Аймақтар • 16 Желтоқсан, 2017

Біржан елінің байрағы биіктеді

1033 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан Тәуелсіздігінің ұлық мерекесі қарсаңында барша қауымды қуанышқа бөлеген Жарлыққа қол қойды. 

Біржан елінің байрағы биіктеді

2014 жылғы желтоқсаннан бастап Ақмола облысының Еңбекшілдер ауданы Біржан сал есімімен аталу мәртебесіне ие болды. Бұл Көкше жұртшылығын ғана емес, дүйім жұрттың көкейінде жүрген әфсана арманның жүзеге асқандығын айғақтайтын маңызды құжат саналады. Елімізді игі сілкіністерге бастаған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының нақты жемісі аудан тұрғындарын алақай желпініске түсірді. 

Осы орайда, ел тілегінің орындалуына бас басылым «Егемен Қазақстанның» жаршы болғандығын да атай кеткен лазым. Тәуелсіздіктің ал­ғашқы жылдарынан бас­тап газет бетінде аудан атауына қатысты мәселелер үз­бей жарияланып келді. Ел­ба­сының өңірге сапары барысында ауданға арнайы ат басын бұрып, Біржан салдың мемориалдық кешенінде ақын есімін ауданға беру туралы әңгіме қозғалғаны газет оқыр­мандарының есінде. Бұл 1995 жылдың жаймашуақ көк­темі еді. Көп ұзамай «Егемен Қазақстанның» бетінде редакция алқасының мүшесі, белгілі журналист Әділ Дүй­сенбектің «Біржан аты сұра­нып тұр» деген мақаласы жа­рық көрді. Осыған байланысты оқырмандардардың ой-толғамдары «Біржан елін биіктен іздеңіздер» атты топтамамен беріліп тұрды. Пі­кір алуандығының бір парасы ретінде «Еңбекшілдер» атауының өзі сөз құрау тір­кесімізге қабыспайтындығы тілге тиек етілгендігін атай кетсек дейміз.

Бас басылымның жұрт­шы­лықпен жүздесіп, көшпелі мәжілістер құратын игі дәс­түрі бар. Жыл сайын­ғы кезде­с­улерді былай қой­ғанда, 2014 жылы газет­тің 95 жылдығына байланыс­ты «Егемен Қазақ­стан­ның» Біржан еліндегі күн­дері өткі­зілді. Сапарнама жария­ланы­мында ауданға Бір­жан сал аты берілуі басты тақы­рып ретін­де көтерілгені жұрт­шы­лық көңілінен шықты. Біте қай­насқан ынтымақты бай­ланыс жалғаса түсуде.

Елбасының «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасының шарапаты Көкше жұртын бұған дейін де қуанышқа бөлеген. Биыл өңірдегі таңдаулы тәлім ордалары Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай, Ақан сері атауларына ие болды.

Бақберген АМАЛБЕК,

«Егемен Қазақстан» газетінің ардагері, Қазақстан Республикасы баспасөз саласының үздігі

Ақмола облысы