Қазақстан • 22 Желтоқсан, 2017

Солтүстікқазақстандық өнерпаздар Германиядан табыспен оралды

243 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанның Германия Федеративтiк Республикасындағы елшiлiгінің шақыруымен облыстық филармонияның әртістері Берлин, Франкфурт қалаларына гастрольдық сапармен барып  қайтты.

Солтүстікқазақстандық өнерпаздар Германиядан табыспен оралды

Екі ел арасында дипломатиялық қатынастың орнағанына 25 жыл толуына орай ұйымдастырылған мәдени іс-шара аясында Еуропа  төрінде Құрманғазының, Тәттімбеттің күйлері ойналып, Балуан Шолақтың, Ақан серінің, Үкілі Ыбырайдың әсем әндері әуелете  шырқалды. Ұлттық салт-дәстүрлеріміз кеңінен таныстырылды.  Осылайша Франкфурт пен Берлиннің сахнасында өнер көрсеткен облыстық филармонияның әртістері  гастрольдық сапардан ерекше көңіл-күймен оралды.

«Германия Федеративтік Республикасындағы Қазақстан елшілігі мен облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттамалар басқармасының қолдауымен гастрольдық сапар барысында неміс халқына өз өнерімізді көрсетіп, мәдениетімізді паш еттік. Өнер дейтін құдіреттің арқасында ондағы жұртқа ұлттық болмыс-бітімімізді танытуға тырыстық. Жоғары деңгейде өткен мәдени шараны неміс ағайындар ыстық  ықыласпен қабылдады,» дейді дәстүрлі әнші Біржан Есжан. Облыстық филармонияның әртістері, күйші Асхат Ғалеев, қылқобызшы Айдос Ақылбеков, прима қобызшы Айғаным Маханбетова да Еуропа төрінде өнер көрсетіп келді.

Германияда қазақтың әнін қалықтатып, күйін күмбірлеткен жерлестерімізге Мәдениет және спорт министрінің Алғыс хаты табыс етілді.

Бүгінгі күні  «Әдемі-ау» қазақ би ансамблі  Біріккен Араб Әмірліктеріне гастрольдік сапарға дайындалуда. Ол жақта  өтетін халықаралық фестивальға ауқымды бағдарлама ұсынбақ.

Сөз арасында «Әлқисса»  фольклорлық-этнографиялық ансамбльдің  Аспан асты еліне сапарлап бара жатқанын айта кеткен жөн.

Өмір Есқали,

«Егемен Қзақстан».

Солтүстік Қазақстан облысы