Парламент • 26 Желтоқсан, 2017

Үкімет сағаты Қазақстанның Азия бағытындағы сыртқы сая­саты тақырыбында өтті

697 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Кеше Мәжілістегі Үкімет сағаты Қазақстанның Азия бағытындағы сыртқы сая­саты тақырыбында өтті. Мәжіліс Төрағасының орынбасары Владимир Божко жетекшілік еткен отырыста Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов негізгі баяндама жасап, мәселенің мән-жайы егжей-тегжейлі талқыланды.

Үкімет сағаты Қазақстанның Азия бағытындағы сыртқы сая­саты тақырыбында өтті

Жиынды ашқан В.Божко Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Азия елдерімен қарым-қатынас орнатып, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесінің (АӨСШК) Азия елдерімен келісім жасағанына биыл 25 жыл толғанын атап өтті. Сонымен қатар соңғы кездері елдер арасындағы құқықтық келісім шаралары мен түрлі бағыттардағы байланыстар арнасы кеңейіп келе жатқаны да айтылды. «Соңғы ширек ғасыр ішінде Азия елдері мен көптеген халықаралық қаржы институттарының бастамасымен 173 парламентаралық келісім құжаттары бекітіліп, ратификацияланды.

Сондай-ақ Қазақстанның 2014-2020 жылдарға арналған Сыртқы саясат тұжырымдамасына сәйкес, алдағы уақытта Оңтүстік-Шығыс Азия мен Араб елдері, ҚХР, Үндістан, Оңтүстік Корея, Жапония сынды мемлекеттермен жан-жақты байланыстар орнату басымдыққа алынған. Бұл мақсат Елбасымыздың «Үшінші жаңғырту» бағдарламасы аясында Азия бағытында өзара қарым-қатынас пен сыртқы саясатты жүргізу ісінде Қазақстанды дамыған 30 елдің қатарына қосылуға жетелейді», деді В.Божко.

Өз кезегінде Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Қазақстанның азиялық бағыттағы сыртқы саясатына  тоқталды. «Өздеріңіз білетіндей, қазіргі заманғы Азия әлем­нің саяси әрі экономикалық орталық­тарының біріне айналуда. Оның жаһан­дық рөлі жақын келешекте одан сайын кемелдене түседі деп болжануда. Бұл ретте Азиялық ірі және шағын елдер­мен достық қарым-қатынастар мен өзара тиімді экономикалық байланыс­тарды дамыту – біздің ұлттық мүдделерімізге сай келеді. Өйткені Қазақстан Шығыс Азиялық бағытта прагматикалық әрі белсенді саясат жүргізеді. Бірінші кезекте, Қазақстан Қытаймен жан-жақты стра­тегиялық әріптестікті дамытуға үлкен мән беретіні белгілі», деді Қ.Әбді­рахманов.

Үздіктермен үзеңгілесу үшін

Бүгінде Қытайдың геосаяси ықпалы өсіп келе жатқан, экономикалық тұрғыда әлеуетті, ауқымды қаржылық және технологиялық мүмкіндіктері бар ел. Бейжің 10 жыл мерзім ішінде 14 млрд доллардан астам инвестиция сал­ған Қазақстандағы негізгі шетелдік ин­вес­торлардың арасында тұр. Сонымен қатар Жапониямен де көпжақты стратегиялық әріптестік тереңдеп келеді. Оның үстіне Астана мен Токио ядролық қаруды таратпау саласында жақын одақтас ел ретінде танылған. «Өткен жылы Елбасының Жапонияға ресми сапары аясында стратегиялық әріптестік туралы бірлескен мәлімдеме қабылданды. Көлік, мұнай-химиясы, қаржы және атом энергетикасы салаларындағы шамамен 1,2 млрд доллар көлеміндегі 13 екіжақты коммерциялық құжатқа қол қойылды. Бұл мемлекеттер арасындағы сенімді серіктестіктің шынайылығына бірден-бір дәлел бола алады», деді министр.

Ал Оңтүстік Корея өнеркәсіпті дамыту және ұлттық экономиканы әрта­рап­тандыру бойынша негізгі әріптестердің бірі. 10 жыл ішінде Оңтүстік Кореяның Қазақстан экономикасына инвестициясы 4,6 млрд долларды құрады. Бұған қоса, министр Моңғолияда қазақ диаспорасының болуына байланысты Қазақстанның сыртқы саясатында бұл ел маңызды орын алатынын да қадап айт­ты және байланысты жандандыру мақ­сатында осы күндері автокөлік жолын салу мәселесі қарастырылып жатқан­дығын жеткізді. Жоба жүзеге асса, атал­ған жол Қытай мен Ресей аумағы арқылы өтетін болады. Сондай-ақ екіжақты қа­рым-қатынастардың басымдыққа ие мә­се­лелерін ескере отырып, Баян-Өлгий ай­мағында консулдық пункт ашу мәселесі де қызу талқыланып жатқан көрінеді.

