Қазақстан • 01 Қаңтар, 2018

Менің атым – Ёлка!

342 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ёлка Сейітбайқызы Пограничник ауылындағы Бауыржан Момыш­ұлы атындағы мектепте мұғалім болып еңбек етеді.  

Менің атым – Ёлка!

Еліміз егемендігін алған сәтте-ақ, Ұланбатырда тұратын Сейітбай Күжкей ағамыз бен Күлсай Көксеген апамыздың отбасы атамекенге қарай асығыс жиналды. 1992 жылы еңбек шарты бойынша елге қарай бет түзеген көштің ішінде алғашқылардың бірі болып жетті. Баян­ауылдың Жүсіпбек Аймауытов атындағы ауылына қоныстанды.

– Аймауытовтың аты сол кезден жүрекке орнықты. Көшке рух бергендей. Ол кезде мен 8 жаста едім. Келе сала құрылыс бастап, әкем бастаған көш 20 шақты үй салды. Осы үйлерге бәріміз қоныстандық, – дейді Ёлка елге келуін еске алып.

Қазір Сейітбай Күжкейдің үлкен отбасы немере, шөберелерімен Ақсу қаласы аумағына қарасты Пограничник ауылында тұрады. Күлсай апамыз «Алтын алқа» иегері. Октябрь, Нұрлан, Нұржан Ержан, Біржан, Ёлка, Бекжан, Марта, Берікбол атты 9 бала тапқан ана. Барлығы да Ұланбатыр қаласында дүниеге келіпті.

– 5 ұлдан кейін туған маған әкем Ёлка деген есім беріпті. Мен 1983 жылы 29 желтоқсанда жаңажылдық мереке қарсаңында Ұланбатырда дүниеге келдім, – дейді Ёлка.

Бұл күндері Ёлканың ағалары осы ауылда тұрады. Барлығы да темір жол бойында еңбек етуде.

– Жеңгелерім мұғалімдер. Інім Бек­жан Ақсу қаласында тұрады, зауытта жұмыс істейді. Марқұм Ержан ағам жасөспірім кезінде Моңғолияда қайтыс болды. Кенже інім Берікбол қарашаңырақта ата-анаммен бірге. Ол да теміржолшы, келініміз балабақшада қызметте, – дейді.

Ёлка сіңліміздің Рамазан, Шыңғыс, Кәмшат атты үш баласы өсіп келеді. Ата-әжелерінің ортасында. Жолдасым Улавхан Дәулетбек те теміржолшы. Ол да Моңғолияның Төв аймағында 1983 жылы 15 қарашада дүниеге келіпті. 2006 жылы Ёлкамен отбасын құрған. Улавхан мен Ёлка 1-сыныптан бастап бірге оқыған екен. Парталастар достығы махаббат сезіміне ұласқан.

– Бала кезімде есімімді өзгертем деп армандаушы едім, Шынар деген есім ұнайтын. Шынар да қасиетті ағаш қой. Бірақ өз атыма әбден үйреніп кеттім. Менің әке-шешемді, отбасымды жыл сайын бақытқа, қуанышқа жеткізетін, басқа адамдарды таңғалдыратын ерекше есіміме қазір ризамын, – дейді ол.

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Павлодар облысы,

Ақсу қаласы,

Пограничник ауылы

Суретте: Ёлка мен Улавхан