Аймақтар • 16 Желтоқсан, 2017

Павлодарда бүлдіршіндер арасында асық ойнаудан жарыс өтті

530 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Асығың алшысынан түссін, «Асық party». Сақаның алшысы – хан, тәйкесі – уәзір, бүк түскені – қараша халық

Павлодарда бүлдіршіндер арасында асық ойнаудан жарыс өтті

Облыс орталығындағы №35 «Ертөстік» балабақшасында өткен «Асық party» ойынына басқа балабақшалардан келген 360 бала қатысты. Асықтарды денешынықтыру сабағында емес, айналамен танысу, тіл дамыту, математика сабақтарында да қолданады. Дойбыны ақ және қара түсті асықтармен ойнайды, сандарды алып-қосуды да түрлі-түске боялған асықтар орнатылған есепшоттар арқылы меңгереді. Тәрбиешілер халықтық педагогиканың әдістерін қолдануды жетілдіріп, ізденіс үстінде жүреді.  

Бұдан кейін облыс ор­талығындағы №10 Абай атын­дағы мектеп-лицейде қалалық білім бөлімі мен «Алтын сақа» бастамашыл то­бының ұйым­дастыруымен оқушылар арасында Асық ату ойынынан қалалық турнир өтті. Ұйымдастырушылар жарысты асық ойынының түр­леріне сай бөлді. Мысалы, құмар ойынға 2-4 оқушыдан қатысты. Ойыншылар кезек-кезек төрт асықты иірді. Иіруші төрт бүк, төрт шік, төрт алшы, төрт тәйке түсірді де, жүлденің жартысын алды. Екіншісінде, төрт асық төрт түрлі түсті, яғни тігілген жүлдені түгелдей алды. Жүгіресің, секіресің, терлейсің, көздейсің, тигізесің, ерегісесің, жеңесің, жеңілесің, ұтасың, ұтыласың. Бәсеке. Шеберлікке, мергендікке, батылдыққа тәр­биелейді.

Жалпы, турнир өткен Абай атындағы №10 лицей-мек­тебінде жылдар бойы оқу­шылар асық үйірмесіне қаты­сып келеді. Турнирге қатысқан 11 мектептің арасынан 1-орын­ды №35 Қабдыкәрім Ыды­ры­сов атындағы мектеп оқу­шы­лары иеленді. Ал 2-орын Абай атындағы №10 лицей-мектебі, 3-орынды «Жас дарын» мектебінің оқушылары жеңіп алды. Жеңімпаздар мен жүл­дегерлер дипломдармен, медаль­дармен, ақшалай және зат­тай сыйлықтармен марапатталды.

Оқушыларға асық ойы­нын кәсіби түрде үйретіп жүрген Ақсу қаласына қа­расты Жамбыл орта мек­те­бінің технология пә­ні­нің мұғалімі Жиенхан Қа­манайұлы «Асық party» жоба­сын жалғастырмақшы. Жиен­ханның айтуынша, асық ойынының 80-ге тарта түрі бар екен. Қазір шеңберге асықты тізіп, бір ғана түрімен ойнай­ды. Ал үйірмеге келетін Жиен­ханның оқушылары асық ойы­нының ату, қағу, құмар, ат жарысы, ханталапай, бес асық, ұту деген түрлерін үйренуде.

– Сондықтан асық ойнау жобасы басталғаны дұрыс. Енді бізге ойын түрлерінің бірыңғай стандартын бекітіп, ережесін жасау керек. Екіншіден, әрбір жарыс, турнир өткенде осы ережеге бағыну қажет, – дейді Жиен­хан Қаманайұлы.

Ол айтып отырған жобаны жергілікті «Ертіс Медиа» ЖШС директорының орынбасары Жұ­мабек Сманов жаз­ған-ды. Әлеуметтік же­ліде тараған асық ойыны жобасы жайлы ақпарат бала­бақшаларға да жетті. Яғни «Асық party» интернет жобасы ой салды деген сөз. Осы­дан кейін облыстық «Ертіс Медиа» ЖШС, «Найзатас» журналының бас редакторы Асыл Әбішев бастаған өңірлік БАҚ өкілдерінің тілшілері қолдап, жоба бастаған-ды. Ба­лабақ­шаларда балаларды ұлттық ойындармен таныс­ты­ру, асық ойнаудың түр­леріне, халқымыздың салт-дәс­түрлеріне олардың қызы­ғушылығын ояту мақсатына орай көтерген жобаның ұсы­ныстарын ата-аналар, ба­ла­бақшалар ұжымы қолдады.

 Жобаны қолдаушылардың бірі облыстық мәдениет жә­не құжаттар, архивтер бас­қармасының басшысы Ар­дақ Райымбековтің айтуынша, өңірімізде тоғызқұмалақ ойыны барлық мектепте ойналады, жыл сайын аудан­дық, облыстық жарыстар өтеді. Қызығушылық басым, ұлттық ойынға деген құ­марлық бар. Сондықтан ал­дағы уақытта мектептер мен бала­бақшаларда асық ойынын үйрететін үйірмелердің санын көбейтетін болсақ, бұл ойынды да тоғызқұмалақ ойынының деңгейіне жеткізе аламыз, – дейді «Алтын сақа» бастамашыл тобының жетекшісі Асыл Әбішев.

Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»

ПАВЛОДАР