Президент • 16 Желтоқсан, 2017

Жеделхаттарда – ізгі тілектер

414 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күнін мерекелеуге орай шет мемлекеттер басшылары мен халықаралық ұйымдар жетекшілерінен құттықтау жеделхаттары келіп түсті, деп хабарлады Қазақстан Президентінің баспасөз қызметі.

Жеделхаттарда – ізгі тілектер

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Нұрсұлтан Назарбаевтың атына жолдаған жеделхатында: «Сіз үшін осы ерекше күні мен Сіздің еліңіздің Біріккен Ұлттар Ұйымын нығайту жəне барша үшін бейбітшілікті, даму мен адам құқын қамтамасыз ету бойынша біздің ортақ күш-жігерімізді ілгерілету ісіне белсенді қатысатынына жəне ықпал ететініне сенімдімін», деп жазады.

Германия Федеративтік Республикасының Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер өзінің құттықтау жеделхатында былай деп атап өтеді: «Дипломатиялық қатынастар қалыптасқан сəттен бергі ширек ғасыр бедерінде біздің елдеріміздің арасындағы саяси, экономикалық, қоғамдық жəне мəдени байланыстар көпқырлы жəне серпінді дамуға ие болды. Германия алдағы кезеңдерде де демократияны нығайту мен заң үстемдігі үдерістерінде Қазақстанның сенімді серіктесі болып қала бермек».

Канаданың Генерал-губернаторы Жули Пайетт өзінің құттықтау хатында Қазақстанның ядролық қаруды таратпау бастамасына қолдау көрсететінін білдіреді жəне өңірді əрі қарай дамыту жөніндегі бітімгершілік күш-жігері мен қолға алып жатқан іс-əрекеттерін атап өтеді.

Өзінің жеделхатында Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков Қазақстан-Қырғызстан қарым-қатынасы əрі қарай да одақтастық пен стратегиялық серіктестік рухында нығайып, дами беретініне сенім білдіреді.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы мен Қазақстан халқының атына игілік пен өсіп-өркендеу тілеген жеделхаттарды Жапония Императоры Акихито, Сингапур Республикасының Президенті Халима Якоб, Аустрия Республикасының Президенті Александр Ван дер Беллен, Мексика Президенті Энрике Пенья Ньето, Нидерланд Королі Виллем-Александр, Куба Республикасы Мемлекеттік кеңесінің жəне Министрлер кеңесінің Төрағасы Рауль Кастро Рус жолдаған.