Қазақстан • 22 Желтоқсан, 2017

Сана төріндегі саңлақ

813 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Ардагерлер кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, профессор 
Тоқсанға келсе де толдым-болдым демей, ғылымның босағасын тоздырған Құбығұл Бозайұлы Жарықбаевтың есімін білмейтін қазақ кемде-кем. 
Құбығұл Бозайұлы педаго­гика және психология ғылым­дарының докторы, профессор. Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері. 

Сана төріндегі саңлақ

1946 жылы Ақтөбе мұғалімдер инс­титутын және 1951 жылы ҚазМУ-ді бітірген. 1951-1958 жыл­дар аралығында Қызылорда педа­го­гикалық институтында ас­систент, 1958-1977 жылдар ара­лығында Шымкент педа­го­­­гикалық институтында аға оқы­­тушы, доцент, кафедра мең­ге­рушісі, 1977-1987 жылдары ҚазМУ-де доцент, кафедра мең­герушісі болды. 1987 жылдан ҚазҰУ-де профессор, 1998 жылдан Этно­педагогика және этнопси­холо­гия орталығының директоры қыз­меттерін атқарды. Сөйтіп ар­дақты әкенің құдайдан жалбарынып сұрап алған Құбығұлы да алты алаштан асып, арысы КСРО-дан әлемдік деңгейдегі аза­матқа дейін өседі. Айта салғанға оп-оңай осынау өмір жолының қыры мен сыры аз болған жоқ. 
Бірде «Қазақ әдебиеті» газетіне берген сұхбатында ағамыздың:

– Қазақтың психологиялық мұрасы өте бай. 1989 жылы Мәс­кеуде психологтардың Бүкіл­одақ­тық соңғы VII съезі болды. «Қазақстандағы психология ғылымының жағдайы туралы» баяндама жасадым. Сон­­да Ж.Ай­мауытовтың пси­хо­ло­гиядан бір­неше кітап жа­з­ға­нын айт­қа­нымда ғалымдар таң­данумен болды. Мен оларға әл-Фарабидің, Ж.Аймауытов пен М.Жұмабаевтың психологиялық көзқарастарын айтқанымда құрылтайға қатысқан ғалымдар тіпті сене қоймай, «Апыр-ай, сендерде психология секілді күрделі ғылым осындай деңгейге жетті ме?» деп күдіктенгендер де аз болмады.., – дегені есімізде. 

Қазақ психология ғылымына 70 жылдан аса қызмет еткен оның әлі де еш қажымай, биікке өрлеген рухы кісіні таң­дандырмай қоймайды. «Этно­психология ұлт тәрбиесінің өзе­гі», «Қазақстандағы ғылыми психологияның қалып­тасуы мен дамуы», «Жантану оқу­лығы», т.б. 60-тан аса жеке еңбек­тер, 1000-нан аса ғылыми мақала жазып көп кәдесіне ұсыну, 30-дан аса психологиялық және педагогика ғылымдарының докторлары мен кандидаттарын даярлау шын­дығында оңай еңбек емес. Ғалымның еңбектері бірер мақала түгіл, бірнеше томға жүк боларлық қисапсыз қазына. Бірнеше том демекші, Құбығұл еңбектері он томдық жинақ болып шығар күні де қашық емес.

Осылайша, біздің кейіп­кері­міздің бүкіл саналы ғұмыры қазақ­тың ұлттық психология ғылы­мын дамытуға, насихаттауға және жастардың санасына сіңіруге, оқу орындарында пән ретінде оқытуға жұмсалды.

Қазіргі қазақ жастарының батысқа еліктеуі, түрлі діни ағым­дар шырмауына ілігуі, азғындауы, қылмысқа бейім тұруы секілді келең­сіздіктің өршуінің өзі қазақ­тың ұлттық қасиетін санасына терең сіңірмеуден екенін Құбығұл ағамыз жан-тәнімен сезінді, түйді, түсінді, күрсінді, күңіренді. Адам психологиясының маңыздылығы жайында жағы талмай сөйледі, қарымы талмай жазды. 

«Ұлттық әдептану және жантану пәндері мектептен неге алас­­татылып жүр?» деген тақы­рыппен ұлт зиялыларына үн тас­тап, қабырғасы қайыса жүгір­ді. Ғылымға, ілімге жүгінді. Тәуел­сіздік алғаннан кейін ұлттық санамызды жаңғыртуға бағытталған жан айқайы еш үзілген жоқ. Бүгінгі «Рухани жаңғыру» аясында айтқанда, ғалым қаламгер осы бір сүбелі ойды өмір бойы қаузады. 

Қайраткер ғалым бір сұхба­тында:

– Әр ұлттың өзіндік мінез-құлқын, өзіндік табиғатын зерт­тейтін ғылымды меңгеру өр­кениеттің бір белгісі болса керек. Өркениетті деген Батыс, Шығыс елдерінің бәрінде ұлттық тәлім ежелден оқытылып келе жатқанын айтпай-ақ қояйық. Елі­мізбен тағдырлас Ресейде, Украинада, Өзбекстанда ұлттық психология пәні 1-11-сыныптарда негізгі пән ретінде оқытылып жатыр. Әсіресе, Украина мен Өзбекстанда бұл ғылымға ерекше көңіл бөлінуде. Жапония, Корея, араб елдерінің бүкіл тәлім-тәрбие өзегі ұлттық педагогика мен ұлттық психология екені әлемге белгілі. Сондықтан солар секілді, біз де қазақтың балаларына толыққанды білім мен тәрбие беру үшін мектепте қазақ педагогикасы ұстанымдары арқылы олардың санасына қазақтың ұлт­тық психологиясын сіңіру мақ­сатында оқулықтар жазуға қызу кіріскен болатынбыз, – деген еді. 

