Әлем • 25 Желтоқсан, 2017

Гватемала Израильдегі елшілігін Иерусалимге көшірмек

335 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Гватемала президенті Джимми Моралес Израильдегі өз мемлекетінің елшілігін Тель-Авив қаласынан Иерусалимге ауыстыру туралы шешім қабылдады.

Гватемала Израильдегі елшілігін Иерусалимге көшірмек

Facebook парақшасында Моралес бұл шешім Израильдің премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен сөйлескеннен кейін қабылданғанын жазды.

Өткен аптада Гватемала БҰҰ-ның қарарына қарсы дауыс берген БҰҰ-ға мүше 7 елдің қатарында болды. БҰҰ тарапы АҚШ-қа Иерусалимді Израиль астанасы ретінде мойындау туралы шешімін қайта қарауды талап еткен болатын.

АҚШ Израильдің 1948 жылы өз алдына жеке мемлекет болып құрылғанынан бергі Иерусалимді астанасы деп мойындаған алғашқы мемлекет.

БҰҰ-ның Бас ассамблеясы 21 желтоқсан күні Иерусалимді Израиль астанасы ретінде мойындамау туралы қарар қабылдады. Бұл қарарға АҚШ, Гватемала, Гондурас, Израиль, Маршалл Аралдары, Микронезия, Науру, Палау және Того елдері қарсы шықты. Ал 128 мемлекет БҰҰ-ның қарарын қолдады. Сондай-ақ, 35 мемлекет дауыс беруден қалыс қалды.

Қарарда АҚШ туралы сөз қозғалмаған. Алайда, Иерусалим туралы барлық шешім тоқтатылуы керек екені айтылған. Мәтінде қала мәртебесіне қатысты кез келген шешім жарамсыз деп танылуы керектігі көрсетілген.

АҚШ тарапы доллар арқылы жазаламақ

Бірнеше күн бұрын, яғни 20 желтоқсанда АҚШ президенті Дональд Трамп БҰҰ-ның шешімін қолдаған мемлекеттерге қаржылай көмек көрсетуді тоқтатанын айтып қорқытты. Ал Гватемалаға қаржылай қолдау көрсетіп отырған бірден бір мемлекет.

«Олар бізден жүздеген миллион, тіпті миллиардтаған доллар ала отырып, бізге қарсы дауыс береді. Мейлі, өздері білсін. Енді үнемшілдікке көшетін болатынбыз. Бізге бәрі бір», – деді АҚШ президенті.

Дональд Трамп бірер апта бұрын Иерусалимді Израиль астанасы ретінде мойындап, АҚШ елшілігін Тель-Авив қаласынан Иерусалимге көшіру туралы шешім қабылдады. Трамптың сөзінен кейін Газа секторында қақтығыс болып, ондаған адам жарақат алды. Өз кезегінде араб елдерінің басшылары аймақтағы жағдайды шиеленістірмеу үшін Трампқа бұл шешімін әзірге тоқтата тұруын сұраған. Ал Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Иерусалимді қайта Палестина астанасы ретінде мойындауға шақырды.

АҚШ президенті елшілікті көшіру ісін алты айға шегерді. 1995 жылы конгресс елшілікті көшіру туралы шешім қабылдағалы бері АҚШ президенттері бұл құжатқа әр 6 ай сайын қол қойып келеді.

Өз кезегінде Израиль премьер-министрі Беньямин Натаньяху Ашдод қаласында сөйлеген сөзінде: «БҰҰ қаласа да, қаламаса да Иерусалим Израиль астанасы болып есептеледі», деді.

Иерусалим мәртебесі – Израиль мен араб елдері арасындағы даулы мәселенің бірі. Израильдіктер Иерусалимді өз елінің астанасы деп есептесе, палестиналықтар Шығыс Иерусалимді болашақ мемлекетінің бас қаласы ретінде көреді.

Дайындаған Аян ӘБДУӘЛИ, «Егемен Қазақстан»