Қазақстан • 22 Желтоқсан, 2017

Тұңғыш кәсіби дирижер Шамғон Қажығалиев

1814 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Бір өзі бір ғасырдың жүгін арқалап, өнер керуенін өрге бастаған, қазақ халқының мәдениетіне өлшеусіз еңбек сіңірген айтулы тұлғаларымыз аз емес. Соның бірі – Шамғон Қажығалиев. Көзінің тірісінде елінің ардақтысы, халқының қадірлісі болған Шамғон ағаның туғанына биыл 90 жыл толды. Осы орайда, соңына өшпес мұра қалдырған, бірнеше буын ұрпаққа ғибраты мол тәрбие берген ұлық ұстаз, асыл азамат туралы ойға түйгендерімді айтсам деймін. 

 

Тұңғыш кәсіби дирижер Шамғон Қажығалиев

Шамғон Қажығалиев өзінің ерек­ше қабілетінің арқасында 1950-жы­лы Алматы консерваториясын үш ма­мандық бойынша бітірген. Атап айт­қанда, домбыра бойын­ша Қа­зақ­станның халық әртісі Қ.Жан­ті­леу­овтен, скрипка бойынша профессор И.А.Лесманнан дәріс алған және ха­лық аспаптар факультетінде оркестр­мен дирижерлеуден А.Қ.Жұбанов пен Л.М.Шаргородский сыныбын тә­мамдаған. Сондай-ақ 1964 жылы Ле­нинград консерваториясының опера-симфония дирижері факультетін (профессор Э.П.Грикуровтың сыныбы бойынша) бітірді. Ахмет Жұбановтың дарынды шәкірттерінің бірі болды. 1944 жылы консерватория ашылғанда Ахаңның 6 шәкірті болған, олар: Шамғон Қажығалиев, Фатима Балғаева, Құбыш Мұхитов, Хабидолла Тастанов, Болат Сарыбаев және Фуат Мансұров. Осы алты дарын иесі де кейін өнер әлеміндегі жарық жұлдыздарға айналды. 
Мен 1967 жылы Оралдың музы­ка­лық училищесін бітіріп, Алматы­да­ғы консерваторияға оқуға түстім. Он­да Қаршыға Ахмедияров, Шәміл Әбіл­таймен бірге оқыдық. Қаршыға екеу­міз кон­курстан өтіп, Құрманғазы атын­дағы оркестрге қабылдандық. Міне, біз сол кезден бастап Шамғон ағаның өнегесін көріп өстік. Оқи жүріп, бес жыл бойы оркестрдің құрамында өнер көр­сеттік. Консерватория бізге тео­рия­лық білім берсе, ал оркестр прак­ти­ка­лық консерваторияға айналды. Ха­лық арасында осылай аталушы еді. Ор­кестр құрамында Рүстембек Омаров, Бақ­тияр Құбайжанов, Айса Шәріпов, Самиғолла Андарбаев, Ғинолла Исма­ғұ­лов, Абдол Ниязқожаев деген ел ағалары болды. Солардан тәлім-тәрбие алдық. 

Оркестр құрамында бірге жүру, бір ұжымда сыйластықпен еңбек ету, сыпайы да салмақты болу, сахна мәдениетін сақтау, көрерменмен ілти­патты байланыс орната білу – осы­ның бәрі өмір мектебі. Бүгінгі таң­да да жастарға айтар ақыл-кеңесіміз бар, өйткені жасы үлкен адамдар кейінгі толқын бұрыннан келе жатқан жақ­сы дәстүрді жалғастырса екен, киелі өнерімізді шоуға, даңғазаға айнал­дырмаса екен деген тілектерін біл­ді­ре­ді. Дәстүрлі өнердің төл қасиеті сақ­талғаны жөн. 

Қадыр Мырза Әлі ағамыз «Нағыз қазақ қазақ емес, Нағыз қазақ – дом­быра!» деп тегін айтпаған ғой. Шы­нын айтқанда, қазақты қазақ етіп отыр­ған да домбыра. Ал сондай ұлттық құн­ды­лы­ғымыз – домбырамызды қастерлей ал­масақ, кім болғанымыз? 

