Руханият • 21 Желтоқсан, 2017

Өнердің өз адамы - Ғабдрахим Маралұлы жайлы сыр

631 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ғабдрахим ағаның өткен жолына көз салсаңыз, бір емес, бірнеше адамның өмірін сүргендей әсер қалдырады. Және әр­қай­сысы жартыкеш ғұ­мыр емес, толыққанды тағдыр... Әдетте тех­ни­калық мамандық пен қа­зақы күй, қазақтілді қа­ламгерлік орта бір-бі­рі­мен кереғар, мүлдем ба­сы піспейтін сала секілді қа­былданады ғой. Ал Ғаб­драхим Маралұлы осы екі әлемді бір бойына біріктірген жан. 

Өнердің өз адамы - Ғабдрахим Маралұлы жайлы сыр

Шетіне көз жетпейтін шал­қар теңіз бен бұйрат-бұйрат құм Нарын. Айғырөлген, Мың­төбе, Мұңайтпас, Ма­наш... Осы бір Манаш деген құйттай ауылдан үш мини­стр шыққан. Осы ауылда ақын Фариза туған. Қазір ол жер­де «Манаш» деген жазуы бар қалақ қана тұр...

– Фариза апайдың әкесі Оңғарсын бізге жезде еді. Үйіміздің арасы жүз қадамдай болатын. Біздің үй жазда құм ішіне кететін, қыста теңіз жа­ғасына көшіп келетінбіз. Те­ңіз суы ащы болғанымен, қыс­та жағаға қатқан мұзды ері­т­іп ішеміз, тұщы болады екен. Мен әкемнің 18 жасын­да көр­ген тұңғышымын. Әже­міз жал­ғыз ұлын мектеп біті­рі­сі­мен үй­лендірген екен. Менің он жа­сымда, 1957 жылы арна­йы қау­лы шығып, теңізден ба­лық аулауға тыйым салынды. Сөй­тіп, теңіз жағалаған ба­лық­шы ауылдар көшіріліп, қа­зіргі Аты­рау қаласының айналасына орналасты, – деп еске алады Ғабдрахим аға бала кезін.

Бір ғажабы, Манаш ауылы­ның адамдары шетінен домбы­рашы болатын. Ғабдрахим де әкесінен үйреніп, жас­тай­ынан домбыраны сүйіп өс­ті. Сырнай да ойнайтын. Мек­теп­тегі би кештерінде бұл сыр­наймен сүйемелдеп, өзгесі би билеп, алаңқайдың шаңын ас­панға шығаратын. 1964 жы­лы Фариза апай институт бі­тір­ген соң туған ауылына ке­ліп, кешкі мектепте сабақ бер­ген. Сол кездері жоғары сы­нып­та оқитын өнерлі жас Ғаб­драхимді жиі шақырып алып, мектептегі шараларға қо­сатын.

Таза қазақы ортада, өнер қон­ған өлкеде өссе де жас Ғаб­драхим кішкентайынан тех­ни­калық мамандыққа құма­р­тыпты. 1965 жылы Балықшы ауданының Дамба ауылындағы орта мектепті (қазір бұл мектеп Фариза Оңғарсынова атында – авт.) күміс медальмен бі­тір­г­ен ауыл баласы бірден Алматыға, Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтына тартқан. Бұл КСРО-да Гагариннің ғарышқа тү­рен са­лып, ер баланың бәрі техникалық мамандыққа құ­мар­тқ­ан кезі болса керек. «Ке­ле­шек­те жұмыстың бәрін робот істейді» деген аңыздар желдей есетін. Ғабдрахим де сол кездегі ең сәнді мамандық – автоматика және телемеханика факультетіне құжат тапсырған. Бір орынға 22 талапкер таласса да кейіпкеріміздің жолы бол­ды, сол жылы оқуға түсіп кет­ті. Міне, содан бері жарты ға­сырдан асты, Ғабең кә­сі­бін де, нәсібін де осы техни­ка сала­сы­нан – энергетика құрылым­дарынан тауып ке­ле­ді.

