Парламент • 28 Желтоқсан, 2017

Қ.ТОҚАЕВ: Заңнамалық қолдау ел дамуына жаңа серпін береді

311 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының Төрағасымен сұхбат

Қ.ТОҚАЕВ: Заңнамалық қолдау ел дамуына жаңа серпін береді

– Қасым-Жомарт Кемел­ұлы, тоқтаусыз уақыт толқы­ны­мен биылғы жылды қоры­тын­дылап, алдағы жылды жоспарлайтын кезеңге де келіп жеттік. Сіздің ойыңызша, үстіміздегі жылдың есте қалар  ерекшелігі неде?

– Ұлы Абай «Сағаттың өзі ұры шықылдаған, өмірді білдірмеген, күнде ұрлаған», деген ғой, сынаптай сырғып білінбей өте шығатын уақыт туралы. Сол тоқтаусыз уа­қыт­тың тағы бір жылын артқа тас­тадық. Бір қарағанда, қас қағым­да өте шыққандай көрінгені­мен, ауқымды жаңғыру жолына түс­кен Қазақстан үшін де, көз ілес­пес жылдамдықпен дамып, күніне қырық құбылып жатқан жаһан үшін де бұл жыл үлкен өзгерістерге толы болды. Жыл ба­сында Елбасы халыққа Жолдау­ында институттық реформаларды бетке алған Қазақстанның қарыштап дамуына қарқын беретін жаңа стратегиялық бағыттарды белгілеп берді. Еліміздің үшінші жаңғыруының басталғанын жария етті. Бұл – теңдессіз тарихи құжат. Оның өзегінде саяси рефор­ма, экономикалық және қоғам­дық сананы жаһандық дамуға лайық жаңғырту жатыр. Ел эко­но­микасының құрылымдық жаңғы­руына бағытталған стратегиялық құжат ел ішінде талқыланып, ғылыми тұрғыда дәйектеліп, көпшіліктен қолдау тапты. Бұл – жылдың басты ерекшелігі.
Жылдың екінші ерекшелігі, Елбасының рухани жаңғырудың басталғанын жария еткен ма­қа­ласы.  Мақала ұлт рухын көтерді. Намысын жаныды. Ұлттық сананы жаңа сапаға көтерудің жалпы бағытын белгілеп берді. Елбасының бұл мақаласында біздің қоғамның идеологиялық жаңғыру бағыты анықталды. Онда айтылған ұсыныстарда, шын мәнінде Қазақстанның өркениеттік таңдауы айқындалды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын біртіндеп жүзеге асыра отырып, халқымыз болашақта тарихын мақтан тұтатын және заманауи дамудың алдыңғы сапында жүретін озық ұлттың үлгісін әлемге көрсетуі қажет. 

Жылдың үшінші ерекшелігі, Пре­зиденттің бірқатар өкілеттік­терінің Парламент пен Үкіметке берілуі. Осыған орай, Парламент Конституцияға түзетулер қабыл­дады. Қызмет атқарып жүрген мемлекет басшысы құзыретін биліктің тармақтарына өз еркімен беруі, дүниежүзіндегі саяси өмірде өте сирек кездесетін құбылыс.

Жылдың төртінші ерекшелігі, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болуы. Бұл – отан­дық дипломатияны күрделі жаһан­дық мәселелерге тікелей қатыса алатын жаңа деңгейге көтерді. Сондай-ақ БҰҰ Қауіпсіз­дік Кеңесі Президент Н.Назарбаевтың «Әлем. XXI ғасыр» манифесінде көтерілген ядролық қаруды таратпау, терроризммен және экстремизммен күресу туралы халықаралық бас­тамасын жүргізуде беделді алаң болып табылады.

Жылдың бесінші ерекшелігі, ЭКСПО-2017 көрмесінің Астанада өтуі. Халықаралық шараның биік деңгейде ұйымдастырылуы елі­міздің халықаралық қоғам­дастық алдындағы абыройын асқақтатты. Астанада өткен ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі энер­гетикалық және экологиялық мә­­се­­лелерді шешуге арналған интел­лектуалдық технологиялар сала­сындағы алдыңғы қатарлы тәжі­ри­белермен алмасуға мол мүмкін­дік берді. Көрменің ұйымдас­ты­рушысы ретінде Қазақстан қазіргі және болашақ ұрпақ үшін табиғи ресурстарды үнемдеу мақ­сатында жаһандық күш-жігерді біріктірудің барлық мүмкіндік­терін пайдаланды. 

Көрме ұлттың интеллек­туал­дық өсуіне серпін берді, еліміздің бейбітсүйгіш саясаты мен төл мәдениетін әлемге танытуға жол ашты. Экономиканың жедел­детілген технологиялық жаңғыр­тылуына тың мүмкіндік беретін тиімді келісімдер жасалды. 

– Елбасы Парламент сессия­сының ашылуы барысын­да қос Палатаның алдына нақты міндеттер қойып, елі­міз­дегі реформаларды заңна­малық тұрғыдан қамтама­сыз ету жөніндегі жұмыстар­ды жалғастырудың маңызды­лы­ғын атап өткен еді. Парламент Ел­басы алға қойған міндеттерді толық орындай алды ма?

