ел­дің қорғаныс ведомстволары өкілдерінің қатысуымен ресми түрде ашылды. Со­дан тоғыз күн өткенде кәсіп­орын­ға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ке­ліп, бар жағдайын көзбен кө­ріп, мұқият танысып, Қаза­қ­­станда дәл осындай жоғары техноло­гиялы өндіріс құры­луының маңыздылығын атап көрсетті.

Бір айта кететін жайт, уағ­да­ластық аясын­да түр­киялық әріп­тес «Аселсан» компания­сы зауыт­тың құрылып, аяғы­нан тік тұрып кетуі үшін қажетті тех­никалық құжат­тамаларды, Қазақ­стан­ның қорғаныс-өнер­кәсіптік ке­шені өнімдерінің құ­рамдас бө­лігі болып табылатын элек­тронды-оптикалық құ­ралдар, электронды платтар мен линзалар өндірісі үшін материалдар мен тех­нологиялық жаб­дықтар берді. Сондай-ақ қа­зақ­стан­дық қызметкер ма­ман­дарды «Аселсан» компа­ния­сының, ЕО мен АҚШ дайын­даушы зауыттарының өн­ді­рістік қуаттарында тағы­лым­дама тәжірибелерден өткізді.

Екі мемлекет басшы­ла­рының шешімімен ашыл­ған зауыттың бүгін таңдағы хал-жайы көңіл қуан­тарлықтай. Бұл жай ғана түнгі көру құ­ралдарын шыға­ратын кәсіп­орын емес. «KAE» бұ­рын Қа­­зақстан аумағында ба­ла­­масы болып көрмеген, элек­­тронды-оптикалық өнім­­дер өндіретін дара ком­пания. Сон­дықтан оны инновациялық кәсіп­орын ретінде сеніммен атау­ға болады. Өзі жұмыс іс­теп келе жатқан төрт жылда 15-тен астам жаңа өнім шы­ғаруға қол жеткізіп отыр. Бұл жағ­дай кәсіпорын бүгіннің өзін­де өндіріс технологиясының то­лық­қанды трансфертін жү­зе­ге асырғанын, мамандарды кәсіпке әбден баулып үйрет­кенін, сондай-ақ осы номен­клатурадағы өндіріске қажетті құрал-жабдықтарды сатып алып, орнатып қана қоймай, олар­­ды жоғары дәрежеде толық­­тай игеріп, меңгергенін біл­­діреді.

Өндіріс аумағында бү­гін таңда 100-ге тарта адам еңбек етуде. Олардың 15-сі шетелдік техникалық жо­ға­ры оқу орын­дарында, соның ішінде «Болашақ» бағдар­ламасы бойынша оқып білім алғандар. Сондай-ақ мұнда Қазақстан Үкіметі қолға алған дуалды оқы­ту тәжірибесін игеру нәти­жесінде республиканың кәсі­би колледждерінен келіп жұмыс істеп әрі оқып жатқан жастар да бар.

Сонымен қатар кәсіп­орында Назарбаев Универ­ситетінің 15 студенті, Түр­кия­­­ның, Қытай­дың, Ресей­дің техникалық уни­­вер­си­тет­­терінде оқып жат­­қан қа­зақ­­стандық студент жас­тар­дың өндірістік та­ғы­лым­­да­ма­дан өтуі де жолға қойы­лып отыр. Мұның сыртында кә­сіп­орынның 25-тен ас­там қыз­мет­кері Түркияда, Вен­грия­да, Син­­гапурда, Малай­зияда, Ре­сейде, Голлан­дия­да өндіріске қа­жетті ма­ман­дықтар бойынша білім-білік­терін жетілдіріп, тиіс­­ті сертификаттар алып кел­­ді.

Электронды-оптикалық құ­­ралдарды жинап құрастыру Қа­зақ елі үшін жаңа сала бол­­ғандықтан түркиялық серіктес «Аселсан» Еуро­па­ның, Амери­каның стан­дарт­тарына сай жаңа техно­логия әкелгенін тілге тиек етсек орынды болар. Осы орайда зауытқа 50-ден астам қымбат тұратын бірегей жабдықтар әке­лініп орнатылды, оларда жұ­мыс іс­тейтін мамандар үйре­тілді. «KAE» компаниясында әлем­­дік тәжірибе ықпалымен өн­­діріс мәдениетіне қатты көңіл бөлінуде.

Компанияда жақсы үрдіс­тердің кең қанат жаюын Қор­ға­ныс және аэроғарыш өнер­кәсібі министрі Бейбіт Атам­құлов өз назарында ұс­тауда.

Компания келешекте өз еліміздің аясында ғана қалып қоймай, кең өріс­­терге шығуды көздейді. Себе­бі көптеген шет­елдік кәсіп­орындар зауыттың кей­­бір өнімдеріне қазірдің өзінде қызығушылық таны­туда. Солардың ішінде 5 кәсіп­орынмен ИК-лин­за­ларды сату жөнінде келіс­сөздер жүр­гі­зілуде.

Елбасы кәсіпорынға алғаш келген кезде компания басшы­лары екі нәрсе сұрапты: «Бірін­шісі, бізге сеніңіз, екіншісі, сол сенімді ақтау үшін бізге мүм­кіндік беріңіз» деген екен. Мем­лекет басшысы сонда осы екі өтінішті қабыл алыпты. Содан бері өткен төрт жыл «Қазақстан Асел­сан инжиниринг» компания­сы ұжымының сол мәртебелі сенімді ақтап келе жат­қанын айғақтап отыр.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»