Президент • 22 Желтоқсан, 2017

Президентке Тәуелсіздік күніне орай хаттар мен жеделхаттар келіп түсті

223 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының атына ұлттық мерекеміз – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай хаттар мен жеделхаттар келіп түсті, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.

 

Президентке Тәуелсіздік күніне орай хаттар мен жеделхаттар келіп түсті

Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай шет мемлекеттердің басшыларынан құттықтау жеделхаттары келіп түсті.

Иран Ислам Республикасының Президенті Хасан Рухани өзінің хатында: «Соңғы жылдары ортақ мақсат пен мүдденің арқасында біздің екіжақты қарым-қатынасымыз жемісті дамып келе жатыр. Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы өңірдегі ынтымақтастық пен қауіпсіздікті нығайту ісінде сенімді серіктес болып саналады», – деп атап көрсеткен.

Марокко Королі VI Мұхаммед жеделхатында өзара құрмет пен достыққа негізделген екі ел арасындағы қарым-қатынастарға жоғары баға беріп, оның әрі қарай табысты дами түсетініне сенім білдірді.

Аустралияның генерал-губернаторы Питер Косгроув өзінің жеделхатында: «ЭКСПО-2017 көрмесінің Астана қаласында табысты өтуімен құттықтаймын. Бұл шара үкіметтеріміздің өкілдері мен білім саласындағы мамандарымыздың кездесулер өткізуіне мүмкіндік берді», – деп атап өткен.

Мемлекет басшысына және Қазақстан халқына өзінің құттықтауларын Швеция Королі Карл XVI Густав пен Бруней Сұлтаны Хаджи Хассанал Болкиях жолдап, бақ-береке тіледі, сондай-ақ еліміздің өсіп-өркендеуіне ниеттестік білдірді.

Соңғы жаңалықтар