– Парламенттің 2017 жылғы қыз­меті негізінен «Үшінші жаң­ғыру» Жолдауын заңнамалық тұр­ғы­да қолдауға бағытталды: жаңа Салық және Кеден кодекс­тері қабылданды, әкімшілік және қылмыстық заңнаманы ізгі­лен­діру бойынша жұмыстар жүргі­зілді, үш жылдық бюджет ту­ралы, басқа да ел өміріне аса қа­жетті, маңызды заңдар қабыл­данды. Мәселен, жақында ғана Парламент қабылдаған ақпарат және коммуникацияға қатысты заң Елбасы алға қойған «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруға қажетті заңнамалық негіз болары анық. Ал бұл бағ­дарламаның табысты жүзеге асуы  экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы туралы міндеттердің орындалуына жол ашады. Сондай-ақ Ұлт жоспарының, Жолдаудың және қолданыстағы бағдарламалардың орындалу барысын талқылауға арналған парламенттік тыңдаулар, дөңгелек үстелдер мен кездесулер ұйымдастырылып, қоғамда зор ықылас туғызды. Парламент Мемлекет басшысы сессия ашылуында алға қойған міндеттерді толығымен орындады.

– Жыл соңында өткенді қорытындылап, болашаққа жоспар құру қалыпты үрдіс. Парламенттің келесі жылғы қызметі, ұйымдастырылатын шаралар жоспарланып қойған болар?

– «Бүгінгі уақытпен өмір сүр, ертеңгі күнге үмітпен қара» дейтін қанатты сөз бар. Парламент халықтың бүгінгі өмірін реттейтін заңнамалар қабылдап, заман ағымынан озық қызмет етсе ғана еліміздің ертеңге деген үміті жарқын болмақ. Сондықтан да Елбасы биыл өз өкілеттігінің үлкен бөлігін Парламентке берді. Өкілеттігінің ұлғаюымен қатар қос Палатаның кемел келешекті жақындату жолында атқаратын жұмысы да, жауапкершілігі де еселене түскені анық. Палатаның 2018 жылға арналған Негізгі шаралар жоспары бекітілді.  Депутаттар алдағы жылы Президент Н.Ә.Назарбаевтың жыл сайынғы Қазақ­стан халқына Жолдауын іске асыруды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету жұмыстарын жал­ғастыратын болады. Сенатта халық денсаулығы кодексінің жүзе­ге асуы, банк секторының рөлі, «Цифрлы Қазақстанның» орын­далуы, сондай-ақ құқық қор­ғау қызметінің мәселелері, тағы да басқа халықты толғандыратын тақырыптарда парламенттік тыңдаулар ұйымдастыру жос­пар­ланған. Сондай-ақ биыл Се­нат­та өткен орта білім беру жүйе­сінің проблемаларына арнал­ған парламенттік тыңдаулар ұсы­ным­дарының орындалу барысы пы­сықталып, еліміздің «Жасыл экономикаға» көшу тұжырым­да­масының жүзеге асуы туралы үкіметтік сағат өткізілетін болады. Одан басқа, заңнаманы жетілдіру, мемлекеттік және жекелеген салаларды дамыту бағдарламаларын іске асыру мәселелері бойынша депу­тат­тардың мемлекеттік органдар мен басқа да ұйымдардың басшыларымен ондаған кездесулер мен дөңгелек үстелдер өткізу де жоспарланды. 

Сенат қызметінің маңызды бағытының бірі – халықаралық және парламентаралық ынты­мақ­тастықты нығайту жұмысы да жоспарлы түрде жүзеге асырылады. Сенаторлар парламентаралық ынтымақтастықтың көптарапты құрылымдарының отырыстары мен форумдарына қатысады және шет мемлекеттердің заң шығару органдарымен өзара іс-қимыл жөніндегі жұмыс топтарындағы жұмыстарды жалғастыратын болады.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VI Съезі келесі жылдағы ерекше шаралардың бірі. Президент Н.Назарбаевтың бастамашылдығымен дүниеге келген Съезд – Қазақстанның халықаралық аренадағы саяси салмағын одан әрі асқақтата түскен маңызды іс-шара болып табылады. Елбасы Съездерде көпұлтты және көпконфессиялы қоғамда дінаралық келісімді сақ­тау­дың қазақстандық үлгісі мен тәжі­рибесін әлемге паш етіп келеді. Келесі жылғы кезекті форумда да әлем алдында тұрған жалпы адамзатқа ортақ өзекті мәселелер көтеріледі. Діни көзқарастарға қа­тысты даулардың себептері мен салдары, дінаралық төзімділік пен ын­тымақ, әр ұлттың салт-дәс­түр­леріне құрметпен қарау, әлемдегі халықаралық шиеленістерді шешуге қатысты ұсыныстар беру, жаһандық қауіп-қатерлерге қарсы бірлесе үндеу қабылдау сияқты мәселелер талқыланады. 

Жыл аяқталды. Қазақстанды әлемде дамыған елдер қатарынан орын алуға ұмтылған амбициясымен, толеранттылығымен және бейбітшіл, бітімгер ел ретінде танытқан Тәуелсіздіктің 26-шы жылы Ұлы тарих қойнауына енгелі тұр. Елбасының «Ұлы тарих кемел келешекке жетелейді» деп айтқанындай, кемел келешекке қажетті заңнамаларды қабылдау қызметін Парламент жаңа жылда тың күш-жігермен жалғастыратын болады. 

Әңгімелескен 
Әділбек ҚАБА

Соңғы жаңалықтар