Қазақстан • 20 Желтоқсан, 2017

БАҚ туралы стратегиялық маңызды құжат 2018 жылы таныстырылады – Дәурен Абаев

311 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада қазақ сайттары редакторларының кезекті форумы өтті. 

БАҚ туралы стратегиялық маңызды құжат 2018 жылы таныстырылады – Дәурен Абаев

«Қазақстанның үшінші жаңғыруы аясында медиа ресурстар нарығының дамуы» тақырыбымен өткен жиынға Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, Қазақстандағы АҚШ елшісі Джордж Крол қатысты.

Шараны «Қазақстан» телерадиокорпорациясы, баспасөз клубы және Қазақстандағы АҚШ елшілігі ұйымдастырды. Форумның мақсаты – қазақша сайттарды дамыту, контент сапасын арттыру және осы саладағы өзекті мәселелердің шешімін табу.

Жиында сөз сөйлеген Ақпарат және коммуникациялар министрі Д.Абаев бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты заң жобасын түсіндіріп, осы саланың жаңа даму стратегиясы жөнінде әңгімелеп берді.

«Келесі жылдан бастап бұқаралық ақпарат саласындағы стратегиялық маңызы бар құжат әзірлеу жоспарда бар. Келешекте қай бағытта жұмыс істейтініміз және даму басымдықтарымыз анықталады. 2018 жылдың соңына дейін құжатты таныстырып үлгереміз», деді министр.

Бұдан бөлек, Ведомство басшысы ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың дамуына тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі таңда әлеуметтік желілер БАҚ-қа бәсекелеске айналған. Соның нәтижесінде әлеуметтік желілерге шыққан өтірік ақпарат журналистің еңбегін жоққа шығаруы мүмкін. Д.Абаевтың пікірінше, жағдайдың осылай өрбуі кәсіби мамандарға сұранысты арттырып отыр. Сондай-ақ, министр қазақ сайттары редакторлары форумының маңыздылығына тоқталды.

«Интернеттің қарқынды дамуы коммуникация құралдарын бір арнада тоғыстырып, дәстүрлі БАҚ пен жаңа медианың сабақтастығы күшейте түсті. Сондықтан осы саладағы ең маңызды мәселелерді бірлесе талқылауға шақырдық. Форумда талқыланған пікірлер елдегі ақпарат саласының дамуына үлес қосады деп сенемін», деді Д.Абаев.

Форум барысында жан-жақтан жиналған мамандар қазақ тілді сайттарға қатысты өз ойларын ортаға салып, тәжірибелерімен бөлісті. Жиында контент сапасы мен оқырман талабы, жарнама мен монетизация мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, жаңа медиа мен дәстүрлі БАҚ-тың айырмашылығы мен ұқсастығы, қазіргі трендтер мен жаңа технологиялар сөз болды.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»