Әлем • 26 Желтоқсан, 2017

Мәскеуде «АтомЭко 2017» атты көрме өтті

196 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жақында Мәскеуде халықаралық деңгейдегі қоғамдық форум мен  «АтомЭко 2017» көрмесі өтті. 

Мәскеуде «АтомЭко 2017» атты көрме өтті

Форум барысында «Атом саласының қоғамдағы тиімділігін қалыптастырудағы әйел адамдардың алатын  орны: халықаралық және ресейлік тәжірибе»  атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Дөңгелек үстелді  МАГАТЭ-нің Атом энергиясы бойынша Департамент басшысы, бас директордың орынбасары Михаил Чудаков пен «Атом саласындағы әйелдер» (Women in Nuclear Russia) халықаралық ұйымының Ресейдегі бөлімінің жетекшісі Алена Яковлевалар ашып, үйлестірушілер ретінде жүргізіп отырды.   

Айтулы шраға еліміздің   атынан қатысқан  Қазақстанның Ядролық қоғамының директоры Наталья Жданова «Атом энергетикасының қоғамдық тиімділігі және әйел-мамандар» тақырыбында ғылыми баяндама жасады. Наталья Жданованың  айтуынша, Қазақстандағы ядролық саланың өсіп-өркендеуі, бейбіт атомның дамуы тікелей Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен жүзеге асып жатыр. Осы салада еңбек ететін, ғылыми зерттеу жасайтын мамандардың қатарында ер адамдармен бірге әйелдердің де қатары көбейіп келеді. Нәзік жанды ханымдарымыздың ғылыми жетістігі жоғары, атом саласындағы дәлдік пен нақтылықты терең игерген. 

-Әйел адамдардың бүгінгі қоғамда алатын орны зор,-деді Қазақстанның Ядролық қоғамының лдиректоры Наталья Жданова,-біздің еліміздің  ядролық ғылым саласында еңбек етіп жүрген қыз-келіншектер көп. Әсіресе жастарымызды алып қарайық, бүгінде қыз-жігіттердің ара салмағы бірдей, 50 пайыз ер азаматтар болса, 50 пайызын құрайтын қыз балаларымыз жақсы көрсеткішке жетіп отыр. Әйел адамдар отбасы, ошақ қасының ұйытқысы болып жүріп те, атом саласының білікті маманы атануда. Себебі әйелдер тумысынан педагог болатындықтан күрделі техникалық, технологиялық сәттерді қоғамға еркін әрі жеңіл түсіндіріп бере алады. 

Наталья Жданованың айтуынша, өзі Қазақстан атынан барған атом саласында еңбек етуші бірден-бір әйел адам ретінде Елбасымыздың бастамасымен қолға алынып жатқан жұмыстар легі жайлы айтып, халықаралық жиынға қатысушыларды кеңінен ақпараттандырған екен. Семей ядролық сынақ полигоны жабылғаннан кейін, зардап шеккен ел мен жерді сауықтыруда Курчатовтағы Ұлттық Ядролық Орталықтың атқарып жатқан көптеген маңызды шараларына да тоқталыпты. Астанада, Алматыда, Курчатов қалаларында халықты ақпараттандыру, ағартушылық саласында ғылыми конференциялар өткізілуде. Атом саласының  тиімді тұстарын халыққа түсіндіруде Қазақстанның Ядролық қоғамының  атқарып отырған жұмыстары зор.

Раушан НҰҒМАНБЕКОВА