Қазақстан • 26 Желтоқсан, 2017

Астанада инновациялық жобалар байқауының жеңімпаздары марапатталды

382 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астанадағы «Нұр Отан» партиясының ғимаратында жас өнертапқыштар арасында өткізілген NURINTECH-2017 республикалық инновациялық жобалар байқауының жеңімпаздары анықталды.

Астанада инновациялық жобалар байқауының жеңімпаздары марапатталды

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсіміне «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед қатысты. NURINTECH жобасы былтыр Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен қолға алынған болатын. Оның мақсаты – жастардың ғылым мен білімге және инновацияға деген қызығушылығын арттыру.

Жиында сөз сөйлеген М.Құл-Мұхаммед осындай байқаулардың ел үшін маңызы зор екеніне назар аударды. Оның айтуынша, еліміздегі жас ғалымдар мен өнертапқыштар Елбасының инновацияны дамытуға бағытталған саясатын қолдап, жүзеге асыруға атсалысуы керек.

«Биыл өткен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі еліміздегі ғылым мен экономика саласына өлшеусіз әсер етті. Соның бір дәлелі бүгінгі байқау. Мектеп жасындағы балалар ғылымға қызығушылық танытып отыр», деді партия Төрағасының бірінші орынбасары.

Биылғы байқауға мыңнан астам өтініш келіп түскен. Үміткерлер IT және әуе-ғарыш технологиясы, энергетика, энергия көзін сақтау, химиялық технология, нанотехнология, агроинновация, табиғи қорды тиімді пайдалану, ресурстарды сақтау, робототехника, 3D индустрия және тағы басқа түрлі салалар бойынша өздерінің инновациялық жұмыс жобаларын ұсынған.

Жеңімпаздарды анықтау үшін арнайы байқау комиссиясы құрылып, оның құрамына Қазақстанның белгілі ғалымдары, қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдар мен бизнес-қауымдастық өкілдері енді. Барлық жұмысты тыңғылықты зерттеу нәтижесінде ең үздік әрі сұранысқа ие, экономикалық жағынан тиімді 25 жоба таңдалып алынды.

Байқау қорытындысына сай, «Техностарт», «Жастардың инновациялық жобасы», «Перспектива», «Әлеуметтік маңызы бар инновация» аталымдары бойынша жеңімпаздар анықталды. Бұдан бөлек, «Қазақстанның ең үздік жас ғалымы» аталымы бойынша металлургия саласында ресурстарды сақтау технологиясын ойлап тапқан қарағандылық Ербол Шабанов жеңімпаз атанды. Тиімді күн коллекторының жобасын ұсынған жамбылдық Гауһар Смағұлова екінші орын алса, кесу құралдарын бекітетін инновациялық технологияны ойлап тапқан шығысқазақстандық Бауыржан Рахадилов үздік үштікті түйіндеді. Байқаудың арнайы сыйлығы Mbionics компаниясының негізін салушы, жасанды қол жасаумен айналысатын 23 жастағы Мәулен Бектұрғановқа берілді.

Сонымен қатар биылғы байқауға латынша жазуға қатысты бағдарламалар мен қосымшалардың, «жасыл» энергетика мен экологиялық инновациялық жобалары қатысты. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Әр аталымда топ жарған жасқа – 1 миллион теңге, екінші орын иелеріне – 500 мың теңге, үшінші орын алған жастарға 250 мың теңге көлемінде сыйақы берілді.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»