Аймақтар • 16 Желтоқсан, 2017

Көсегемізді көгерткен Көкарал

746 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Сор басқан далада кенезесі кеуіп, ұлтаны құрғап, тілім-тілімі шыққан теңіздің табаны көкке қарап Тәңірінен медет тілейтін сияқты. 

Көсегемізді көгерткен Көкарал

Аңызақ жел мен құм суырып соққан долы дауылдың өзі жазық кеңістіктің бетін айғыздап, онсыз да құрғап жатқан жерді одан сайын кептіріп жібергендей. Бір кездері шалқып жатқан теңіз сағымға айналып, сары даланың сиқы тым көмескіленіп, аянышты халге жеткені жасырын емес еді. Сондықтан мұны бір ғана мемлекеттің емес, барша адамзаттың проблемасы деу керек. 

Елбасы Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ Арал проблемасына айрықша назар аударды. Эколо­гиялық апатты аймақ мәселесін жан-жақты талдау үшін Қызылордаға бес мемлекеттің басшыларын шақырып, алғаш рет Арал проблемасын халық­аралық деңгейде талқылады. Арал қа­сіреті – күллі әлемнің қасіреті еке­ніне жер жүзін мекен еткен ұлт пен ұлыс­тың көзін жеткізіп, оның арнасына су толып, сауықтыруға көп күш-жі­гер жұмсады. Сол кезде егемендігін енді ғана еншілеген елдің бұдан өзге де қиындықтары көп еді. Алайда Ел­басы ондаған жылдар бойы түйіні тарқамаған түйткілді шаруаны шешуге білек сыбана кірісіп, жалпы жұртты осы жолда жұмыс істеуге шақырды.

Жарты ғасырға жуық экологиялық апат шеңгеліне түскен Орталық Азия­ның салқын сабатты айдынының құр­ға­ған ұлтаны 4 миллион гектардан астам аумақты құрады. Әмудария мен Сыр­дарияның сағасы құрғап-кеуіп, қайраңдарды барқан құм басты. Теңіз табанынан ұшқан тұзды шаң құрлық асып, Еуропаға жетті. Ел үдере көше бастады. «Бүкіл дүние жүзін елең еткізген Арал теңізінің тартылуы, оның жағасын мекен еткен халықтар үшін өте ауыр болды. 90-жылдары судың тартылуы, тұздылығының кө­беюіне байланысты аулап жүрген балығымыз бәрі жоқ есебінде еді. 1984 жылдары даниялықтардың бас­тамасымен Арал теңізіне камбала де­ген балық әкелініп жіберілді. Сол өсіп, камбала ауланды. Ол да бір несібе болды. Бірақ судың ащылығына олар да төзбейтіндей жағдайға жетті. Жұрт не істерін білмей абдырап қалды. Содан жаппай көшу басталды. Біз де сол көшке ілесіп, қоныс аудардық. Арада бірнеше жыл өткеннен кейін САРАТС жобасының бірінші кезеңі басталды. Соның нәтижесінде Аралға су келді. Кіші Арал суға толды. Сумен бірге балық келді. Яғни ата кәсібіміз қайта жанданды. Өшкеніміз жанып, өлген Аралымыз тірілді. Міне, осы қуанышты хабарды естіген біз, жырақта жүрген аралдық  балықшылар қауымы кіндік қанымыз тамған жерге, сүйікті мекенімізге қайта оралдық», дейді Мінәжат Биманов. Яки, Елбасы атамекенінен ажырап қалған жұртты өз шаңырағына қайта оралтты десек, еш­қандай артық емес.

Буырқанып тасыған теңіздің етегі Арал қаласының іргесінде жататын дейді байырғы тұрғындар. Елбасының тікелей пәрменімен өмірге келген «ға­сыр жобасының» ғаламат нәтижесі – теңізді қолдан бөгеуге де қауқар барын көр­сетті. «Сырдария өзенінің арнасын рет­теу және Солтүстік Арал теңізін сақ­тап қалу» жобасы шеңберінде са­лын­ған Көкарал бөгеті 2006 жылы аяқ­талды. 13 шақырымдық тоспа кіші теңізді – «өлі теңізден» бөліп алды. Осылайша судың деңгейі көтеріліп, тұздылығы төмендеп, балық өрісі жанданды. САРАТС – сенімді ақтады.

