Қазақстан • 26 Желтоқсан, 2017

Нұрлан Оразалин: «Тәуелсіздік дәуірі» – бір дәуірдің үні

539 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ел жадында әлі күнге жаң­ғы­рып тұрған айрықша бір ке­зең­дер ұлт тарихының бетінде аз емес. Сол тарихи оқиға­лар мен кезеңдердің ішінде қайта­лан­бас сипатымен орын алатыны, бүгінгі бастан кешіп отыр­ған отандық тарихымыз болар, сірә. 

Нұрлан Оразалин: «Тәуелсіздік дәуірі» – бір дәуірдің үні

Шын мәніндегі мем­ле­кет­т­і­лігімізді бе­кіткен дәуір, бұл – Тәуелсіздік дәуірі. Тәуел­сіздіктің қалай келгені, алмағайып аласапыранның арасында жүріп, тұсауының қалай кесілгені бүгінгі көзіқарақты адам үшін көп дәлелді керек ете бермейтін даусыз-талассыз шындық. Сол дәуірдің басты қаһарманы да, осы дәуірдің ауыр жүгін иығына салып көтерген нар тұлғасы да, тарихи тағдырлы кезеңнен халқымызды аман-есен алып шығып, ел егемендігін қамтамасыз еткен де Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев. Сондықтан бүгін артта қалғанымен, ауыр жүктің табы әлі күнге дейін арқасында қалған сол кезең туралы қалай толғаса да, айтуға толық моральдық хақы бар бір адам болса, ол біздің Президентіміз. Дәуір туралы толғақты сөзді, тиянақты тұжырымды айту тек дәуірдің жүгін иығына салып көтерген тұлғаларға ғана жарасады. Қазақ елін әлемдік кеңістікке алып шыққан дәуірлік тұлға – Тәуелсіздіктің авторы де­ген сөз. Тәуелсіздік туын тіккен бас қаһарман ретінде бүкіл жауап­кершілікті мойнына алып, сын сағатында сенім артқан жұр­тын алға қарай жетелей отырып, тығырықтан жол іздеген жыл­дардағы түйінді, толғамды ойын ел игілігіне айналдырып отырған кі­тапта Нұрсұлтан Әбішұлы жері­не жеткізіп айтқан. Бұл кітапты саяси сарапшылардың өзі «ел тәуелсіздігінің энциклопедиясы», деп бағалап жатыр. Бекер емес.

Алғашқы тәуелсіздіктің дәмі қандай еді, халық қалай қабылдады, қиындық қалай еңсерілді, кімдермен қандай тарихи байланыс орнатты, мемлекет қалай қалыптасты – көптің көз алдында өтіп жатқан буырқанысқа толы оқиғалар кітап беттерінен айна-қатесіз тізбегін тауыпты. Сол себепті болар, Президентіміз баспа бетін жаңа көріп отырған кітабының алғашқы беттерін елең-алаң уақытта өзіне тіреу болған, арқа сүйеген халқына рахмет айтудан бастапты. Кішіпейілділікпен айтылған жылы сөз ішіңнің ең қалтарыс-қараңғы бұрышына да жарығын түсіреді.

26 жыл ішіндегі респуб­лика­ның жаңа тарихы туралы баяндалатын кітап публицис­тика жанрында жазылға­нымен, Президент жаңа тарихты, ел болашағын өз көзқа­расымен көркем пайымдайды. Бүгінгі ұрпақты, әсіресе менің жасымдағы буынды сол кезеңдегі әр оқиға, әр сәт жаңғыртып отырады. Ал 26 жастағы жігіттер мен қыздар үшін кинолентадан өтіп жатқан ғажайып ертегі елесі секілді қабылдануы мүмкін. Бірақ Қазақстан халқы үлкен тарихи сынақтан өтті. Ұрпақ осыны білуі керек. Егемендікке қол жеткізген алғашқы жылдардағы әр ерекше оқиғаны ескеруі, жетістік сырын сезінуі маңызды. Кітап бүгінгі ұрпаққа арналып жазылып отыр. Тәуелсіздігімізді дамытатын, оны әрі қарай өрістететін, мемлекеттілік сипатымызды бедерлей түсетін кейінгі буын балалардың қолына берілген рухани күшті құрал. Сондықтан Президентіміздің бұл еңбегінің рухани кеңістігіміздегі орны алабөтен ерекше құндылық ретінде қабылданып жатуы заңды. «Тәуелсіздік дәуірі» – бір дәуірдің үні, күретамырында бүлкілдеп соғып жатқан дербестік дәуірінің тынысы. Біздің ұлттық мемлекетіміздің болмысын айғақтайтын, шын мағынасындағы тарихты та­нуға көмектесетін және бола­шақ ұрпаққа соны қамтамасыз етуге жұмылдыратын іргелі еңбек екені ақиқат. Рухани айналымға ендіре отырып, кітаптың насихаты арқылы тарихты бағалау, отансүйгіштік пен ұлтжандылық ұғымын кеңейте түсу көзделгені дұрыс. Кітаптың соңында «Ұлы та­рих ұлы болашақты тудырады» деген сөйлемдер бар. Ұлы бола­шақтың тағдыры ұлтын сүйетін жастарға байлаулы, ал жас­тарымыздың жеңіс пен жетістікті көздеген тәуелсіздіктің кешегі, бүгінгі тарихынан тағылым алғаны дұрыс деп ойлаймын.

Нұрлан ОРАЗАЛИН,
ақын-драматург, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы