Қазақстан • 25 Желтоқсан, 2017

Балаларды қорғауға кімдер жәрдем бере алады?

402 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда балаларға қарсы жасалатын зорлық-зомбылық бүкіл әлемде үлкен проблема болып отыр. Қазақстан да бұл мәселеден тыс қалмауда. 

Балаларды қорғауға кімдер жәрдем бере алады?

Атап айтқанда, 2017 жылдың 9 айында өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда педофильдік бағыттағы түрлері артып отыр, соның ішінде кәмелетке толмағандарды зорлау 33 пайызға және басқа да жыныстық сипаттағы қылмыстар үлесі 31 пайызға артқан. Ал санына келетін болсақ биылғы есеп әлі толық емес, ал 2016 жылы осы қылмыстардан 180 бала мен жасөспірім зардап шеккен. Бұл – алаңдатарлық жағдай. 

Мұндай тағылық қылмыстар үшін ату жазасын берсе де артық болмас еді. Бірақ бізде оны қолдануға мораторий жарияланған. Алайда 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін «Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау туралы» Кодекске енгізілген өзгертулер мен толықтыруларға сәйкес, педофильдерге химиялық жолмен кастрация жасауға рұқсат беріледі.

Осы Кодекстің 103-1-бабының 2-тарма­ғына сәйкес Денсаулық сақтау министрі 2017 жыл­дың 15 маусымында химиялық жолмен кастрация жасау әдістерінің тәртібін бекітті.

Тәртіпке сәйкес, химиялық жолмен кастрация жасау педофильдердің қылмыстық жазасын өтеу орындарындағы медициналық орындарында жасалады. Сонымен бірге қылмыскерге амбулаториялық және психологиялық көмек те көрсетіледі.

Осыған орай Қазақстан Республикасындағы бала құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл ретінде менде бірнеше сұрақ туындайды. Осы норманы орындайтын денсаулық сақтау жүйесі органдары мен қылмыстық атқару жүйелерінің дайындық деңгейі талапқа сай ма? Егер қылмыскерге кастрация жасау жұмысы бас еркінен айрылған орындарда іске асырылады десек, бұрын осындай қылмыстар жасап, түрмеге отырып шыққандарға қарсы бұл жаза қалай қолданылмақ? Өйткені, ондайлар бостандықта жүріп тағы да осындай қылмыс жасауы мүмкін ғой. Олай болса, балаларымызды мұндай азғындардан қалай қорғаймыз? Қандай мемлекеттік органдар бұл іске атсалысып, балаларды қорғауға жәрдем бере алады?

Міне, осы сұрақтарды мен Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың атына депу­таттық сауал шеңберінде қойып, жауап беруін өтіндім. Оған кейбір әріптестерім де қолдап, қолдарын қойды.

Зағипа БАЛИЕВА,

Мәжіліс депутаты,

Балалардың құқын қорғау жөніндегі уәкіл