– Егемендіктің елең-алаңында Қы­зыл­орда облысын тарату керек, Арал­дың халқын басқа аймаққа көшіру қажет деген мәселе көтерілді. Осы мә­селе Нұрсұлтан Әбішұлына да жетті. Сол кезде қалай болады деп алаңдадық. Үн қостық, пікір айт­тық, ұсыныс білдірдік. Міне, соған Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған жоқ. Көрегендік жасады. Қазір 2005 жылдан бері Арал ауданының өзінде көп жұмыс атқарылды. Елбасы 2005 жы­лы біздің ауданға келгенде бұлақ суы­ның құлағын өзі ашып, іске қосып еді. Бүгінде Арал, Қазалы ауданының орталығын есептемегенде, барлық екі ауданның елді мекендеріне таза су барды. Бұл экологиялық апаттың зардабын көрген халыққа көп көмек болды», – дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шәкірат Дәрмағамбетов. 

Кезінде сапалы тұрмыс іздеп кеткен көп отбасы Тұран ойпатындағы туған жерге қайта оралды дедік. Қазір сол бұрынғыдай шалқар шаһардың маңын толқын шайып жатпаса да, кемеріне келер күн жақын. Өйткені Арал қаласынан 150 шақырымға ше­гі­­ніп кеткен жағалау қазір 17 шақы­рым жерге дейін жақындап қал­ды. Ғаламат жоба аясында теңізден бө­лек аймақтағы 158 көлдің арнасы­ толды. Әлеумет ата кәсібін қайта қол­ға алып, аймақ үдемелі дамудан енші алар­дай еңселі күйге жетті. Оның дәлелі ретінде балықты терең өңдейтін бірнеше за­уыт­тың Арал өңірінен ашылуын айтуға бо­лады.

Қазіргі таңда Арал айдынынан ба­лықтың 23 түрі ауланады. Теңізден ауланатын балықтың үштен біріне жуығы, яғни 3 мың тоннасы Еуропа елдеріне экспортталады. Бұл – ата кәсі­бімен қайта қауышқан елдің табы­сын молайтуға сеп болуда. Ел сенімін еселеген САРАТС жобасының 2-ші кезеңі бар. Оның аясында теңіз тоспасының деңгейін тағы көтеріп, кіші теңіздегі су маржандарының тіршілігіне қолайлы жағдай жасау басты меже. «Қызыл кітапқа» енген Арал қаязы қазірдің өзін­де Кіші теңіздің әр тұсынан бай­қалып қалады екен. Кіші теңіз әлі де тола түссе, тұщы суда басқа да ба­лық түр­лері көбеюі бек мүмкін деп бол­жайды­ мамандар. 

Елбасының Сыр өңіріне әр сапары тарихи оқиғаларға толы. Мәселен, 2005 жылы Елбасы Сыр өңіріне сапары барысында Арал-Сарыбұлақ ауыз су құбырын өз қолымен іске қосты. Бұл – аралдықтардың ең мерейлі шағы еді. Талай жылдар бойы дарияның суын тұндырып ішкен тұрғындардың көңі­лінен үміт сәулесі сығалаған сәт осы. Бүгінде әр үйге кірген таза су әр шаңырақтың шырайын кіргізіп, тұр­мысын жеңілдетуге сеп болғаны сөзсіз.

Қазақ даласында Каспий, Арал­ те­ңіз­дері мен Балқаш көлі секіл­ді келісті сулы алаптары ерекше ихтиофаунаға ие. Бүгінде Тұран ойпатының көгілдір алқасы саналатын Аралға күллі әлем назарын тігіп отырғаны рас. Осы рет­те туризм индустриясының да ал­ға жыл­жығаны байқалады. «Батыс Еуро­па – Батыс Қытай» автомобиль жол­дарының салынғаны халыққа үлкен қатынас жасап, түрлі тауарларды тасуға, адамның өзінің қатынауына көп­теген жеңілдіктер туды. Осының бәрі Елбасының жасаған үлкен жақ­сылығы. Арал ауданы емес, жалпы Қазақстан халқына көрсеткен қам­қорлығы. Соның ішінде Аралға арнайы көңіл бөлгендігі бізді ерекше қуантады, – дейді Арал қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбілбай Садықов.

