Президент • 22 Желтоқсан, 2017

Нұрсұлтан Назарбаев балаларды Жаңа жыл мерекесімен құттықтады

704 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев балаларды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

 

Нұрсұлтан Назарбаев балаларды Жаңа жыл мерекесімен құттықтады

«Қымбатты балалар! Баршамыз асыға күтетін жарқын мереке - жаңа жылға санаулы күндер қалды. Мен сендерді келе жатқан жаңа жылмен шын жүректен құттықтаймын! Бұл сендердің мерекелерің - қызықты сәттердің, ертегілер мен сыйлықтардың кезі. Барлығың жақсы оқып, спорттық жетістіктерге жетіп, қайырымды істер жасап, жаңа жылдық мерекеге еңбек сіңірдіңдер деп ойлаймын. Жаңа жылда бәрі басқаша болады, жаңа табыстарға қол жеткізіп, жаңа білімді игересіңдер. Бұл ретте отбасыңа деген махаббатты, достарға деген адалдықты, ұстаздарға деген құрметті және еліңе деген сүйіспеншілікті сақтап қалу керек», - деді Н.Назарбаев елордадағы Оқушылар сарайында өткен «Асқақ ордам - Астана» Жаңа жыл мерекесіндегі бейнеқұттықтауда.

Президент балалар үшін барлық мүмкіндіктердің қолжетімді екенін ерекше атап өтті. «Біздің еліміз жылдан-жылға қарыштап дамып, сендерге ғаламат болашақ сыйлау үшін жаңа мақсаттарды бағындырып келеді. Дәл осы уақытта өсіп келе жатқан сендер - бақытты ұрпақсыңдар. Сендер үшін барлық жол ашық, бар армандарың орындалады. Айналайын балалар! Жаңа жылда бәріңе мол игілік пен жарқын болашақ тілеймін. Балалық шақтарың базарлы, өмірлерің ажарлы болсын! Жаңа жылда армандарың орындалып, Тәуелсіз елімізбен бірге өсіп-өркендей беріңдер», - деді Президент.

Айта кетейік, елордадағы Оқушылар сарайында өткен мерекелік бағдарламаға ертегі әлеміндегі кейіпкерлердің қатысуымен шоу-қойылымдар өтті. Шараға 200 бала қатысты.