Жас ақын Серік Сейітманның:
«Домбыраның пернесінде ән ғажап, 
Домбыраның шанағында зарлы 
азап. 
Қазақ болып қалды мәңгі домбыра, 

Домбыра боп қалса екен-ау әр қазақ!», деген ғажап жыр жолдары бар. Қадыр ағамыздың өрелі ойын әрі қарай жалғастырып тұр емес пе?! 
Шамғон ағамыз күй өнерін киелі са­наған жан. Күйдің ырғағының, ек­пінінің, орындалу шеберлігінің сақ­та­луына өте қатаң қарайтын еді. Кез келген күй не музыкалық шығарма орын­дал­ғанда, оның бір қағысы не артық, не кем болуына жол бермейтін-ді. Күйді бұзып немесе өзінше бір мәнермен орындайтындарға жаны қас болды. 

Шәкең басқарған оркестрде мен 15 жыл­дай еңбек еттім. Шамғон ағаның қа­сында жүрдік, ақыл-кеңесін қалт етіп, қағыс жіберген емеспіз. 
Шамғон Сағаддинұлы сахна мә­дениетіне өте қатаң қарайтын адам еді. Оркестрдің сахнаға шығуына, жеке әншілердің көрермен алдына келіп, өнер көрсетуіне дейін үлкен мән беретін-ді. Өзінің халық алдына шығуы, дирижерлік жасауы, қошемет білдірген халыққа ілтипат білдіруі – бәрі-бәрі бір керемет келісім мен үйлесімділік тауып жататын. Өне бойынан тектілік қасиетті көруші едік. 

Жоғары білім алып, дирижер бол­ғандар аз емес қой, алайда кей­бі­реу­лер оркестр мен жеке әнші­ні қос­қанда, екеуін бір арнаға түсіре ал­май жататын тұстары кез­деседі. Оны сырттағы адам көп біле бер­мейді, ал оркестрдің ішінде отыр­ған адамдар аңғарып қалады. Мен орке­стрдің ішінде отырып, Шәкеңнің кере­мет зеректігін іштен көрдім. Кей­бір әншілер әннің бір жерін не қыс­қартып, созып жіберуі мүмкін, сондайда шебер дирижер ғана оны оркестрмен үндестіріп, «тігісін жатқызып» жі­бере алады. Оркестрдегі 80 адамды бір екпінде ұстау, жеке әншіні сүйемелдей білу үлкен қабілеттілікті, асқан дарындылықты талап етеді. Мұны күй құдіретін, оркестр өнерін қапысыз меңгерген адам ғана абыроймен атқара алады. 

Шамғон Сағаддинұлының және бір үлкен қасиеті – ұлттық дәстүрлі өнер мен еуропалық музыканы терең біле­тін­дігі. Алматы консерваториясы­нан ұлттық өнерді игергені, ал Ле­нинград консерваториясынан опера-симфония дирижері мамандығын алуы оны жан-жақты қалыптастырды, сон­дықтан ол – тұңғыш кәсіби дирижер. Опера – бүкіл өнердің жиынтығы. Опе­раның құрамында күй, би, хор, ән, ор­кестр, ария – осылардың бәрі бар. Ал соның бәрін басқару, «бір тілде сөй­лету» үлкен жүректі дирижерлердің ға­на қолынан келеді. Бибігүл Төлеге­но­ва, Ермек Серкебаев кезінде дирижер Шамғонның дирижерлік жасауымен ән салғанды қалап тұратын еді, өйткені тұғырда Шәкең тұрғанда, олар да сенімді болады, ешқандай оқыс жағдай орын алмайды. 

Оркестр алдында дирижер тұратын тұғыр «дирижер пульті» деп аталады. Шәкеңнің «Дирижер пультіне бір аттап шығуға болады, ал сол бір аттау үшін қанша тер төгуің керек?» деген қанатты сөзі бар еді. Яғни дирижер болу үшін көп оқуың, көп ізденуің керек екендігін айт­қаны ғой. 

Сырттай қараған көрерменге сахнаға шыққан адамдар үнемі жарқырап тұрады. «Осылардың өмірі керемет!» деп тамсанады. Шын мәнінде олай емес қой. Мәселен, үш минут өнер көр­сетіп, жарқырап шығудың арғы жа­ғын­да қаншама еңбек жатыр? Со­ны ескер­геніміз жөн. Шәкеңнің тағы бір сөзі бар. Дирижерлік жолды таң­даған жандардың өнері көңілінен шық­пай жат­са, көп оқып, көп үйрену, үлкен­дер­ден тәлім алу қажет екенін айта келіп: «Өзін өзі сыйлайтын дирижер жүз астрономиялық сағаттағы музыканы жатқа білуі керек!» – дейтін еді. 

