Бағдарламалар • 25 Желтоқсан, 2017

Таразда «Бір кітапты бір мезгілде оқу» акциясы өтті

755 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының негізінде «Рухани қазына» кіші бағдарламасының «100 кітап» жобасы аясында Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде «Бір кітапты бір мезгілде оқу» акциясы өтті. Тараз қаласындағы Д.Қонаев атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасы ұйымдастырған шара барысында талқылауға Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қамар сұлу» романы таңдалды.

Таразда «Бір кітапты бір мезгілде оқу» акциясы өтті

Әдеби шараға Тараз қаласындағы мектептердің әдебиет пен тіл мамандары, белсенді оқушылары қатысып, шығарма төңірегінде пікір білдірді. Сонымен қатар аталған кітапхана ди­ректоры Гүлфайруз Іңкәрбекова, Тараз инновациялық-гуманитарлық уни­вер­ситетінің аға оқытушысы Мең­дібай Әбіловтер қазақ әдебиетінде айтулы орны бар шығарма төңірегінде ой бө­лісті. Ақынның «Адасқан өмір», «Кедей» шығармалары жөнінде де бір­қатар пікірлер айтылды.

Шара барысында тіл маманы Жұ­мағали Маханбетов «Қамар сұлу» романындағы кейіпкерлер даралығына байланысты ойын айтса, Әнел Алтын­бекова, Әйгерім Райысова сынды мектеп оқушылары шығармадан үзін­ділер оқыды. ХХ ғасыр басындағы қазақ даласындағы әйел теңсіздігін, әділетсіздікті арқау еткен шығармадағы Ахмет пен Қамар бейнесі көпшілікті бейжай қалдырмады. Екі жастың ара­сындағы іңкәр сезім арқылы өрілген шы­ғарма шындығы жайлы да көпшілікке мәлімет берілді.

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы