Қазақстан • 25 Желтоқсан, 2017

Фототілші Жақсылық Тұрлыбеков «Мәдениет пен өнерге қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды

380 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

О баста өзіне өлшеусіз ынтықтырған өнерді жансерігіндей көріп балаң жастығынан серік еткенде осы аппаратқа ғұмыры байланатынын да ойлаған жоқ екен. Баянауыл сияқты табиғаты ғажап өңірде дүниеге келген Жақсылық Тұрлыбековтың кәсиби маман ретінде   фотоөнермен өрілуі тағдыр жазуы шығар. Алматы қалалық әкімдігінде өткен шарада  ТМД елдерінің Парламентаралық ассамблеясы кеңесінің төрағасы Валентина Матвиенконың «Мәдениет пен өнерге қосқан үлесі үшін» төсбелгісін салтанатпен тапсыруы үлкен мәртебе болды. 

Фототілші Жақсылық Тұрлыбеков «Мәдениет пен өнерге қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды

Алғаш рет Нағашы ағасының фотоаппаратқа әуестігі балалық қиялын оята білді. Ол кісі  кезінде соғысқа қатысқан, полковник шеніндегі әскери  адам болатын. Шағын фотоаппаратының жөн-жосығын үйретіп, арманшыл жастың болашаққа машықтандырып, үлкен іске бағыт сілтегендей еді. Алабұртқан бала көңіл айналадағы табиғаттың таңғажайып тылсымын мойнына асқан кішкентай «Зениті» үйіріп әкеліп алдына тастайтын таңғажайып сәттері  кейінгі сапалы да сәнді EOS 5D Mark 11 аппаратын қолданатын кезеңге дейінгі уақыттың аралығындағы ұзақ жылдар әлетінде өмір иірімдері не көрсетпеді. Алғаш 1970 жылы Қарағанды қаласындағы фотографтар дайындайтын училищені бітіріп, еңбекке араласқан жылдары жастықтың  жалынымен өршіл рухтың екпіні жастық  әсерімен арманшыл жас Алматы кино техникумын аяқтайды. Осы техникумның зертханасында  меңгеруші болып, қызмет атқарады. Содан кейін Павлодардағы педагогикалық  институтының филология факультетінде оқып, фототілші қызметіне белсене кірісті, кешегі Жоғарғы кеңестің, Алматыдағы Парламент фотостудиясында  шетелдермен байланыстағы «Достық» қоғамында, «Хабар» телеарнасында, «Түркістан», «Егемен Қазақстан» газеттерінде фототілші болып туған жердің төсін шарлады. 1991 жылы Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшқан кезде тұңғыш ғарышкеріміздің көкке көтерілу сәтіне куә болғанымды өзіме ерекше мақтаныш көремін, – дейді толқып Жақсылық аға айрықша сезіммен, тарихына, мәдениетіне үңілген адам ғана елдің руханиятын көтереді. 1995 жылы Семейге жол түсіп, Абай жерінде Ұлы ақынның 150 жылдық мерекесін көзбен көріп, салтанаттың айрықша сәттерін суретке түсіріп алудың керемет кезін көрсету мүмкіндігі туғанына қуанамын. Кейіннен Парижде болған сапарымда Мұхтар Әуезовтың 100 жылдық мерейтойына қатысқанымда, сол делегацияның құрамында айтулы ағалар болғаны ұмытылмайтын кездер дер едім. Мәселен, Шыңғыс Айтматов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Олжас Сүлейменов, Сәкен Жүнісов, Айман Мұсақожаева, Мұрат Әуезов, Қаршыға Ахмедияровтардың болуы, әрқайсысының ілкім сәттерін суреттерімде бейнелей алу да мен үшін айтып жүретін сырлы сәттер болып қала береді.Сол кезде ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде арнайы фоторепортаждар түсірдім, – дейді Жақаң әңгіме арасында. Бүгінде бұл жұмыстар Мұхтар Әуезов музей-үйінде сақтаулы тұр.

Тәуелсіздіктің  20 жылдығы қарсаңында Астанадағы Тәуелсіздік сарайында үлкен көрме өткіздім. Сондай-ақ, осыдан үш жыл бұрын, 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күніне орай Алматыдағы Республика сарайында Елбасыға арналған арнайы көрме өткізді. Уыздай ынтықтырған өрнектер әлемі Жақсылықты жақсы  ізденістерге бастай беретіндей.

Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