Қазақстан • 29 Желтоқсан, 2017

Қыран мен қазақ һәм рухани жаңғыру

4176 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақтың бүкіл әлем алдында алғашқы болып көзге түсетін еркіндік белгісі, ерекше қадірлісі мемлекеттік туында бейнеленген қыран Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының эмблемасында тағы да жарқ ете қалды. Бұл сірә кімнің қолтаңбасы болса да, жарқын болашаққа ұлттық ерекшелігімізбен қанат қағуға үндеген мақала мазмұнын онан сайын аша түскендей. 

 

Қыран мен қазақ һәм рухани жаңғыру

Асылында, аспандағы құсты қолға қондырып, оған жердегі аңды ілдіріп, бір-біріне олжа салып көңіл жалғаған бабаларымыздың сол қыран болмысымен бірге өрілген ғажайып қасиеттері де аз емес еді. Арысы Жошы ханның айналасында 3000 қыран, Абылай ханның аңшыларында 500 бүркіт, 300 қаршыға мен сұңқары болғаны жайлы дерек­терді, берісі қазақтың бас ақыны Абай атамыздың «Бір қызық ісім екен сұм жалғанда» деп тамсана жырлайтыны да осы қыран бүркіт екенін ескерсек, қазақтың сол қыранмен қанаттас халық екеніне ешкім шүбә келтірмес.

Сонымен қыранның аң ілуі тұғырдағы түлеуінен басталатыны секілді ұлттық рухтың бұл сілкінісі маңызды мақаланың қайда, қалай жариялануынан басталды. Осы жылдың 12-ші сәуірі. Жалпы жұрттың есінде... Елбасы өзі «бас басылым» деп атаған «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген мақаланы бүкіл қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары көшіріп, орыс тілді ақпарат құралдары арнайы аударып басып жатты. Одан әрі қарай мақала мазмұнына қарай бөлек-бөлек талдаулар, талқылаулар республиканың аудан, ауылына дейін тамырдай тарамдалып кете барды. Бұл ширек ғасырды артқа тастаған тастүлек мемлекеттің қайта түлеуі еді. Осындай аса маңызды кезеңнің көрсеткіші іспетті ерекше құжаттың тек қана мемлекеттік тілде жариялануы ұлттық жаңғырудың іс жүзіндегі көрінісі һәм ресми бастауы болды. Сол ізбен жылға жетпес уақытта «Егемен Қазақстан» газетінде «Рухани жаңғырудың» жан-жақты қырларын ашатын мыңнан аса мақала жарияланып үлгеріпті.

Қыранның түлеуі – кейбір жарамсыз ескі қанат, құйрықтарын тастап жаңа, жас, серпінді қанат-құйрықтың пайда болуы болса, мақаладағы «Ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту» дейтін түйін де соны меңзейді. Жаңғыру мен түлеудің өзі тамырлас ұғым екенін алға тартсақ бұл бағдарлама бабына келген қыранның томағасын тартқандай ғажайып сәт! Елдің рухани қайта түлеуі.

Енді отты жанарды қияға салып қанат қағу. Мемлекет басшысы мақаласының «Сананың ашықтығы» деп аталған алтыншы бөліміндегі «... Егер қазақстандықтар жер жүзіне үйден шықпай, терезеден телміріп отырып баға беретін болса, әлемде, құрлықта, тіпті іргедегі елдерде қандай дауыл соғып жатқанын көре алмайды.

Көкжиектің арғы жағында не болып жат­қанын да біле алмайды. Тіпті бірқатар ұста­ным­дарымызды түбе­гейлі қайта қарауға мәжбүрлейтін сырт­қы ықпалдардың байыбына барып, түсіне де алмай қалады», деп көр­­сетілгендей айқын бағ­дар. Ра­сында да бұл қазақ жұрты­ның әлемдік бәсекеде өз орнын алу­ға үндейді. Ел­ба­сының қазақ тілі әліп­биін кирил­лицадан латын графи­касына көшіру туралы Жар­лығы да осымен ас­тасып жатыр. 

Дәл осындай рухани жаңғыру кезеңінде ұрпағымызды қыранша баулып, асқар тауда сілкінген ақиықтай алысқа көз қадасақ, «қыран бүркіт не алмайды салса баптап» дегендей қиырдан шаларымыз аз болмас. Әдетте тазқара, кезқұйрық, құмай және өзге де аң ала алмас аяр құстар бүркіттің өзі алып жеп отырған аңына жан-жақтан анталай ұшады екен. Сонда бүркіт жемтігін соларға қалдырып өзі зау биікке самғап береді... Бұл да оның тектілік сипаты. Таласқанымыз біреу алған жемтік емес, қиядағы қызыл болса оған қырандай алғырлық керек! Бойында намыс пен жігер тас­қындаған қазақтың ұл-қыздары сол сипатқа сай болса елдің де тұғыры биік, болашағы нұрлы болмақ!

Ел арасындағы аңыз: Қыран­дар­дың патшасы бүркіт «Аспанда ұшсам қанатым талады, жерге қонсам жалайыр Шора алады» деп жылайды екен», дейді. Осы бір ауыз сөзбен есімі бүгінге жетіп, сол бір ауыз сөз арқылы осы бір айрықша қабілеттің иесі біздің аталарымыз екеніне көзімізді жеткізді. Содан да ол қалықтай самғап келіп көк ас­панның астындағы мәңгілік елдің көк байрағында мәңгі қалқып тұрғандай!

Қазақ тілі – Ұлы Даланың тілі. Тек жылқыға байланыс­ты мақал-мәтел, тұрақты сөз тір­кес­терінің өзі мыңдап саналады. Ал, олар­дың беріп тұрған ұғымы тұтас ұлт­тық дүние­та­ныммен тамырласып жатқан ұлан-ғайыр ғылым. Сол секілді қы­ранға байланысты қилы сөздер қалыптастырған небір ұлтан­ды ұғымдардың ұлт болмысын сақтау­дағы рөлі орасан еке­ні анық. Мақа­ланың «Ұлт­тық бірегейлікті сақтау» деп ата­латын үшінші бөліміндегі «Абай­­дың даналығы, Әуезовтің ғұла­малығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күй­лері, ғасыр­лар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің руха­ни мәде­ниетіміздің бір парасы ғана» деген жолдар мен «Ұлт­тық салт-дәстүр­леріміз, тіліміз бен музыкамыз, әде­бие­тіміз, жоралғыларымыз, бір сөз­бен айтқанда ұлттық рухымыз бойы­мызда мәңгі қалуға тиіс» деп көрсетілуі шын мәнін­дегі «Ұлттық сана-сезімнің көк­жиегін кеңейту» болып отыр.

Айта берсек аспан серісі қыран бүркіттің ғажайып сипаттары аз емес. Бүгінде азаттық көгіне ас­пан түсті ту ілген қазаққа рухани жаң­ғырудың белгісінің қыран бейне­сінде көрініс табуы да тегін болмаса керек! Ұлттық кодтың дәл өзі!

Иә, сол бүркіт күн көзіне жас­қан­бай тіке қарайтын әлемдегі жалғыз жаратылыс! Ендеше, қыран сипатты қазақтың тұғыры биік, қанаты қатты, тегеуріні мықты болып, қияға самғай бергей!

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»