1970-1974 жылдар аралы­ғын­­да академик Шапық Шо­қи­н­нің қарауында Қазақтың энер­гетикалық ғылыми-зерттеу инс­титутында қарапайым лаборанттан плазмалық энер­гетика зер­т­ханасының ин­же­нері лауа­зы­мына дейін жет­ті. 1974-1976 жылдары Гурь­ев астық ком­бинатында бас энергетик болып қызмет етті. 1976 жы­лы Алматы энергети­ка инс­ти­ту­ты құрылғанда арнайы ша­қы­рылып, 1994 жылға дейін сол жерде аға инженерден бастап, проректор лауазымына дейін көтерілді. Нарық келіп, бұрынғы жүйе ыдыраған кезде біраз уақыт «FIAT International SPA» компаниясының Қазақстан­дағы өкі­лі болып қызмет ат­қарды. Кей­ін әріптестерімен бір­ге «Азия­­снабэлектро» акци­он­ер­лік қоғамын құрып, жеке кәсіпкерліктің де көрігін қыз­дыр­ғаны бар. Қазір азуын айға білеген «ҚазТрансОйл» ком­пания­сын осыдан 20 жыл бұ­рын «Қазнефтепровод» ат­ты компания етіп алғаш құ­ру­шылардың қатарында Ғабд­ра­хим ағамыз да жүрген бола­тын...

Біз сөз басында Ғабдрахим ағамыздың бірнеше өмірі бар дегенбіз. Ондағы айтқымыз кел­гені – ағамыздың қазақтың аяу­лы ақыны, батыл қызы Ақұш­тап Бақтыгерееваның жан жары екендігі еді. 

Ал жан жарының өзіне әйел ғана емес, қазақтың қабырғалы ақыны, халық сөзін сөйлейтін қа­лам­гері екенін сезінген, оның ақындық қабілеті тұрмыстың түйткілінде жаншыл­май, жұлдызы жануына се­беп­ші болған азамат көп емес шығар. Сонау 1974-1976 жылда­ры Атырауда болашағы бар бақуатты қызметін тас­тап, Алматыға ауысуы да жан жа­ры­ның әдеби ортадан алыс­тап, жү­деп жүргенін көріп, сезін­ген­діктен еді. 

– Алғаш Фариза апайдың үйінде танысып, дәм-тұзымыз жа­расып еді. Кейін әдеби ор­та­ның өз адамына айналып кеттім. Хамаң, Әбу ағай, Жұ­бан­дармен көп араласып, Қадыр мен Тұманбай, Жұме­кен­дермен талай сырластық. Кітапты жақсы көрдім. Кітапты қа­дірлеуді маған Қадыр ағам үй­ретті. Кітап оқуды бала кү­ні­мнен сүйсем де, Қадыр ағам жүйелі оқуға баулыды. Жа­зушылардың бағасын бе­ріп, жақсы шығарманың қан­дай болатынын айтып отыратын. Қадырмен дос болдым, жақсы көрдім. Қадыр ағамның маған берген автографы қазір халық сөзі болып кетті, – дейді кейіпкеріміз. 

«Ғабдрахим!
Өмір сүру жеңіл ғой 
тиын құрап,
Көп нәрсеге жетпейді 
миым бірақ.
Аға болу, бауырым, 
оңай емес,
Іні болу одан да қиынырақ!
Қадыр Мырза, 17 февраль, 1978» деп қол қойыпты Қадыр ақын 1977 жылы шыққан «Алақан» жинағына.

«Биязы, бекем азамат Қабд­ырақым бауырыма, қа­зақ­тың ұлтшыл қызы, ақын Ақұш­тап­қа құрметпен, игі тілекпен Мұхтар Мағауин» – Бұл бел­гілі жазушының 2007 жылы Пра­гада басылған «Жармақ» кіта­бындағы қолтаңбасы.