Мемлекеттік қолдау мен жаңа тех­­но­логияның арқасында Аралдағы тұз өндірісі жаңа сатыға көтерілді. Мұн­дағы Тұздыкөл 90 жыл бойына тү­гесілген емес. Ол – Жақсықылыш ауы­лы маңындағы ақ алтынның кеніші. Ғасырға жуық қазылса да табиғи бай­лық қоры өздігінен толыға түскен. Бұл жерден жылына 400 мың тоннаға дейін тұз қазылады. Шикізат тәулік бойы тынбайтын үш цехта өңделеді. Соның екеуі ең озық дейтін испандық технологиямен жабдықталған.

Жаһандық экономикадағы қиын­дық­тар өндірістің өрлеуіне тұсау бо­ла алмады. Зауыт былтыр полимер, биыл тұз өңдеу цехтарын іске қос­­ты. Жұмысшылар саны артып, мың­­нан асып кетті. Аралдың табиғи кен байлығын ұқсатудағы ұтымды бастаманың енді бірі – еліміздегі алғашқы кальцийлендірілген сода өн­дірісінің қолға алынуы. Тың жо­ба арқылы бұл өнімге импорттық тәуел­ділікті екі есеге дейін азайту көзделген. Жоба жүзеге асса, Арал маңында жыл сайын 300 мың тоннаға дейін каль­цийлендірілген сода шығарылады. Жа­ңа­дан 700 жұмыс орны ашылады.

Тың бағытқа түрен салған «Жез­қазған – Сексеуіл – Бейнеу» темір жолы ай­мақтың әлеуетін әлдендіре түсті. Ел­басы іске қосқан жаңа шойын жол желісі, әсіресе Арал маңындағы Сек­сеуіл елді мекенінің серпілуіне дем берді. 1200 шақырымдық болат жол­дың бойындағы ең ірі стансаның бірі – Сексеуіл елді мекені. Арқа мен Сырдың арасын жалғаған төте жол­дың 272 шақырымы Қызылорда темір­ жол бөлімшесіне берілді. Осы аралықтың өзінде 6 жүк бекеті салынып, жаңа жұмыс орындары ашылған. Мамандарға арналған тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың да қатары көбейіп отыр. Аралдықтар отандық газдың да игілігін көруде. Көгілдір отынға қол жеткізу аралдық ағайынның талай жылғы арманы еді. 30 мыңнан астам тұрғыны бар қаланы газдандыру жұмыстары жоспарға сай жүргізілді. Жалпы, бүгінде Сыр өңірінің 63 пайызы табиғи газға қол жеткізді. Аймақты газдандыру жұмыстары әлі де жалғасуда.

Ширек ғасырда еліміз аяғынан нық­ тұ­рып, әлемге таныла білді. Ал ел­мен еншілес дамыған Арал өңі­рі­нің де межелі мақсаты айқын. Ай­мақ­тың бүгінгі даму деңгейі соның дәлелі деуге негіз бар. Елдің еңсе тіктеуіне Елбасының сіңірген еңбегі өлшеусіз. Тәуелсіздік жылдарында Арал ауда­нында Нұрсұлтан есімді ер ба­ла­лар­дың көбеюі аймақ халқының Елбасына деген ыстық ықыласы мен шексіз құрметі деп білген жөн. Бүгінде Арал ауданында Елбасымен аттас 98 өрен желкілдеп өсіп келеді. Олар ертеңіне сеніммен қарайтын, еңсесі тік, бақытты буын. Уақыт көшімен бірге қарыштап дамыған елдің дарынды өрендерінің арманы да асқақ болары анық.

Елбасы Қызылорда өңірін әрдайым назарында ұстап, жұмысын жүйелі бақылап, тыныс-тіршілігімен танысып отырады. «Сыр – Алаштың анасы» деп құрмет білдіруінің өзі қызылордалықтардың жүрек төрінде тұратын сөзіне айналды. Осының өзінен-ақ Мемлекет басшысының Сыр өңіріне айрықша ықыласын байқауға болады. Ал мұндай құрмет пен ықылас қызылордалық ағайынның болашаққа деген сенімін арттыра түседі.

Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы,

Арал ауданы