Аймақтар • 16 Желтоқсан, 2017

БҚО Бөрлі ауданында Тәуелсіздік күніне орай бірнеше нысан ашылды

509 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазыналы Қарашығанақ кеніші орналасқан өндірісті ауданда жыл сайын халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс-тіршілігін жақсартатын нысандар көбейіп келеді. Биылғы Тәуелсіздік мерекесінде Бөрлі ауылының су құбыры 515461,0 мың теңгеге қайта жаңартылып, тұрғындарға таза су жеткізді. 

БҚО Бөрлі ауданында Тәуелсіздік күніне орай бірнеше нысан ашылды

Фото: Айбатыр НҰРАШ

Су құбыры торабының ұзындығы 62,3 шақырым. Құрылыс жұмысы биыл сәуір айында басталған еді. Мердігер «KazConstructionGroup» компаниясы көп жұмысты аз уақытта сапалы атқарып шыққан.

- Ауылға орталықтандырылған таза ауыз су жетіп отыр. Бұл жұмысқа «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында қаражат бөлінді. Құрылыс жазда басталған болатын. Бұл жерде екі су қоймасы бар. Жоба аясында осы елді мекеннің азаматтары жұмыспен қамтылды. Айта кетейін, биыл Бөрлі ауданында 57 нысанға 12 млрд.500 млн теңге бөлінді. Бұл үлкен қолдау. Облыс аудандарындағы 55 елді мекенді таза ауыз сумен қамту үшін 11 млрд.теңге бөлінді. Қуаныш ұзағынан болсын! - деді Батыфс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов су торабының ашылу салтанатында.

Дәл осы күні Бөрлі ауылында жөндеуден өткен Мәдениет үйі де тұрғындарға есігін айқара ашты. Бұл жобаға аудандық бюджеттен 30 млн.теңге бөлінген еді. Тамыз айында басталған құрылыс жұмыстары желтоқсанда аяқталды.

Кеңтүбек ауылдық округінде де үлкен қуаныш. Мұнда 50 балаға арналған балабақша ашылды. Бұл құрылысқа 10 683 7976 теңге жұмсалған.

- Осы жазда Кеңтүбек ауылына келіп, балабақшаның кірпішін қалауға қатысып едік. Енді, міне, Тәуелсіздік күні қарсаңында қуанышта бас қосып отырмыз. Ауылдың балабақша жасындағы балалары осыған дейін мектептің жанындағы шағын орталыққа баратын еді. Өңірде 24 білім беру нысаны салынуда. Оның ішінде 10 жеке балабақша, 10-нан астам мектеп бар, - деді А.Сейдірұлы.

Бұл күні Бөрлі ауданы орталығы Ақсай қаласында да бірнеше тұрғын үй пайдалануға берілді. Өңір басшысы Алтай Көлгінов Қарашығанақ шағын ауданында салынған 75 пәтерлік тұрғын үйдің кілтін пәтер иелеріне табыстады.

Биыл Ақсай қаласында құрылыс қарқынды жүрді. Әлеумет әсіресе Қарашығанақ кенішінің экологиялық аумағынан көшірілуі тиіс Березовка ауылы тұрғындарының жаңа баспана алуына ерекше көңіл аударған болатын. Бұл мәселені Елбасы өзі тікелей бақылауда ұстайтынын да ескерткен болатын. Ұлық мейрам қарсаңында бұл мәселе де толығымен шешілді.

Ақсай қаласының жанындағы Қызылтал ауылынан салынған 100 үйлік шағынаудан осыдан бірнеше ай бұрын пайдалануға берілген еді. Енді көпқабатты жайлы пәтер алуды таңдаған березовтықтарға 9 қабатты екі үйдің кілті табыс етілді. Жаңа пәтерлердің кілтін салтанатты жағдайда табыс еткен өңір басшысы Алтай Көлгінов биыл Батыс Қазақстан облысында Елбасы бағдарламаларына сай он төрт көп қабатты үй құрылысы салынғанын, оның нәтижесінде барлығы 1700 отбасы пәтерлі болғанын айтып өтті.

Алтай Көлгінов осы сапарында «ҚПО б.в.» компаниясының бас директоры Ренато Маролимен бірге березовтық тұрғындарға арнап салынған тұрғын үйге бас сұғып, пәтер иелерімен тілдесті. Сонымен қатар Березовтан көшірілгендерге арнап салынған 300 орындық мектеп құрылысымен танысты. Құрылысы аяқталған бұл мектеп қаңтар айынан, яғни биылғы оқу жылының үшінші тоқсанынан бастап қызметке кіріспек.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы