Әлем • 29 Желтоқсан, 2017

2017 жылғы әлемдік оқиғалар картасы

650 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Жыл аяғы жақындап, келер жылдың келісімді болуын тілеп, болашаққа бір адым аттағалы тұрмыз. Дәл осы күндер өткенді саралап, есте қаларлық оқиғаларды тарих қойнауына жіберуге ең қолайлы кезең. Мүмкіндікті пайдаланып, 2017 жылдың маңызды жаһан жаңалықтарына шолу жасап, жылдың келбетін жасауға талпыныс жасап көрелік. 

2017 жылғы әлемдік оқиғалар картасы

Саны жоқ сайлаулар

АҚШ президенті Доналд Трам­пт­ың инаугурациясынан басталған жылдың саяси жаңалықтары өзге елдердегі сайлауларға ұласты. Нау­рызда Оңтүстік Кореяның Кон­­­ституциялық соты ел басшысы Пак Кын Хеге импичмент жария­лап, екі айдан соң корей халқы жаңа президенті Мун Чжэ Инді сай­лады. Мамырда Францияда пре­зиденттік сайлаудың екінші ту­ры өтіп, Елисей сарайына ие­лік ету Эманюель Макронға бұй­ыр­ды. Соңғы екі президент қыз­мет­ке кіріскен соң, медиадағы жар­қылын азайтса, Трамп мырза жыл он екі ай басылым беттерінен түс­педі. Оның ашуға толы твит­тері мен қисық шешімдері бү­кіл әлемді дүрліктіріп отырды. Әсі­ре­се АҚШ президентінің соң­ғы айдағы Иерусалимді Изра­иль ас­­танасы деп мәлімдеуі әлем­дік қоғамдастықтың қатаң нара­зы­лығына тап болды.

Атқарушы биліктің басшысын заң шығарушы органдардағы партиялар анықтайтын елдерде парламенттік сайлаулардың орны ерекше екені белгілі. Парламенттік басқару формасындағы мұндай мем­лекеттерге мысал ретінде Гер­манияны келтіруге болады. Би­ыл қыркүйектің 24 жұлдызында осы Германияда парламенттік сай­лау болып, 709 Бундестаг мү­шесі сайланды. Нәтижесінде Хрис­тиан-демократиялық одақ/Хрис­тиан-социалды одақ блогы мен Германияның социал-демо­кра­тиялық партиясы «үлкен» коали­ция құрып, Ангела Меркель кан­цлерлікті жалғастыратын болды. 

Парламенттік сайлауды маусым айында Ұлыбритания да өткізді. Монархиялық ел болса да, парламенттік басқару формасына жүгінетін британиялықтар мерзімінен бұрынғы парламенттік сай­лауға қатысуға мәжбүр болды. 2016 жылғы референдум кезінде ағылшындар Еуроодақтан шы­ғамыз деп дауыс беріп, сол кез­дегі премьер-министр Дэвид Кэ­мерон бө­лінуге қарсы саясаткер ре­тінде өз еркімен отставкаға кет­кен болатын. Оның орнына Ұлы­бри­танияның Еуроодақтан шы­ғуын қолдайтын Тереза Мэй келді. 

Референдумдар реті

2017 жылы референдумдар да аз болмады. 16 сәуірде Түркияда Кон­ституциялық референ­дум өтіп, ата заңға енгізілетін 18 түзетуді ма­құл­дау мәселесі қойылды. Түзе­ту­лер Түркияны парламенттік бас­қару формасынан президенттік рес­публикаға айналдырмақ еді. Ол бойынша премьер-министр қыз­меті жойылып, парламенттің құ­қықтары шектелетін болды. Ре­фе­рен­думда дауыс берушілердің 51,41 пайызы реформаға «иә» деп жауап беріп, Реджеп Тайип Ер­до­ғанның билігін күшейтіп берді. 