Сонымен қатар Қ.Әбдірахманов Азия аумағындағы өзге елдермен байланыстардың басым бағыттарына ег­жей-тегжейлі тоқталды. Ол Қазақ­стан­ның Оңтүстік Корея, Үндістан, Қытай, Жапония, Вьетнам, Сингапур, Малай­зия, Индонезия елдерімен көпжақты әріптестікті тереңдетуге ниетті екенін айтып өтті. «Себебі жақын болашақта Азияның әлемдегі рөлі арта түсетіні анық. Азия 4 миллиардтан астам халқымен қуатты дамып келе жатқан аймақ. Осы орайда, оның жаһандық экономикадағы үлесі 34 пайызды қамтып отыр. Бүгінде өңірдегі жеті мемлекет планетадағы ірі экономикалардың жиырмалығына енді», деді ол.

Сондай-ақ отырыста Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев тақырыпқа орай баяндама жасап, қазіргі уақытта Азия, әсіресе Азия-Тынық мұхит аймағы экономикалық даму, индустрияландыру, цифрлық экономикаға көшу, инвестиция тарту бо­йынша әлемде көш басында тұрғанын сөз етті. «Сондықтан Қазақстан үшін Азия елдерімен жүйелі ынтымақтастық орнату аса маңызды. Бұл елімізде кешенді жаңғыру бағдарламасын табысты іске асыруға оң үлесін қосатыны анық», деді. Сондай-ақ ол Үкімет сағатындағы мұндай талқылаулар депутаттар мен мемлекеттік органдар өкілдеріне осы бағыттағы Қа­зақ­станның сыртқы саясаттағы басым­дықтарын терең түсінуге мүмкіндік беретіндігін атап өтті.

Мәселе мәміле арқылы шешілуде

Ал тақырыптық талқылау барысында Мәжіліс депутаттары министр мен мемлекеттік органдардың басшыларына бірқатар сұрақтар қойып, түйіні тарқатылуы тиіс мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, депутат Қабиболла Жақыпов экономикалық дипломатияның құралдары туралы сөз сөйлесе, Юрий Тимощенко мен Роман Ким Азия елдерімен инвестициялық және қаржылық ынтымақтастықты жүзеге асыру мәселелеріне тоқталды. Ал Қуаныш Сұлтанов, Бейбіт Мамраев, Михаил Чирков мәдени-гуманитарлық, білім берудің өзара әрекеттесуі мен Қазақстанның Азия елдеріне туристік тартымдылығын арттыру мәселелеріне қатысты сұрақтар қойды. Сол сияқты депутат Бақытгүл Хаменова Қытайдағы қазақтардың қысымға ұшырауына байланысты өз алаңдаушылығын білдірді. Оның сауалына жауап берген министр шетелдегі қазақ диаспорасына қатысты мәселелер Сыртқы істер министрлігінің жұмысында маңызды басымдық болып саналатындығын алға тартты.

«Әрқашан да, қай жерде де, кіммен кездессек те, сол жерде қазақ диаспорасы болса, біз оған үлкен мән береміз. Десек те, бұл мәселеге аса сақтықпен қарау қажет. Өйткені ол жерде қазақ диаспорасы болғанымен, жағдайға екінші жағынан қарасақ, мәселенің бір ұшы сол мемлекеттің азаматтарына тіреледі. Себебі олар шетелдіктер болып табылады. Сондықтан бұл жердегі мәселе сол елдің заңнамасына қатысты шешілетінін ескеруіміз қажет. Біз мұндай келіссөздерді халықаралық заң қағидаларына сүйене отырып жүргіземіз. Айталық өткен аптада ғана Қытайдың Бейжің қаласында қос елдің Сыртқы істер министрліктері арасында қауіпсіздік мәселелері бойынша келіссөз жүргіздік. Яғни министрдің орынбасары деңгейінде өткен кездесуде өз тарапымыздан Қазақстан мен Қытайдың Шыңжаң Ұйғыр автономиялы ауданы арасында мәдениет саласында екіжақты ынтымақтастықты нығайту жоспарын әзірлеу мәселесін көтердік. Осылайша Қытай тарапымен бір жобаны жүзеге асыруға кірісеміз», деді Қ.Әбдірахманов.

Айта кетейік, отырыс нәтижесінде үкіметтік органдарға Қазақстан сыртқы саясатының азиялық бағыт бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарының тиімділігін арттыру жөнінде Үкіметке жіберілетін ұсынымдар қабылданды.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»