Шамғон аға жас кезінде кездескен қиындықтарға қарамай, Ленинград консерваториясын да жақсы бітірген. Кейде оркестрдегі бір адам дұрыс дай­ын­дық жасамаса немесе өз ісіне шы­найы берілмегенін байқап қалса: «Мен балам мен әйелімді нан мен суға қа­ра­тып отырып оқыдым. Ал сіздер му­зыканың терең иірімдеріне мән бермейсіздер. Өнер жолына түсу үшін бәрін ұмытып, соған біржола берілуің керек. Әйтпесе, ел сүйсінетін музыка шықпайды», деп ескерту жасайтыны бар еді. 

Осы тұста сәл шегініс жасайын. 1947 жылы Алматы консерваториясында домбырашылар конкурсы болды. Сол байқауға Шамғон Қажығалиев, Нұрғиса Тілендиев, Рүстембек Омаров, Хабидолла Тастанов, Сейілхан Құсай­ынов, Ғылман Әлжанов, Әлмұрат Өте­ғұлов сияқты өте мықты домбырашы­лар қатысқан екен. Сонда бірінші орын­ды Шәкең алған ғой! Бұл оқиғаны көп адам біле бермейді. Мықтылықтың бір айғағы осындай! 
Шәкеңнің өзі де шебер домбырашы екеніне талай рет куә болдық. Айталық, оркестрде отырған кезімізде, бір адам күйдің кейбір тұстарын дұрыс тартпай отырса, Шәкең домбыраны қолына алып, «Қали ағамыз былай тартқан» деп өзі көрсетіп береді. Сондай сәттерде Шамғон ағаның домбыраны шебер тарта білетіндігіне тәнті болдық. Сол қолы пернеге жабысып қалған сияқты, оң қолымен әрбір ырғақты шегелейді! Сонда домбыра шанағынан күй әуені төгіліп жатады. Ал қобызшыларға кеңес бергенде, әдеттегідей қобызды дәстүрлі түрде ұстамай, скрипка сияқты ұстап, ойнап береді. Ол – скрипканы да шебер тартқан адам. Негізі, дирижердің өзі орындаушы болғаны ғажап-ақ! Ал қазақ оркестріндегі дирижер міндетті түрде домбыраны жақсы тарта білуі тиіс, өйткені оркестрде күй домбырамен, қобызбен орындалады. Өзге аспаптар толықтырушы қызметін атқарады. 

Шәкеңнің адами қасиеттері де бір бөлек еді. Ол қамқор, мейірбан, кең пейілді, сонымен қатар өзіне де, өзгеге де талап қойғыш болатын. Өтірік пен жалған сөйлеуге, жағымпаздыққа, жылтырақ пен көзбояушылыққа жаны қас болды. Кім болса да, шынын айтқанды, қандай күй тартсаң да, шынайы орындағанды жөн көретін еді. Көп сөйлегенді жаратпайтын. Өзінің ұстазы Қали Жантілеуов көп сөйлемейтін адам болған. Қандай жұмысыңды да іспен көрсетсең болғаны, одан басқа талап қоймайды.

Жалпы, өмірде түйгені мол, көп білетін адамдар тіршілікте ұсақ-түйекке аса мән бермейді. Шәкең, қазақша айтқанда, кесек турайтын ірі жан еді. Қашан да ұжымның береке-бірлігін сақтай білді.

Адамдарды сыйлау қабілеті ерекше болды. Сол қасиетімен ұжымға, аға толқын мен кейінгі буын жастарға үлгі бола білді. Адамдарды сыйлай білетін қа­сиеті болмаса, 50 жылдай оркестрді бас­қарып тұра ала ма?! 

Шамғон Сағаддинұлының жаны оркестрмен бір болды. Өзі барған жерге оркестрдің де барғанын жақсы кө­ру­ші еді. Бұл – өзінің ұстазы Ахмет Жұ­бановтан қалған тәрбие. Бір үлкен қа­лаға барғанда, үкіметтік концерт бо­лыпты, содан кейін банкетке Ахмет Жұба­новтың өзін шақырған да, оркес­тр-
ді шақырмаған екен. Сонда Ахаң: «Мен бармаймын», – депті. «Неге бармай­сыз?» деп сұрағанда, «Оркестр бар­маған жерге мен де бармаймын, ор­кестр керек жоқ жерге, мен де керек емеспін!», деген екен. Содан соң ол кісіні амалсыз оркестрмен қоса ша­қыр­­ған екен. 

