Қазақстан • 22 Желтоқсан, 2017

Астанада Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес отырысы өтті

238 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың төрайым­дығымен Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің отырысы болды. 

 

Астанада Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес отырысы өтті

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «Егемен Қазақстан»

Жиында сөз сөйлеген Г.Әб­діқа­­­лықова жастар саясаты «Қазақ­стан-2050» Стратегиясының негізгі мақ­­­са­тының бірі екенін атап өтті. Оның ай­туын­ша, қазіргі таңда елімізде жүйелі өзгерістер жүріп жатыр. 

«Мемлекет басшысы «Біздің жастарымыз оқуға, жаңа ғылым мен білімді игеруге, жаңа машықтар алуға, білім мен технологияны күнделікті өмірде шебер де тиімді пайдалануға тиіс. Біз бұл үшін барлық мүмкіндіктерді жасап, ең қолайлы жағдайлармен қамтамасыз етуіміз керек», деп атап өткен болатын. Елімізде экономиканың жаңа моделін қалыптастыруға, саяси реформалауға және қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған елдің Үшінші жаңғыруы жүзеге асырылып жатыр. Осы аса маңызды үдерісте ұлт болашағы – жастарға ерекше көңіл бөлініп отыр», деді Г.Әбдіқалықова. 
Отырыста жастарды, соның ішінде ауыл жастарын жұмыспен қамту және орналастыру бойынша мемлекеттік шаралар туралы Дін істері және азаматтық қоғам, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ұлттық экономика, Білім және ғылым министрлерінің баяндамалары тыңдалды. 
Іс-шарада келтірілген ақпаратқа сүйенсек, бүгінде елімізде 2,12 миллион белсенді жас бар. Соның 2 миллионға жуығы жұмыспен қамтылған. Яғни, жас­тар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 4 пайызды құрап отыр. 

Жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының іске асырылуы нәтижесінде техникалық және кәсіптік білім алуға 21 мың жас жолданған. Ал 30 мыңнан астам өскелең ұрпақ қысқа мерзімді кәсіптік білім алды. Бағдарлама аясында 1,1 мың адамға шағын несие берілді. Жалпы, осы жобаның орындалуы барысында 163,6 мың жас жұмыспен қамтылды.

Кеңес мүшелері Жастар саясаты жөніндегі кеңестің 2018 жылға арналған жұмыс жоспарын мақұлдады. Отырыс қорытындысы бойынша Мемлекеттік хатшы жастарды жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау мәселелері бойынша бірқатар тапсырма берді. 

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»