Парламент • 25 Желтоқсан, 2017

Қ.Тоқаев Сенаттың 2017 жылғы жұмысын қорытындылады

268 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сенат Бюросының отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев Палатаның 2017 жылғы жұмысын қорытындылады. Төраға депутаттардың заң шығару жұмыстарына оң баға беріп, қоғамда зор ықылас туғызған парламенттік тыңдаулар, дөңгелек үстелдер мен кездесулердің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті, деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі.

Қ.Тоқаев Сенаттың 2017 жылғы жұмысын қорытындылады

Сенат Төрағасы Мемлекет басшысының ІІІ сессияның ашылуында айтқан тапсырмаларын депутаттардың орындағанын және біздің елімізге аса маңызды кодекстер мен заңдар қабылданғанын айтты. Олардың қатарында Салық, Кеден және Жер қойнауы кодекстері, үш жылдық бюджет, құқық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғырту, ақпарат және коммуникациялар туралы заңдар бар. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске түзетулердің топтамасы енгізілді.

Қ.Тоқаев сенаторларды қабылданған заңнамалық актілердің мазмұны туралы жұртшылықты хабардар ету үшін 2018 жылғы қаңтардың басына белгіленген ел аймақтарындағы түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізуге шақырды.

Бюрода Сенаттың 2018 жылға арналған Негізгі шаралар жоспары бекітілді. Депутаттар алдағы жылы Президент Н.Ә. Назарбаевтың жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауын іске асыруды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыратын болады. Сенатта «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексін іске асыру барысына, Қазақстан экономикасын дамытудағы банк секторының рөліне, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының орындалуына, сондай-ақ құқық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғырту тақырыбына арналған парламенттік тыңдаулар ұйымдастырылады.

Палатада заң шығару процесін жетілдіру мәселелері туралы; 2017 жылғы 22 қыркүйекте өткен орта білім беру жүйесінің проблемаларына арналған парламенттік тыңдаулар ұсынымдарын іске асыру нәтижелері бойынша; еліміздің «Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасының орындалуы туралы үкіметтік сағат отырыстарын өткізу жоспарланды.

2018 жылы Сенат комитеттері еліміздің әр аймағында 15 көшпелі отырыс өткізетін болды. Одан басқа, заңнаманы жетілдіру, мемлекеттік және жекелеген салаларды дамыту бағдарламаларын іске асыру мәселелері бойынша депутаттардың мемлекеттік органдар мен басқа да ұйымдардың басшыларымен 15 кездесуі мен 13 дөңгелек үстел өткізу Жоспарға еніп отыр.

Парламентаралық ынтымақтастықты нығайту Сенат қызметінің маңызды бағыты болып табылады. Депутаттар халықаралық парламентаралық құрылымдардың және шет мемлекеттердің заң шығару органдарымен өзара іс-қимыл жөніндегі жұмыс топтарындағы жұмыстарға қатысады.

Палатаның халықаралық қызметі сенаторлардың 2018 жылғы қазан айында өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VI Съезіне қатысуымен көрініс табады.

Сенат Бюросы 2017 жылғы 28 желтоқсанға белгіленген Палата отырысының күн тәртібіне Түрікменстанмен стратегиялық әріптестік туралы шартты; Қазақстан-Түрікмен мемлекеттік шекарасын шегендеу туралы келісімді; Қазақстан мен Ирландия арасындағы Табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау туралы үкіметаралық конвенцияны ратификациялау туралы заң жобаларын енгізу ұсынылды. Отырыста сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы», «Жәбірленушілерге өтемақы қоры туралы» заң жобалары мен бірқатар заңдарға ілеспе түзетулер, сондай-ақ «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарау көзделіп отыр.

Бюрода Мәжілістен түскен заң жобалары Сенаттың тұрақты комитеттеріне бөлініп берілді. Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті Әзербайжанмен халықаралық автомобиль қатынастары туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы бойынша бас комитет болып белгіленді. Ирландиямен және Үндістанмен табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау туралы екіжақты келісімдерді ратификациялау туралы заң жобалары Қаржы және бюджет комитетіне тапсырылды.