22 Желтоқсан, 2017

Игілікті істер өрісін тапты

502 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

2017 жылда атқарылған іс аз болмады. Мемлекеттің қай саласын алсаңыз да, олардың табыстан- табысқа жету жолында аянбай тер төккені байқалды.

Игілікті істер өрісін тапты

Еліміздің саяси, экономикалық, мәдени бағытында жаңа өзгерістер бой алып, оның оң нәтижелері халықтың жанына жылу септі. Елбасының тап­сыр­маларына сай сот жүйесі мен құқық қорғау органдарында жүр­гізілген реформалар барысында заң үстемдігінің сақталуына қол жет­кізілді.

Соның бәрін айтпай-ақ, тек прокуратура органдарында ғана осы жылғы  атқарылған істі сараласақ, қаншалықты тиімді жұмыс тынды­рылғанына анық көз жеткіземіз. Әрине мұндай жақсылықтардың бәрі, ең алдымен, халық үшін жасалатынын ұмытпаған жөн. Ал халықтың қамы құқықтық қамдалуы қажеттігін Елбасы сындарлы Жолдаулары мен баянды бағдарламаларында айтып келе жатқаны белгілі. Бұл міндеттерді жүзеге асыруда әр сала басшылығының еңбегі ерен екені де анық. Мәселен 22 жыл ішінде алғаш рет прокурор қызметінің деңгейін белгілейтін Ата заңдағы 83-баптың 1-бөлім мазмұны жаңғыртылды. Бұл конституциялық норманың жаңғыртылуына орай жүргізілген жұмыстардың нәти­жесінде «Прокуратура туралы» заң дүниеге келді. Осы заң арқылы прокуратура қызметінің тәртібі мен ұйымдастырылуы, құзыры, мәртебесі түпкілікті анықталды. Әсіресе «Құқық қорғау органдарының қызметін жетілдіру мен қылмыстық процесті реформалау туралы» заң жобасына қатысты жүргізілген жұмыстардың маңызы зор болды.

Бұл заң жобасы Мемлекет бас­­­шысының тапсырмасына сай құрылған арнайы топтың, яғни Жоғарғы сот, Әділет министрлігі, құқық қорғау және арнайы органдар басшылары енген жұмыс тобының нәтижесінде пайда болды. Ол үшін Германияның, Ұлыбританияның, Эстония мен Грузияның бұл бағыттағы тәжірибелері зерттелді. Сол заң жо­басының ішіндегі ізгілікті жаңалық – адамды 72 сағатқа ұстау мерзімі 48 сағатқа азайтылды. Адвокаттардың ұсыныстары мен айғақтарды жинау өкілеттілігі кеңейтілді. Кепілдік, күштеп куәландыру, үлгілерді іріктеу, жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу секілді түрлі тергеу әрекеттері  сотқа санкция жүргізу үшін берілді. Осы жоба аясында қылмыстық істерді электронды форматта жүргізу қаралды.

Тағы бір маңызы зор жаңалық – Елбасының процестерді цифр­ландыру тапсырмасына сай IT-жобасын енгізу болды. Олардың ішінде «Е-қылмыстық іс», «Әкімшілік өндіріс істерінің жиынтығы» және «Заңдылық» секілді бағдарламалар тиімділігін бірден көрсетті. Осы­лардың арасында бірінші бағдар­лама қылмыстық процестің өне бойын: қылмысты тіркеуден бастап, оны тергеу мен үкімнің шығуына дейінгі жолды қамтиды. Осы бағдарламаның бәрі де азаматтар арыз-шағыммен келгенде және оларға тиісті құқықтық қызмет көрсетуде ешқандай жасанды кедергілердің болмауы үшін жан-жақты қаралып, іске қосылды. Айтқандай-ақ, тиімділігімен халықтың ризалығына бөленді.

Сондай  халыққа жасалған тағы бір игілігі мол іс – Азаматтарды қабылдау орталығы мен Құқық қорғау қызметі орталықтарының ашылуы болды. Орталықтың негізгі мақсаты арыздарды тез қарау. Ал олардың шешімін табу үшін сол жерде бірден адвокаттар, медиаторлар, нотариустар, пробация қызметін және т.б. қызмет көмектерін пайдалану арқылы бір нәтижеге қол жеткізу көзделді. Сол сияқты бизнеске қысым жасауды азайту шаралары қолға алынды. «Атамекен» палатасымен бірлесе кәсіпкерлікті қорғау бойынша Жол картасы да­йындалды. Соның арқасында көптеген мемлекеттік органдардың бизнесті орынсыз тексерулері 80 пайызға дейін  қысқарды.

Бәрі де адам үшін деп ойласты­рылған бағдарламалар арқасында оны заңдылыққа сай орындайтын жаңа кадр­лар келіп, кем-ке­тік­ті толықтырды. Осылайша Ата­ заңы­мызда жазыл­ғандай, мемлеке­тіміздің ең қымбат қазынасы  – адам және адамның өмірі, құқық­тары мен бостандықтары де­ген­дей, азаматтарымыздың бар жағ­дайы Елбасымыздың назарында­ тұрғандықтан сот жүйесі мен құ­қық қорғау органдары жаңа жүргізіл­ген реформалар нәтижесінде  заңды­лықтың сақталуына, адам құқының қорғалуына жаңаша ден қойды. Бұл «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында айтылған заң үстемдігінің орындалуына қол жеткізудің нақты бір көрінісі болды.

Александр ТАСБОЛАТ,
«Егемен Қазақстан»