Биыл қатарынан екі тәуелсіздік референдумы өтті. Соның бірі – Ирак Күрдістанының тәуелсіздігі туралы еді. 25 қыркүйекте өткен референдумда дауыс берушілердің 92 пайызынан астамы азат ел болуды қолдаған болатын. Дауыс беру Ирак Күрдістаны автономиясына қарасты территорияларда жүргізілді. Референдумға сондай-ақ Ирак күрдтерінің бақылауындағы аймақтар мен қалалар да қатысты. Солардың қатарында мұнайлы провинция Киркук та бар. Күрдтердің өкінішіне қарай, Ирак Күрдістаны тәуелсіз бола алма­ды. 27 қыркүйек күні Ирак үкі­меті референдум нәтижесін мой­ын­дамайтынын мәлімдеп, пре­мьер-министр Әл-Абадиге күр­д­­тердің бақылауындағы автономия құрамына кірмейтін террито­рияларды мейлі бейбіт жолмен, мейлі күш қолдану арқылы бо­сатуға құзырет берілді. Артынан автономия астанасы Эрбильге және Сүлейманиеге әуе рейстері тоқтатылды. Сонымен қатар автономиялы аймақпен қаржылық операциялар жүргізуге тыйым салды. Ирактың автономияға блокада қоюын Иран мен Түркия қолдап, санкцияларға қосылуға дайын екенін білдірді. 25 қазанда автономия билігі Иракқа референдум нәтижелерін «әрекетсіздендіріп», Багдадпен диалогты бастау туралы ұсыныс білдірді. Төрт күннен соң тәуелсіздік алу ісін соңына дейін жеткізе алмаған Ирак Күр­діс­танының президенті Масуд Бар­зани 12 жылдық басқаруынан соң қызметінен өз еркімен кететінін мәлімдеді. Осылайша күрдтер ұзақ күткен тәуелсіздікке жақындап барып, қол жеткізе алмады. 

Осы оқиғадан алты күн өткен соң өз бағын каталониялықтар сы­нап көрді. Испаниядан еншісін алып, дербес ел болуды Каталония тұр­ғындары көптен аңсап жүр еді. Түрлі тартыстардан соң осы жылдың 1 қазанында Мадридтің қар­сылығына қарамастан, тәуел­сіздік референдумын өткізді. Дауыс беруге қатысқандардың 90 пайызы азат ел боламыз деп жауап қатты. Испания үкіметі конс­ти­туциясының 155-бабына сүйеніп, бас­қаруды өз қолына алды да, ай­мақтық парламентті таратып, авто­номияның президенті Карлес Пучдемон мен вице-президенті Ориол Жункерасты қамауға алмақ болды. Пучдемон Бельгияға қа­шып, Жункерасты түрмеге түсті. Жел­тоқсанның 21 жұлдызындағы ке­зектен тыс парламенттік сайлау-
да Испания құрамында қалуды қол­дайтын «Азаматтар» партиясы же­ңіске жеткенімен, азаттықты қол­дайтын үш партияның жиын­тық есебі оның нәтижесін еңсеріп кет­ті. Ендігі кезекте әлгі үш партия ке­лісімге келіп, коалиция құ­ра ал­са, қайтадан тәуел­сіз­дікті жақ­тай­тын аймақ басшысын сайлай алады. 

Тығырыққа тіреген террорлық шабуылдар

Өкінішке қарай, тауық жылын жаппай қырып-жою оқиға­ларынсыз өткізе алмадық. Бірінен соң бірі қайталанған шабуылдар мыңдаған адамның өмірін әкетті. Жылдың бірінші күні Ыстанбұлдағы түнгі клубтардың бірінде Өзбекстан тумасы Абдулқадір Машарипов оқ жаудырып, 39 адам қайтыс болды. Шабуылды ДАИШ террорлық ұйымы өз мойнына алды. 

22 мамырда Ұлыбританияның Манчестер қаласында Ариана Гранде есімді америкалық әншінің кон­­цертінде жанкешті лаңкес өзін-өзі жарып, концертті тамашалауға келген 22 адамның өмірін қиды. Террор­шының қолынан бір адам қа­за тапса, соны зорайтып көр­се­­тетін Батыс қоғамы үшін бұл үл­­­кен қайғылы оқиға еді. Бұдан сұм­­­дық шабуыл болуы мүмкін емес­тей көрінді, алайда араға тө­­рт ай салып, 1 қазанда АҚШ-тың Лас Вегасындағы концертте Сти­вен Паддок есімді азамат жа­қын маңдағы қонақүйден оқ жаудырып, 58 адамды мерт қылды. 

