Аймақтар • 22 Желтоқсан, 2017

Қостанайда облыс әкімінің кубогы үшін жайдарманшылар ойыны өтті

436 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанайда облыстық Жастар ресурсы орталығы мен облыстық Жастар саясаты жөніндегі бас­қар­маның ұйымдастыруымен облыс әкімінің кубогы үшін жайдарманшылар ойыны болып өтті. 

Қостанайда облыс әкімінің кубогы үшін жайдарманшылар ойыны өтті

Жайдарман көңілді тапқырлар командасының Қостанай облысына «жақындығы» бар. Қалай дерсіз? 2010 жылдан облыс­та Жай­дарман КТК-нің ресми ашық ли­гасы ырғақты өткізіліп, ол рес­публикалық телелигасының соңғы сатысына дейін жетіп, оны кө­рермендер Qazaqstan телеарнасынан жақсы білетін. Көптеген командалардағы әзілкештер Қос­танай әзіл мектебінің түлектері десе болады. Жайдарман лигасы құ­рылғалы жеті жылда оған 100 команда қатысып, олардың арасынан 15 команданың асығы алшысынан тұрып, телевизиялық ойынға шақырылды. Солардың көпшілігі, мысалы, Арқалық қаласынан «Ару KZ», Қостанай инженерлік-эко­номикалық университетінің «Жаңа ғасыр», Ы.Алтынсарин мек­­тебінен «Дарын құрамасы», ІІМ Қостанай академиясынан «Іш­кі істер құрамасы» бүгінге дейін рес­­публикалық КТК сахнасында облыс абыройын асырып жүр. 
Қостанай облысы әкімінің кубогы үшін өткен ойынға осы атал­ған командалармен қатар Ақ­тө­беден «Фемида», Астанадан «Тұран» және Петропавлдан «Бес жаңа­лық» қатысты. Оны Қазақ­стандағы Көңілді тапқырлар командалары одағының президенті Есен Елеукен жүргізді. Сахна­дағы командалардың бәрі де ұтым­ды әзілімен қостанайлық көрер­мендерді риза етті, олар беделді қазылар алқасы мен көрерменге ұнау үшін барын салды деуге болады. Дегенмен, жарыстың аты – жарыс. Жеңіс ақтөбелік «Фе­миданың» қанжығасында кетті. Оларға облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев 300 000 теңгенің сер­тифи­каты мен Қостанай облысы әкімінің кубогын тапсырды. «Да­рын құрамасы» командасының мүшесі Таңшолпан Темірлан ең үздік актриса деп танылды. Ол 50 000 теңгенің сертификатын алды. 

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