Қазақстан • 26 Желтоқсан, 2017

Ғарыштан түскен қыз. Данэлия Төлешова.

462 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұған дейін де алматылық Данэлия Төлешова Украинада өткен «Голос. Дiти» шоуында табысқа жетіп, байқаудың ақтық сынына жолдама алғанын баяндағанбыз. 

Ғарыштан түскен қыз. Данэлия Төлешова.

Оған қоса Төлешоваға «Голос. Дiти» шоуының әншіні көрмей бағалау кезеңінде қазылар алқасының барлық мүшесі бірдей бұрылуға санаулы секундтар ғана жеткілікті болғанын да жаздық.

Украиналық шоудың төртінші маусымына Дима Монатик, «Время и Стекло» тобы мен Наталья Моги­левская сынды танымал әншілер тәлімгер болса, алматылық әнші ең көп қаралған орындаушылар ішінде көш бастап, YouTube жұлдызына айналып шыға келді. Сахнада ғарыштан түскен адам сияқты бейне қалыптастырған балдырған көрермендердің өлшеусіз қошеметіне бөленді.

Шоудың тағдыршешті сәттерінде қазақстандық жас талант 5 ән орындады. Оның ішінде «Голос. Дiти» шоуының әнұраны мен Дима Монатик арнайы осы байқаудың ақтық сыны үшін жазған «Spectrum» Florence, «Ақылды ағаштары» да айтылды. Соңғы сәтте ол Monatik, Нино Басилаямен бірге «Океан Эльзы» тобының «Не твоя вой­на» әнін шырқап қана қоймай, жиналғандардың көзіне жас алғызды, көпті тебірентті.

Байқаудың өне бойында әнші балақай тыңдар­мандарын ерекше даусымен, періштедей шынайы­лығымен баурап алғанын мойындау керек. Данэлияның орындауындағы «Не твоя война» әні залдың жартысын жылатты.

«Данэлия ерекше, ғарыштан келген сияқты. Саған қол тигізіп көргім келеді. Сен ғажапсың! Украина президентінен сен үшін азаматтық беруін сұрар едім», дейтін Наталия Могилевскаяның сөзінің жаны бар.

Қазақстандық талантқа тәлімгер болғанын Дима Монатик те мәртебе санады. «Менің командамда осындай балалар болғанын мақтаныш тұтамын. Данэлия осы маусымның олжасы болды. Әлемдік деңгейдегі әртістер қандай болады десе, менің көз алдыма Данэлия келеді», деді Дима Монатик.

Осылайша әнші балапанның кезекті арманы орындалды. Бастапқыда ол «Голос. Дiти» шоуына қатысудың өзін мәртебе санаса, өнер жарысы қыза келе жеңіс үшін күресті және өзінің лайықты бағасын алды. Танылды, талай достар тапты. Тыңдарманның да қазылар алқасының де, тәлімгерлерінің де сүйкімдісі болды.

Айтқандай, YouTube арқылы Алматының 11 жастағы дарынын 6 миллионнан астам адам тамашалады. Ақтық сында Төлешова Яна Горная, Александр Миненок, Елизавета Яковенко, Катерина Манузина, Нино Басилая сияқты дарындылармен бақ таластырды.

Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