Құрманғазы оркестрі шетелге де жиі шығып тұрғаны белгілі. 1975-1976 жылдары Италия мен Францияға бардық. Сонда бір стадионда Ермек Серкебаев ағамыз Фигароның опералық ариясын орындағанда мыңдаған көрермен айрықша ықыласпен қабыл алды. Шәкең мен Ермек аға, оркестр үшеуі бір адам сияқты үндестікпен өнер көрсетті. Ол енді бір ұмытылмастай оқи­­ға болды. Сол сияқты, Бибігүл Төле­ге­нова оркестрге қосылып, «Бұл­бұл­ды», «Гауһартасты» айтқанда, ғажап жа­ра­сымдылықты көретін едік. Ермек аға­мыз «Сұрша қызды», тағы басқа әндерді Құрманғазы оркестрімен айтса екен деп тұратынбыз. 

Шамғон Қажығалиевтің салып кеткен даңғыл жолы жалғасын табуда. Бүгінгі таңда Құрманғазы атындағы оркестрге Арман Жүдебаев дирижерлік етеді. Өзі консерватория бітірген, жігерлі, асқан талантты, мықты күй­ші жігіт. Оркестрдің директоры Нұр­ғиса Дәуешов те үлкен ұжымның қа­лып­тасқан дәстүрін сақтап, халықты өнер­дің кәусәр бұлағымен сусындата беру жо­лында еңбек етіп келе жатқанын айта кет­кеніміз жөн. 

Өзінің ізін басады деген үлкен ұлы Тілес өмірден ертерек кетті. Мәс­кеу­де оқыған, керемет өнер иесі бола­тын. Дарынды композитор болып қалып­та­сып келе жатыр еді. Амал қанша?.. 

Халқымыз «Орнында бар оңалар» деген. Шәкеңнің өнер керуенін екінші ұлы Нарын жалғастырады деп сенеміз. Қыз­дарынан тараған ұрпаққа да Шәкең­нің асыл қасиеттері даритыны анық.

Ендігі жерде Шамғон Сағадди­н­ұлы­­ның есімін ел есінде қалдыру мақ­са­­тында жүйелі жұмыстар жүргізілгені аб­зал деп ойлаймын. Алматы, Астана, Орал қалаларында Ш.Қажығалиев есі­мі бе­ріл­ген көше болса, қандай ға­нибет! Шәкең­нің атында өнер мек­теп­тері ашыл­са, орынды болар еді. Алматы қа­ла­сында Шамғон ағаның еңселі ескерткіші тұрса, қандай жарасымды болар еді?! Осыған мемлекеттік деңгейде мән беріліп, Үкімет, Мәдениет және спорт министрлігі, ұлтжанды азаматтар үн қосып, қолдау білдіріп, нақ­ты істер жүзеге асырылып жатса, ел­дігіміздің белгісі емес пе?! Бұған же­ке кәсіпкерлер де атсалысуына бола­ды. Осы бастаманы іске асырғандар ха­лықтың да ризашылығына бөленер еді, Шәкеңнің рухы да разы болатыны сөз­сіз. Шәкеңдей өнер иесі, дирижер ілу­де біреу! Ол – қазақ өнерінің бірегей тұл­ғасы. Сондай жандарды қадірлеп, пір тұтпасақ, болашаққа не деп барамыз?! 

Шамғон Қажығалиевтің өнегелі өмір жолынан, атқарған қыруар ең­бе­гінен кейінгі жастар үлгі алуы ке­рек. Ол – елге, халыққа адал қыз­мет ету­­дің үлгісін көрсетіп кеткен адам. Өнер­­ді қадірлейтін халқы бар­да, Шә­кең­­нің есімі ешқашан ұмы­тыл­май­ды, өйт­кені ол – ел жүре­гінде сақ­та­латын ки­елі өнер иесі.

Айтжан ТОҚТАҒАН, 
күйші-домбырашы, фольклортанушы, 
Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, профессор