Осылайша ол ойға-қырға шап­қылап, күнді түнге, түнді күн­ге жалғап оқулықтар құрас­тырды, жазды. Елім деп емірене еңбектенді.

Әрине, қазіргідей жатжұрттық мәдени ағымдар өршіп тұрған кезеңде оларға қарсы тосқауыл қоюдың, ұлт болып қалудың негізі нақ осындай тәлім-тәрбиенің, жан тану, адам тану ғылымының өзегінде ғой. Сөйтіп, ұлттық психология әлемдік жаһанданудың аждаһасына жұтылудан қорғап қалатын бірден-бір қуатты құрал, кемелді қалқан екенін көрсете бас­тап еді. 

Алайда көп ұзамай еткен еңбек еш кеткендей, ғалым­дардың тұмсығы тасқа соғылды. Маң­дай тердің жемісі болған том-том оқулықтар мектеп бағдар­ламасына енгізілмей, «шаң басқан сөрелерде» қала берді. Содан бері ұлттық психология пәнін мектепке енгізе алмай сарылған талай-талай таңдар аунады. Бірақ Құбекең күдерін үзбеді. Қаламын тастамады, қажырын мұқалтпады. 

Өзгенің телпегін шелпек көр­гендер жат жұрттың психо­логиялық ілімін зерттеп, солардың әдіс-тәсілдерін насихаттауға үйір болып, түрлі еңбектер қорға­ғанымен Бозайұлының ұлт­жан­дылық ілімі арбасын доғар­мады, айылын босатпады.

– Сөйтіп ұлттық психология менің өмір бойғы дертім, арманым, жан дүнием болды. Міне, тоқсанға келдім.Енді қанша өмір қалды дейсіз менде. Барлық арманымды түйіндеп айтсам, төрт мәселе шешімін тапса деумен келемін. Сол үшін, күрестім, тірес­тім, іздендім, еңбектендім. Оның біріншісі – Қазақстанда психология факультетін ашу, екін­шісі – Этнопсихологиялық ғылыми-зерттеу институтын ашу, үшіншісі – Психологтар қоға­мын құру, төртіншісі – төл тілімізде оқулықтар мен ғылыми монографиялар жазып шығарып, мектептерде жаппай ұлттық психологияны балалар санасына сіңіріп тәрбиелеу. Ғұлама әл-Фарабидің «Тәрбиесіз білім умен тең» деген сөзі бар. Мектептерде ұлттық салт-сана оқушы санасына сіңірілмесе, ол қандай тәрбие болмақ!? – дейді ағамыз.

Кейде кеңестің сәті түскенде:

– Аға, қаншама еңбек еттіңіз, кітаптар жаздыңыз. Ұлт үшін ұлан-ғайыр қызмет қылдыңыз. Осы еңбектеріңіз үшін болса да Елбасына кіріп, мән-жайды түсін­дірсеңіз өзекті тескен ғылымға өзгеше жол қарастыруға болмас па еді?! – дейміз біз.

– Жоқ, ондайды қайтеміз біз. Еңбекті біреуге бұлдау үшін, атақ-абырой дәмету үшін жаз­бадық қой. Қайтеміз, өзімізді көр­сеткендей болып, – деп қара­пайымдылығынан жазбаған қал­пында ағынан ақта­рыла салады.

Кейбір адамдарда еңбегі сәл еленбей қалғандай күй болса то­қырау, шаршау, шалдығу бай­қалады. Тіпті өзін өзі жардан құлат­қандай күйзеліске тап болып, құрдымға құлайтындары бар. Құбығұл Бозайұлы болса өзінің адами келбетінен, қазақы қалпынан, ғылымға адалдығынан бір айнымайды. Оның басқан іздері ғылым адамына ғана тән қайсарлық пен қажырлылықты қанат қылған қайыспас тұлғаның даңғылын көрсетеді.

Осылайша, адамзат тарихында аты бар, қазақ психология ғы­лымының жарық жұлдызы – Құбығұл Бозайұлы Жарықбаев ғасырлық ғұмырын халқына арнап, әп-әдемі күйінде қарттықтың төріне шықты. Ең бастысы, ол төр – сана төрі. Сана төрі – ел мен жердің жүрек жылуының ал­тын мұнарасы. Көзі тірісінде өзі­нің асқақ мұнарасын өзі тік­теген ағамыздың 90-дағы тойына бәріміз де қызыға, қуана қарай­мыз. Ғылымның ғана емес қарттықтың да, адамдық бол­мыстың да өнегесін сомдаған аға­мыздың жылы жүзіне мейірмен қарасақ, одан мол шуақ көреміз.

Осындай мерекелі, берекелі күндерде Қазақстанның психология ғылымы өзінің 100 жыл­дығын атап өткелі отыр. Қазақ психологтарының қоғамы құры­лып, құрылтайын өткізді. Осы жұмыстардың кезінде Құбекең басшылық ететін «Мектептегі психология» журналы да дайын­дық жұмыстарына белсене қа­тысты. Аталған шаруалардың бәріне ақылшы, кеңесші болып, ұйымдастыру жұмыстарының бел ортасында бәйтеректей болып дара жүрген тағы да біздің Құбығұл ақсақалымыз болды.

Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