Әлем • 20 Желтоқсан, 2017

АҚШ сенаты соңғы 30 жылдағы ең ірі салық реформасын мақұлдады

208 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

АҚШ сенаты соңғы 30 жылдағы салық реформасы жайлы ең ірі заң жобасын мақұлдады. Осыған дейін аталған жобаны өкілдер палатасы қолдаған болатын.

АҚШ сенаты соңғы 30 жылдағы ең ірі салық реформасын мақұлдады

«Дауыс беру барысында 51 адам қолдаған болса, 48-і қарсы шықты. Салықты қысқарту туралы заң қабылданды», – деді АҚШ вице-президенті Майк Пенс.

Дауыс беру нәтижесі шыққанға дейін сенат ғимаратында наразылық акциясы өтті. Салдарынан күзетшілер қатысушыларды сыртқа шығаруға мәжбүр болды.

Сенаттағы демократтардың көшбасшысы Чак Шумер републикалықтардың мұндай қолайсыз заң үшін келесі жылы сайлауда жауап беретінін ескертті. «Заңның түпкі мәні мен сауалнамасы сондай нашар, тіпті келер жылы республикалықтардың өздері дауыс беріп, қолдағандары үшін ұялатын болады», – деді Шумер.

Осыған дейін Республикалық партияның 12 мүшесі мен өкілдер палатасындағы демократтардың бәрі заң жобасын қолдамаған болатын. Алайда дауыс беру нәтижесінде 227 адам қолдап, 203-і қарсы шықты. «Бүгін біз ел тұрғындарына өз ақшасын қайтарып береміз. Түптің түбінде бұл олардың маңдай терімен тапқан адал ақшасы», – дейді республикалық Пол Райан.

Сәрсенбі күні, яғни 20 желтоқсанда құжаттар түпкілікті мақұлдау үшін өкілдер палатасына жіберілді. Егер заң жобасы қолданысқа енер болса, Дональд Трамптың алғашқы ірі жеңісі болмақ.

Айта кетейік, құжатта корпоративтік салықты 35 пайыздан 20 пайызға дейін шектеусіз төмендету қарастырылған. Болашақта америкалық компаниялардың шетелдік кіріс көзі толықтай салықтан босатылмақ. Сондай-ақ, түрлі деңгейдегі кіріс көзі бар америкалықтардың басым бөлігіне 2026 жылға дейін салық жеңілдіктері қарастырылған.

Заң жобасына қарсы шыққандардың кейбірі Obamacare бағдарламасы арқылы салық төлеушілердің көбі міндетті сақтандыру құжатынан босатылатынын алға тартты.

АҚШ конгресі бюджет басқармасының есептеуінше бұл шара сақтандыру сыйлықақыларының артуына әкеледі. Сонымен қатар 13 млн адамды 2027 жылға қарай сақтандыру құжатынсыз қалдырады.

Дайындаған Аян ӘБДУӘЛИ, «Егемен Қазақстан»