Кәсіпқой бокс • 25 Желтоқсан, 2017

Батыржан Жүкембаев: Белбеу үшін таласатын күн алыс емес

273 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазақ бокс мектебі бүгінде әлемдегі ең мықтылардың қатарынан саналады. Кәсіпқой бокста да қазақтардың саны уақыт өткен сайын көбейіп, нәтижелері де жақсарып келеді. Солардың бірі – Канада елінде жаттығып, жекпе-жек өткізіп жүрген кәсіпқой боксшы Батыржан Жүкембаев. Жамбыл облысының тумасы бүгінге дейін 11 кездесу өткізіп, тоғыз жекпе-жегінде қарсыласын мерзімінен бұрын жеңсе, екеуін ұпай саны бойынша ұтты. Жуырда Батыржан Канадада Давид Лемье мен Билли Джо Сондерстің андеркартында шаршы алаңға шығып, америкалық Уилберт Лопесті ұпай саны бойынша жеңді. Аталған жекпе-жектен кейін боксшымен әңгімелесудің сәті түскен еді. 

Батыржан Жүкембаев: Белбеу үшін таласатын күн алыс емес

– Батыр, сұрағымызды соң­ғы өткізген жекпе-жегіңнен бас­­та­сақ. Нәтижеге қарасақ, сен үшін қиын болған секілді. Қар­сы­ласың да өте тәжірибелі. Жекпе-жек туралы толық айтып берсең?

– Соңғы жекпе-жегім өте жо­ғары деңгейде өтті. 8 раундқа жос­парланған еді, соңына дейін жұдырықтастық. Уилберт Лопес өте тәжірибелі, шыдамды бокс­шы екен. Бірінші раундтан соңғы раунд­қа дейін соққының астына алсам да, нокаутқа жібере ал­ма­дым. Бірақ 8 раунд бойы жан­күй­ерлерге өзімнің жақсы қыр­ларым­ды көрсете алдым деп ойлай­мын. Бұл жекпе-жек маған тәжіри­бе болды. Ұпай саны бо­йынша жең­генімнің өзі үлкен жеңіс деп есеп­теймін. Жалпы, Лопес маған дейін өте мықты боксшы­лармен жұдырықтасып, әбден шыңдалғаны көрініп тұрды. Ол осы жылдың мамыр айында отандасымыз Геннадий Головкинмен бірге Биг Беарда және Абель Санчестің қол астында жаттығатын Алекс Сауседомен (26-0, 16 КО) кездесу өткізіп, төрешілердің шешімі бойынша ғана жеңілген. Сондай-ақ Эммануэл Роблес (15-1-3), Хуан Руис (20-0-1) және Иван Баранчик (17-0) секілді мықты боксшылардан да ұпай саны бойынша ұтылған.

– Бұған дейінгі 10 жекпе-жегің­нің тоғызын нокаутпен аяқтаған едің. Бұл жолы қар­сы­ласыңды нокаутқа жібере ал­мауыңа не кедергі болды?

– Меніңше, бұл жерде қар­сыластың деңгейі әсер етті. Лопес соққыға шыдас бере алатын бокс­шы екен. Бірнеше рет анық және ауыр соққы жасаған болатынмын, бірақ ол төзімділік көрсетті. Ол бұрынғы жекпе-жектеріне қара­ғанда маған өте ерекше дайындалып келгені көрініп тұрды.

– Қазақстандық жанкүйер­лер сенің рингке шығар кездегі киі­міңді талқылап жатыр. Әдет­те ринг­ке шапанмен шыға­тын едің. Шапан­ның орнына қазақ батырларының сауы­ты іспетті жейдемен не үшін шықтың?

– Иә, бұған дейін қазақтың ою-өрнегі бейнеленген шапанмен шығатын едім. Осы жекпе-жегіме аздаған өзгеріс жасап, бір жағынан қазақ батырларының киімімен шығып көрейінші деген ой болды. Киімнің сызба нұсқасын командамызбен ақылдасып, жобасын жасап шықтық. Ал екінші жағынан өзімнің есімім Батыр болған соң, атым затыма сай болсын деп рингке қазақ батырларының сауыты іспетті жейдемен шыққанды жөн көрдім. Сондай-ақ өздеріңіз білетіндей, кәсіпқой бокста таны­малдылыққа имидждің де әсер ететінін білесіздер. Сондық­тан осындай қадамға бардым.

– Кәсіпқой бокстағы нокаут­тарыңды көрген жан­күйер­лер әлеуметтік желілерде сені Ген­на­дийдің болашақ ізба­сары деп жатыр. Қателеспесем, әуес­қой бокста да нокаутер болдың емес пе?

– Әуесқойлар арасында­ но­­кау­тер болдым деп айта ал­май­мын. Шама-шарқымша жұды­рықтастым, жеңуге тырыстым. 2010 жылы ел чем­пио­натында үшін­ші орын алып, ұлттық құра­ма сапына алын­­ғанмын. Бі­рақ ел іші болмаса, сырттағы халық­аралық ірі турнирлерде топ жара алмадым. Рас, кәсіпқой бокста жанкүйерлер танып, әлеумет­тік желілер­де өздерінің тілектестігін білдіріп жа­тыр.

– Әуесқой бокста жүріп, әлем чемпионатына немесе Олимпия ойындарына қатысуға неге ты­рыс­падың?

