Президент • 25 Желтоқсан, 2017

Универсиададан соң қысқы спорт түріне қызығушылық 60 пайызға артқан – Н.Назарбаев

262 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы жыл қорытындысы бойынша отандық медиа өкілдеріне сұхбат берді. Кездесуде «ЭКСПО-2017» көрмесі мен оның ел экономикасына қалай әсер еткендігі сөз болып, еңбек миграциясы, «жасыл» экономика, «Цифрлы Қазақстан», «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобаларының мән-маңызы айтылды.

Универсиададан соң қысқы спорт түріне қызығушылық 60 пайызға артқан – Н.Назарбаев

Жиын барысында Елбасы Алматыда өткен 2017 жылғы Дүниежүзілік қысқы универсиада мен «ЭКСПО-2017» көрмесі кезінде ауқымды шараларға жұмсалған шығындар туралы және салған инвестицияның қаншалықты ақталғандығы туралы қойылған журналистің сауалына жауап берді.

Мемлекет басшысы әрдайым жаңа бастаманың оңайшылықпен іске аспайтынын, алайда ірі спорттық шара дайындаудағы инфрақұрылымдық база қызметінің бүгінде ел қажетіне жарап отырғанын атап өтті.

«Мұндай сыни сұрақтарға жауап іздейтін болсаң, мақсатты ысырып қойып жауап берумен өтесің. Астананы көшіреміз дегенде де осылай болған. Ал қазір миллион тұрғыны бар қалада өмір сүріп отырсыздар. Осы сияқты жаңа бастаманы енгізу оңайшылықпен іске аса қоймайды. Уақыт өтеді, көреді, сезеді, содан соң мойындайды. Әрине, шығындандық. 2 миллион тұрғыны бар Алматы үшін универсиаданы бұрыннан салғым келген. Алып мұз айдыны мен спорт кешендері керек-ақ. Универсиада кезінде 1700-ден астам пәтер салынды, қазір соның барлығы алматылық мұқтаж отбасыларға берілді. Спорт кешендері іске қосылғаннан кейін қаладағы қысқы спорт түріне қызығушылық 60 пайызға артқан», деген Президент спортты білім беру жүйесінің маңызды элементтерінің бірі ретінде жастар арасында үлкен қызығушылыққа ие болғанын атады.

Еске сала кетсек, Универсиаданы Алматыда өткізу туралы ресми шешім 2011 жылғы 29 қарашада Брюссельде Халықаралық университеттік спорт федерациясында (FISU) өткен дауыс беру нәтижесінде қабылданды. Осылайша, Алматы бұрынғы кеңестік кеңістік елдерінің ішінде бірінші болып, 2017 жылы өтетін XXVIII қысқы Универсиаданың астанасына айналды.