Қазақстан • 29 Желтоқсан, 2017

1 қаңтарда Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі төрағалығын бастайды

544 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қаңтардың 1-нен 31-не дейін Қазақстан тарихта тұңғыш рет Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының өкілеттілігін орындауға кіріседі.

1 қаңтарда Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі төрағалығын бастайды

Төраға Қауіпсіздік Кеңесінің қызметіне жалпы басшылық етеді, БҰҰ Хатшылығының көмегімен Қауіпсіздік Кеңесінің күнделікті үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді. Төрағалықтың міндеттеріне Қауіпсіздік Кеңесі мүшелерінің келісімі бойынша Кеңестің атынан, сондай-ақ бейресми консультациялар барысындағы талқылаулардың қорытындылары бойынша және Қауіпсіздік Кеңесі әрдайым қандай да бір құжаттың мәтіні бойынша келісімге қол жеткізген кезде баспасөз алдында мәлімдемелер жасау кіреді.

2 қаңтарда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше елдердің тұрақты өкілдері қаңтар айында төрағалықтың бағдарламасын қарастырып, қабылдайды деп күтілуде. Сонымен қатар Қауіпсіздік Кеңесі мүшелері болып табылмайтын БҰҰ-ға мүше елдер, баспасөз бен Үкіметтік емес ұйымдар үшін Кеңес жұмысының бағдарламасы туралы брифингтер өткізіледі. Қазақстанның бастамасымен Кеңестің тұрақты емес мүшелері ретінде екі жылдық мерзімге сайланғанына байланысты Қауіпсіздік Кеңесінде алғаш рет Кот-д'Ивуар, Кувейт, Нидерланд, Перу, Польша және Экваториалды Гвинея елдерінің байрақтарын ресми түрде орнату рәсімі өтеді.

18 қаңтарда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен БҰҰ ҚК мүшелерінің «Жаппай қырып-жою қаруын таратпау: сенімді нығайту шаралары» тақырыбында жоғары деңгейдегі тақырыптық пікірталастары өтеді.

19 қаңтарда «Қауіпсіздік пен дамудың өзара тәуелділік үлгісі ретінде Ауғанстан мен Орталық Азиядағы өңірлік әріптестікті құру» тақырыбында БҰҰ ҚК-нің министрлік пікірталасы өтеді. Орталық Азия мен Ауғанстан елдерінің Сыртқы істер министрлері, сондай-ақ БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше елдері сыртқы саяси ведомстволарының басшылары қатысады деп күтілуде.

25 қаңтарда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің Тұрақты өкілдері деңгейінде «Таяу Шығыстағы жағдай, соның ішінде Палестина мәселесі» тақырыбында тоқсан сайынғы ашық пікірталастары өтеді.

Сонымен қатар дәстүрлі түрде қаңтар айында Қазақстан төрағалығының аясында Кеңесте Сирия, Либия, Конго Демократиялық Республикасы, Орталық Африка Республикасы, Дарфур, Батыс Африка және Сахель, Оңтүстік Судан, Мали, Сомали, Кипр және Колумбия елдеріндегі жағдай бойынша ашық және жабық пікірталастары өтеді. Төрағаның бірқатар қарарлары мен мәлімдемелерінің қабылдануы жоспарлануда.

2017-2018 жж. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі ретіндегі Қазақстанның басымдықтары Президент Н.Назарбаевтың БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне арналған «Қауіпсіз, әділ және гүлденген әлем құру үшін  жаһандық әріптестікті нығайтуға қазақстандық тұжырымдамалық көзқарас» атты саяси жолдауында көрсетілген. Олар жетеу: I) ядролық қарусыз әлемді жақындату; II) жаһандық соғыс қатерін болдырмау және жергілікті жанжалдарды реттеу; III) өңірлік қауіпсіздік пен ынтымақтастықты нығайтуда Орталық Азияның мүдделерін ілгерілету; IV) терроризмге қарсы күрес; V) Африкадағы бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселелері;VI) қауіпсіздік пен орнықты дамудың арасындағы ажырамас байланыстарды қамтамасыз ету; VII) Қауіпсіздік Кеңесі мен бүкіл БҰҰ жүйесін XXI ғасырдың қауіп-қатерлеріне бейімдеу.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде төрағалық ету жоғары халықаралық мәртебе болып табылады, себебі Қауіпсіздік Кеңесі мәжбүрлеу шараларына, экономикалық санкцияларға немесе ұжымдық әскери әрекеттерге қатысты шешімдер қабылдай алады. БҰҰ-ның Жарғысына сәйкес Қауіпсіздік Кеңесі бейбітшілік пен халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін басты жауапкершілікті өзіне жүктейді және БҰҰ-ның барлық мүшелері оның шешімдеріне бағынуға міндетті.