«Қадым заманнан бірге өскен інім Хабдрахимға ең ізгі тілектермен» – бұл лебіздің иесі – әйгілі Әбіш Кекілбаев. Осы бір аз сөзді автографтардан танымал қаламгерлердің кейіпкерімізге деген құрметін байқауға болатындай.

Кейіпкерімізді жазушы қау­ымға етене жақын­дас­тыр­ған – әуелі әдебиетке, кі­тап­қа құмарлығы болса, екін­ші­­ден Ғабдрахим ағаның дом­бы­рашылығы дер едік.

– Мен саған бір ғажап айтайын, – дейді Ғабдрахим аға. – Мен жазушылардың арасында көп жүрдім ғой. Хамаң бар, Жұбағаң бар, Әбу бар, Зейнолла бар, қай-қайсысы да әңгіменің майын тамызып айтып отырып, домбыраның дауысы шыққанда тып-ты­ныш болып қалатын. Біреуі үн­демейді! Қадыр ағам да сол. Ол кісі домбыраның дауы­сын естісе «Әппа! Ал енді ты­ныш­талайық!», дейді. Со­сын есі кетіп күй тыңдайды. Қай­рат Жұмағалиев марқұм өле-өлгенше домбыра тыңдап кет­ті. Маған «келмейсің, домбы­ра тартып бермейсің!», деп рен­житін. Бір-екі рет кеште бар­дым, екеуміз түнгі 2-3-ке дейін домбыра тарттық. «Саранжап», «Жеңгем сүйер» секілді ескі күйлер, Мәменнің «Қаражан ханымы», «Қайғылы қара», Дәулеткерейдің «Салық өл­гені», Соқыр Есжанның «Қош бол, Ақбикеші» секілді көп орындалмайтын күйлерді ке­зек тартып отыратынбыз...

Ғабдрахим Жаңбырбаевтың орындауындағы кейбір шығар­ма­лар «Атырау өңірінің муз­ы­калық мұрасы» атты ау­дио­жи­наққа да енген. Мұның өзі Ғабекеңнің күй өнеріне қы­зығушылығы, оны меңгеруі әуес­қойлықтан асып, кәсіби дең­гейге жеткендігін көрсетеді.

Иә, қай өнердің де бастауы бір, түбі туыс қой. Ақынның жары, қаламгерлердің досы, күйшілердің туысындай болып кеткен Ғабдрахим Маралұлы әлі күнге дейін көңілі сүйген кәсібі – энергетика саласынан да қол үзбеген. 70-ке толған жасында «Атырау Жарық» компаниясында кеңесшілік қызмет атқарады. Баяғы өзі туып-өскен Манаш топырағында жел электр стансасын салу жо­басы жүзеге асып жатыр. «Бо­лашақ жел мен күн қуаты се­кілді таусылмайтын табиғи көздерде. Ерте ме, кеш пе бү­кіл адамзат соған келеді» дей­ді се­німмен Ғабдрахим аға. – Өй­т­­кені мұнай да, газ да таусылады, оның үстіне олардың эко­ло­гияға тигізіп жатқан зардабы қаншама!».

Міне, жетпіс жасына мағы­на­лы да мәнді өмір иесі болып жетіп отырған Ғабдрахим Марал­ұлы мен ақын Ақұштап Бақтыгереевадан тараған ұрпақ та мақтауға тұрарлық. Үлкені Жазира – түрік тілінің маманы. Әрі кәсіпкерліктің де тізгінін тең ұстап жүр. Ортаншысы Ғазиза Ғабдрахимова – белгілі қобызшы, «Magic of Nomads» то­бының көркемдік жетекшісі. Ұлт­тық өнерді эстрадамен, сим­фониялық оркестрмен син­тез­деп, әлемге жарнамалап жүр­ген өнерпаз. Ал үшінші қы­­зы – мұнай саласында, «Ад­жип» компаниясында қызмет етеді.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

Орал