Қазақстан • 01 Қаңтар, 2018

Тоқтар Әубәкіров: Технологиядағы табыс жылы болсын

548 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тұңғыш қазақ ғарышкері – Қазақстанның Халық қаһарманы, Кеңес Одағының Батыры, КСРО-ның еңбек сіңірген сынақшы-ұшқышы, авиация генерал-майоры, Аустрияның «Алтын Крест» ең жоғары орденінің иегері Тоқтар Әубәкіров барша қазақстандықты жаңа жылмен құттықтады.

Тоқтар Әубәкіров: Технологиядағы табыс жылы болсын

Қазақ ұғымында ит жеті қазынаның бірі саналады. Есігімізден енген 2018 жыл сонысымен қазақ үшін қасиетті де қымбат қой деп ойлаймын. Ғасырлар бойы ғарышты игеруге ынтыққан адамзат өкілі алғаш рет алыс та ауыр сапарға тірі жан-жануар ішінен итті ұшыруы, мүмкін, белгілі бір дәрежеде ойластырылмаған сәйкестік те шығар. Бірақ – ақиқат. Адамазат баласы сол бір ғылыми тәжірибеден соң ғарышқа өзі аттанды. Қазақ аңшысының алдында иті немесе тазысы жүретінін көз алдарыңызға елестетіңіздерші!.. 

Қазақстан тәуелсіздік жылдары ішінде жаңаға деген зор құлшынысы мен талпынысы арқасында ғарыш саласын игеруде әлемде ойып тұрып өз орнын алды. Әлемдік салмағы бар Байқоңыр ғарыш кешенін көрші Ресей мемлекетімен бірлесе игеріп келеміз. Осы арада ескеретін бір жайт – ғарышта, экономикада, халықаралық қатынаста бүгінгі таңда цифрлы техногия ең бірінші орында тұр. Қазір осындай әлемдік ең үздік технологиядан қол үзіп қалсақ, одан кейін біз оны өмір бақи қуып жете алмаймыз. Мемлекеттік «Болашақ» бағдарламасымен шетелден оқып келіп жатқан жастарымыз бар. «Қазақстанды жаңа технология мен техникалық ілім жағынан көтереміз» дейді олар бірауыздан, соны өз құлағыммен естігенде қатты қуанып қаламын. Елімізге серпін берген мұндай ғасырлық жаңа технологиялық қозғалысты мен өз басым екі қолымды көтеріп қолдаймын. Қазақ жастарының «Байқоңыр» ғарыш кешенін емін-еркін игеріп алатынына менің сенімім мол. Оның алғашқы қадамдарын көріп те жүрмін.

Әлемді аузына қаратқан Кеңес Одағы мен Америка Құрама Штаттары сияқты алып мемлекеттер кезінде ғарыш кеңістігін игеру үшін орасан зор қаржы, тіпті әсірелеп айтсақ, соңғы тиынына дейін жұмсады. Еуропадағы ғарыш қауымдастығының да белгілі мөлшерде қаражат пайдаланатыны ақиқат. Көршіміз Қытайдың ғарыш саласына деген ұмтылысы мен талпынысы ғарыштық жылдамдыққа теңесіп қалды. Қазақстанда қымбатқа сатып алған ғарыштық технологиялық құрылымдар пайда бола бастаған кезде «Ертең Ресей Байқоңырдан бар техникасын алып кетсе, ғарыш кешенінің болашағы қандай күй кешпек? Біз бүгін ауылды көтере алмай отырмыз, ғарышты қалай көтереміз?» деген әңгімелерді де естігенбіз. Қазір заман өзгерді. Ең қуаныштысы, жаңа технологияның еліміздің болашағы үшін маңызы зор екенін қазақ халқы, Қазақстанда тұратын барша ұлт өкілдері түсінді.

Күні кеше ғана Мәскеуде өткен ТМД мемлекеттері басшыларының бейресми саммитінде Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің Елбасымыз – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстанда өтетін цифрлы технологияны дамыту жөніндегі жоғары сарапшы мамандардың басын қосу туралы бастамасымен тектен-тек құттықтамаса керек. Демек, ол жүздесудің әлемдік маңызы зор. Міне, Қазақстанның бүгінгі болмысы осындай!

Менің жыл басындағы ақ тілегім – Қазақстанымыз жаңа технология саласында тек қана үздіктер қатарынан көрінсін!

Соңғы жаңалықтар