– Ұлттық құрамада бірінші нөмір немесе екінші нөмір болмаған соң төрт жылда бір келетін Олимпиаданы немесе екі жыл сайынғы әлем чемпионатын күтіп жүре беруге үлкен шыдам керек. «Генерал болуды армандамаған солдат – солдат емес» дейді ғой, сол секілді Олимпиаданы бағындырғысы келмейтін боксшы жоқ. Барлық боксшының арманы – Олимпиада чем­пионы болу, еліміздің Көк туын көкке көтеру. Бірақ ұлт­тық құрамада бірінші нөмір бол­ма­саң, бәрі бекер. Сол себепті кәсіп­қой боксқа ауысуға шешім қабыл­дадым.

– Кәсіпқой бокстағы карье­раңды неге АҚШ-та, Еуропада емес, Канада елінде бастадың? Жал­пы, басқа елдерден ұсы­ныс түсті ме?

– Негізі, әуелгі ойым АҚШ-қа бару болатын. Қанша дегенмен кәсіпқой бокстың қызып тұрған нағыз ортасы ғой. Сол жақтың промоутерлерімен сөйлесіп, визамды да реттеп, АҚШ-қа бару ниетінде жүргенмін. Сол арада Кана­дадағы «Eye of the Tiger Mane­gement» промоутерлік компаниясынан ұсыныс түсіп, әуесқой бокстағы видеоларым­ды сұратты. Барлығын жібер­дім, өздері қарап, саралап, соңында маған ұсыныс жасады. Келісімшарттың барлық бөлім­дері көңілімнен шықты. Көп ойланбастан келісім беріп, промоутер Камиль Стефан ұсын­ған келісімшартқа қол қойдым. Ешқандай көрілімде, қаралымда, спаррингте болмай, бірден келі­сімге отырдық. Бар себебі осы.

– Кәсіпқой бокста «777» деген лақап атыңмен танылып ке­ле жатырсың ғой «777» саны қан­дай мағына береді?

– Әлем халықтарының көп­шілігі қашаннан жеті санын кие тұтады. Ата-бабаларымыз да жеті санын қасиеті санаған. Мысалы, бала кезімізде анам жеті шелпек пі­сіріп, көршілерге тарататын. Әкем жеті атасын білмеген жетесіз деп, жеті атамды жаттатқызды. Ме­к­тепте тарих сабағынан әз Тәу­кенің «Жеті жарғысын» оқы­дық. Айта берсек мысал көп қой. Осыдан кейін жеті санының қа­сиетін түсіне бастадым. Ұялы телефонымның нөмірін жеті санымен байланыс­тырдым. Көлік алғанда 7 саны бар нөмір іздедім. Сол секілді, өмірімнің көп тұсы жеті санымен байланысып кетті. Кәсіпқой боксқа ауысар тұста өзім құрметтейтін, сыйлайтын ағаларыммен дәмдес болып қалдым. Әңгіме арасында сол кісілер «кәсіпқой бокста үш жеті лақап атымен шықсаң қалай болады?» деп ұсыныс тастады. 7 санын әуелден қастерлейтін маған бұл ұсыныс таңсық болған жоқ. Бірден келісе кеттім. Сөй­тіп, ағаларымның ұсынысы мен өзімнің қалауым арқасында кә­сіпқой бокста «777» атымен таныла бастадым.

– Канада халқы­ның өмір салты, спорт­қа деген қызы­­ғу­шы­лығы қа­лай?

– Канаданың Кве­бек қаласында тұ­рып жатқаныма екі жа­рым жыл болып қал­ды. Бұл жақта бәрі жақсы. Адамдары да біз секіл­ді қонақжай, бөтенсімей жақсы қабылдады. Сол үшін оларға алғыс айтамын. Біраз жаңа достар таптым. Біздің елде нөмірі бірінші спорт бокс болса, канадалықтар үшін – хоккей спорты. Хоккей жақсы дамыған. Спортқа деген көзқарастары да жақсы. Меніңше, Канадада хоккей нөмірі бірінші спорт болса, екінші орында кә­сіп­қой бокс деп есептеймін. Өйткені біз өткізген жекпе-жектерге жанкүйерлер көп жиналады. Қызығушылық өте жоғары.

– Жалпы, кәсіпқой боксшылар қалай жаттығады екен? Бір күндік жаттығуың қалай өтеді?

– Әуесқой бокс пен кәсіп­қой бокс жаттығуларының айырмашы­лығы баршылық. Кәсіпқой бокс­шылар әдеттегідей күніне екі мезгіл жаттығады. Дүйсенбі-жұма күндері екі мезгіл, сенбі күні бір мезгіл жаттығамыз. Жексенбі – демалыс күні. Әр жаттығуымыз 3-4 сағатқа созылады. Бір ерекшелігі, екі жаттығуды екі бөлек бапкер өткізеді. Таңертең физикалық жат­тығуға көңіл бөлеміз, кешкі жат­тығуда жеке бапкерім Стефан Ла­рушпен бірге «лапа» ұрамыз, «қап» соғамыз, спарринг-жаттығу жа­саймыз.

– Әлемдік boxrec.com сайтында өз салмағың бойынша (63,5 ке­лі) қазақ боксшылары арасында бірінші, әлем боксшылары ара­­сында ТОП-50 боксшының қата­рына ендің. Құрлықтық бел­беу­лерге (wba, naba, wbo-nabo, intercontinental) шығуға қанша­лықты мүмкіндік бар?

– Құдай қаласа, келесі жылдан бастап қай тұжырым бойынша белбеулерге шығатыным белгілі бо­лады. Асығыстық жасаудың қа­жеті жоқ. Жақында ғана бұл туралы промоутеріммен сөйлесіп, ақылдасқан болатынбыз. Белбеу үшін жекпе-жек өткізетін күннің ауылы алыс емес.

Әңгімелескен

Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»