Аймақтар • 16 Желтоқсан, 2017

СҚО-да жеке кәсіпкер 80 адамды жұмыспен қамтамасыз етті

277 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ақжар ауданы облыс орталығынан алыс орналасқанына қарамастан, мұнда шаруа­шылықтарға озық технологиялар кеңінен енгізіліп келеді. Солардың бірнешеуін жеке кәсіпкер Марат Шәпенов өз қаражатына жү­зе­ге асырды.

СҚО-да жеке кәсіпкер 80 адамды жұмыспен қамтамасыз етті

Марат көзін тырнап ашқаннан ауыл төңі­регінен ұзаған емес. Әке-шеше тәлімімен ата кәсіпті серік етіп, содан бері төрт түлік өсі­ру­мен айналысады. Бертінге дейін асыл тұқы­мды малды табындап бақса, енді сүт өндіруге де мықтап бет бұрды. Ол үшін ауыл маңындағы иесіз жатқан жерді кәдеге жаратып, мал шаруашылығы кешенін тұрғызды. 1 миллиард 300 миллион теңге инвестиция құйды. Заманауи құрал-жабдықтар орнатып, желіні жер иіскеген 600 симменталь сиырын сатып алды.

– Екі жыл ішінде төккен тер зая кеткен жоқ. Тәуелсіздік күні қарсаңында 80 жерлесімді жұмыспен қамтамасыз еттік. Орташа еңбекақы 120 мың теңге, – дейді ауылдастарына үлкен қуаныш сыйлаған ел азаматы.

Сүт кешенінің меңгерушісі Баян Жарова­ның айтуынша, сауыншылар Германиядан әкелінген соңғы үлгідегі қондырғылардың тілін тез меңгерген. Арнайы орынға 24 сиыр бірден енгізіліп, сауын бар-болғаны 7 минутта аяқталады. Өнім сапасы да, майлы­лығы да басты назарға алынған. Алда жылына 2100 тонна сүт өндіру міндеті тұр.

Осылайша ауыл десе жарғақ құлағы жас­тыққа тимей жүрген кәсіпкер енді сүтті тереңдете өңдеп, айран, қаймақ, ірімшік шы­ғаратын зауыт салуды ойластырып отыр.

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы,

Ақжар ауданы