Әлем • 26 Желтоқсан, 2017

Қырғызстанмен өзара байланыстар нығая береді

284 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қырғызстан Қазақстанның негізгі серіктестерінің бірі болып табылады. Екі елдің арақатынасы тек қана сауда-экономикалық қатынасқа, саяси байланыстарға ғана емес, тарихтың, мәдениет пен рухани құндылықтардың жақындығына негізделген. 

Қырғызстанмен өзара байланыстар нығая береді

Әлемдік экономиканың жаңа сипатта дамуы жағдайында екі елдің арасындағы қатынас тереңдей түсуде. Оған ай­қын дәлел – Еуразиялық эко­но­микалық одақ елдері ішінде Қазақстан мен Қыр­ғыз­стан арасында сауда айна­лы­мының көрсеткіштері. Мы­салы, Еуразиялық эконо­ми­калық комиссия мәліметтеріне сүйен­сек, Қырғызстанның экспорттық опера­ция­ларының басым бөлігі Қазақстанның үлесіне тиеді екен. Тек 2017 жылдың алғашқы 9 айында Қырғызстанның Еу­разиялық экономикалық одаққа кіретін елдеріне шығарған экспортының 52,4%-ы біздің елімізге жіберілген. Сондай-ақ биылғы жылдың алғашқы 10 айында екі ел арасындағы cауда айналымы 13%-ға артқан. Сонымен қатар қазір Қазақстан Қырғызстанның негізгі инвесторларының бірі екені белгілі, екі елдің бизнес саласы бір-бірімен тығыз байланыста қызмет атқарып келеді. Ресми мәліметтерге сүйенсек, қазір елімізде 700-ден астам кәсіпорында қырғызстандық капитал мен бизнес бар.

Бауырлас екі ел арасындағы байланысты нығайта тү­суге бағытталған шаралар ая­сында «Екіжақты эко­номикалық ынты­мақ­тастықтың жол кар­тасы» бекітіліп отыр. Мұны стратегиялық маңызы бар құ­жат­тар қатарына жатқызуға болады. Олай дей­тініміз, бұл құжатта тек қана қысқа мер­зімді, оперативтік сипаттағы шаралар қарастырылып қоймай, ұзақ мерзімде екі ел арасындағы қатынасты реттеуге негіз болатын жүйелі шараларға басымдық берілген. Жол картасындағы жүйелі шаралар үлесі 60%.

Онда Еуразиялық экономикалық одақ аясында техникалық регламенттер талаптарын қадағалауды күшейту мақ­сатындағы біріккен шаралар да қарас­тырылған. Жол картасының шекарада әртүрлі факторларға байланысты туындай­тын кедергілерді жою мақсатында кеден­дік, салық, ветеринарлық, сани­тарлық бақылау шараларының сапасын бірлесіп арттыруға байланыс­ты іс-ша­ра­лар қарастырылып отыр. Қыр­ғызстаннан келетін тауар ағымының көп­тігін ескерсек, бұл шаралар тек біздің елге емес, ең әуелі Қырғызстан үшін тиімді болмақ.

Бұл құжат заңдық талаптарды реттеп қана қоймай, екі ел арасындағы сауда-экономикалық айналымды арттыруға мүмкіндік берері сөзсіз. Ең бастысы, жол картасының кейбір «көлеңкелі» операция­ларды ашыққа шығарып, салық базасын ұлғайта отырып, салықтан түсетін табыс­тар көлемін арттыруда рөлі зор болмақ.

Сержан МАДИЕВ,
«Экономикалық зерттеулер институты» АҚ басқарма төрағасы