Әлем • 04 Қаңтар, 2018

«Жұмыртқа шеруі». Иранда наразылық акциялары өтті

198 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

BBC мәліметі бойынша, Ирандағы шеруде 22 адам көз жұмған. Ирандық БАҚ жұрттың қай жерде опат болғаны туралы ақпарат таратпады. Ал осыған дейін алты адамның Изе қаласында көз жұмғаны белгілі болды. Шерушілер ел президенті Хасан Руханидің тәртіпке шақыруына да құлақ аспады. Иран басшысы өз сөзінде азаматтар билікті сынға алып, ойын еркін білдіре алатынын жеткізді. Сондай-ақ ол шеру кезінде зорлық-зомбылыққа жол берілмейтінін айтты. Наразылық шерулер Керманшах, Хорремабад, Шахиншехр және Зенджан қалаларында өтті. 

«Жұмыртқа шеруі». Иранда наразылық акциялары өтті

Биліктің қадамы

Иранның рухани көсемі Аятолла Әли Хаменеи елдегі шеруді Иранның «жаулары» қару, ақша, саясат және барлау қызметтері арқылы ұйымдастырды деп айыптады. Сарапшылардың пікірінше, Хаменеи «Иранның жаулары» деп Израиль, АҚШ-ты және Тегеранның аймақтағы бәсекелесі Сауд Арабиясын мең­зеген. Сондай-ақ Иран Жоғарғы ұлттық қауіпсіз­дік кеңесінің хатшысы Али Шамхани Сауд Арабиясына қарсы Иран жауап қатады және оның қаншалықты қатаң болатынын «олардың өзі сезіп отырған болу керек» деп мәлімдеген.

Ал Иран президенті Хасан Рухани билік мемлекет мүлкі­не зиян келтіретіндердің, қоғам­дық тәртіпті бұзған немесе тәртіп­сіздікке шақырғандардың қылы­ғына төзбейтінін ескертті. Тәр­тіп сақшылары бірнеше күн ішінде 400 адамды қамауға алды. Оның жартысы 1 қаңтарға қараған түні Тегеранда қамалды. Билік Telegram және Instagram желі­леріндегі халықты наразылыққа шақырды деген аккаунттарды бұғаттап отыр. 

Халықаралық қауымдастықтың ұстанымы

«Ирандағы ірі көтеріліс­тер. Жұрт ақыры ойланды-ау. Олардың байлығы, ақшасы ұрланып, терроризмге жұмса­лып жатыр. Халық енді оған төзбейтін секілді. АҚШ адам құқығын бұзушыларды назарда ұстап отырады», деді АҚШ президенті Дональд Трамп Twitter желісіндегі парақшасында. Ал оған жауап ретінде Хасан Рухани АҚШ президентін «Иранның жауы» деген мәлімдеме жасады. Сонымен қатар АҚШ-тың БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Никки Хэлей Иран билігінің шеру­ді сыртқы жаулардан көруін «мүлдем қисынсыз» деп атады. Елші Хэлей Ирандағы жағдайға байланысты АҚШ БҰҰ-ның төтенше отырысын өткізу туралы ұсыныс жасауды жоспарлап отырғанын жеткізді. 

АҚШ-тан бөлек Еуропалық одақ, Түркия және Франция Ирандағы шеруге қатысты өз алаңдаушылықтарын білдір­ген. Мәселен, ЕО Иран билігімен бай­ланыста екен­дігін айта келе, Теге­ранды өз азаматтарына бей­біт шеру ұйым­дастыру құқы­ғын қамта­ма­сыз етуге шақыр­са, Түркия наразылықтың кеңі­нен таралып, жағдайдың ушы­ғып кетуіне алаңдаушылық таныт­қан. Ал Франция билігі шеру кезінде құрбан болғандар мен қамауға алынғандардың санына қатысты өз уайымын жеткізген. 

Шерушілердің талабы

BBC мәліметі бойынша, Иран халқының соңғы он жылда жағдайы бір­шама нашарлаған көрінеді. Алғашқыда Машхад қаласында бағаның өсуі мен жемқорлық­қа қарсылық ретінде бастал­ған шеру кейіннен ел билігі­не саяси талаптар қоюға ұлас­ты. Наразылық шерулері­не көбіне жастардан жинал­ған топтар қатысып жатыр. Олар клерикалдық режімді құлатуды талап етеді. Сонымен қатар кейбірі монархияны қайтып орнатуды талап етті. Акциялар Иранның шағын қалаларына да тарап кетті. Алдағы уақытта көлемі артуы мүмкін. Дегенмен, саяси талаптардың қаншалықты орын­далатыны белгісіз. Өйт­кені шерушілердің арасында нақ­ты бір көшбасшылары жоқ. 

«Жасыл қозғалыстан» «жұмыртқа шеруіне» дейін

2009 жылы сайлаудан кейін президент лауазымына Махмұд Ахмадинежадтың отыруы көпшіліктің наразылы­ғын тудырды. Салдарынан наразылық акциялары өтіп, оған «Жасыл қозғалыс» деген атау берілді. Сол тұста оппозицияны миллиондаған адам қолдады. Қозғалыстың негізгі қозғаушы күші ел астанасы Тегерандағы орта тап болды. Шеру кезінде кемінде 30 адам қаза тауып, мыңдаған тұрғын қамауға алынды. Бұл Иранда 1979 жылғы Ислам революция­сынан кейін тіркелген ең ірі шеру болды.

Ал тұрмысы төмен халық­тың басты тұтыну тағамы саналатын жұмыртқа бағасы­ның қымбаттауына қарсы­лық ретінде туған қазіргі наразылықтар «жұмыртқа шеруі» деген атауға ие болды. «Жасыл қозғалыстан» бұл шерудің бірнеше айырма­шылығы бар. Біріншіден, «жұмыртқа шерулері» орта тап көптеп саналатын ірі қалалардан бөлек, күнкөрісі төмен 50 шақты орта және шағын қалаларда өтуде. Екіншіден, 2009 жылғы «Жасыл қозғалыс» кезінде наразылықты оппозиция ли­дері бастап жүрсе, қазіргі шеруде нақты көшбасшылар жоқ. Үшіншіден, тоғыз жыл бұрын шерушілер сайлау­дағы заң бұзушылықты алға тартып, сол кездегі президент М.Ахмадинеджадтың билігіне қарсы шықса, осы жолы шерушілер президент Х.Руханимен қатар елдің рухани көсемі Аятолла Хаменеиге қарсы ашық наразылықтарын білдіруде. 

Осы ерекшеліктермен қоса, нақты болжауға қиын­дық туғызатын биліктің бола­шақ­тағы қадамдарын және халықаралық қоғамдастықтың ұстанымын есепке ала отырып, дәл қазір «жұмыртқа шеруінің» соңы неге ұласатынды­ғын дөп басып айту мүмкін емес. Алайда, сарапшылардың бір тобы шеру революцияға ұла­сып, елдегі режімнің ауысуы­на алып келеді десе, екінші то­бы азаматтық соғыстың ауылы алыс емес дегенді айтады. Үшін­­ші бір топ билік қатаңдық т­аны­ту арқылы өз билігін сақтап қалады деп болжауда. 

Шалқар НҰРСЕЙІТ,
«Егемен Қазақстан»