Бұл – бейбіт, қауіпсіздік шаралары сақталған дамыған қоғамдағы оқиғалар. Әлемдік медианың назарынан тыс қалатын, соғыстан көз ашпай келе жатқан, экстремизмнің ошағы болып отырған елдердегі жағдай бұдан әлдеқайда қиын. Ирак, Сирия, Пәкістан, Ауғанстан, Египет және Сомали секілді елдерде лаңкестік жарылыстар күнде болып жатты. Жүзден аса адамның өмірін қиған 8 шабуыл болса, соның үшеуі Сирияға келеді екен. Жыл­дың ең сорақы шабуылы Со­мали астанасы Могадишода бол­ды. Жүк көлігінің жарылысы 512 адам құрбан болды. Esri.com 
cай­тының мәліметінше, биыл 1 099 тер­рорлық шабуыл болып, 7 455 адам өлімі тіркелген екен. 

Жылдың жағымды жаңалықтары

ДАИШ террорлық ұйымының Сирия мен Ирактағы жаулап алған жерлері тұтастай босатылды. Біреулер мұны ДАИШ-тің түбегейлі жеңілісі деп бағаласа, біреулер ұйымнан келер қауіп әлі сейілген жоқ дейді. Сириядағы аза­маттық соғысты пайдаланған террор­лық ұйым 2014 жылы күші­не еніп, Шам елі мен Ирактағы көп­теген қалаларды басып алды да, қысқа уақытта үлкен күш жи­нап, әлемнің назарын өзіне бұр­ды. Бұл ұйым өзгелерден жоға­ры деңгейдегі ұйымдасуымен ерек­шеленді. Қуаты мықты, қара­жа­ты мол ДАИШ коммуни­кация құ­ралдарын да тиімді пайда­лан­ғаны белгілі. Нәтижесінде, мүдделі елдердің бәрі жұмылып ДАИШ-пен күресті. Үш жылға созылған тар­тыстың әсерінен би­ылғы көк­темде Ракка, шілдеде Мо­сул терроршылардан азат етілді. Жел­тоқ­санда қалған территориялар да тазартылып, ДАИШ талқандалды деген ақпарат таралды. Жағдайды пайдаланған Ресей президенті Владимир Путин Сириядағы Ресей әскерін елге қайтаратынын мәлімдеді. 

Жағымды жаңалықтар легін Сауд Арабиясы жалғастырды. Би­ыл саудиялықтар әйелдер қау­ым­ының құқықтарын кеңейтіп, көлік айдауға, спорт стадиондарына кіруге мүмкіндік берді. Сонымен қатар осыған дейін тыйым салынып келген концерттер мен кинотеатрларға рұқсат етіл­ді. Бұл 2013 жылдан бері жал­ғасып келе жатқан еркіндік тол­қынының жалғасы еді. Сол жыл­дан бастап саудиялықтар уа­хаббизмнің қатып қалған кей­бір қағидаларынан бас тартып, ли­бералдық құндылықтарды қа­былдай бастады. Мәселен, 2013 жылы сол кездегі ел басшысы король Абдуллах беделі жоғары Шура кеңесіне 30 әйелді мүшелікке қабылдады. Ал 2015 жылдың 12 желтоқсанында әйелдерге дауыс беру және сайлану құқығы берілді. Бұл жылдар бойы әйелдер құқығы үшін күрескендерге үлкен жеңіс болды. 2016 жылдың сәуірінде мұрагер ханзада Мұхаммед бен Салман Сауд Арабиясының 2030 жылға дейінгі жол картасын жариялап, мұнайға тәуелсіз экономика құруға бет алғанын көрсетті. Осы арқылы саудиялықтар әйел­дер­дің қоғам мен экономиканы да­мытудағы әлеуетін мойындады. 

Биылғының негізгі әлемдік оқи­ғалары – осылар. Аталған та­қы­рыптардың бәрі «Егемен Қа­зақ­стан» газеті беттерінде сапалы са­раптама күйінде уақтылы жарық көріп отырды. Осылайша Тауық жылы түрлі деңгейдегі тартыстар мен тарихи сәттерге толы жыл болды. 

Дархан ӨМІРБЕК,
«Егемен Қазақстан»