Саясат • 04 Қаңтар, 2018

Елбасына жазылған хаттардың авторы жайлы ой-толғаныс

250 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қазақстанның Еңбек Ері, екі мәрте «Отан», «Құрмет Белгісі» ордендерін кеу­­десіне таққан, «Алтын барыс» төс­бел­гісінің иегері, облыстың құр­мет­ті азаматы, даңғайыр диқан, біл­гір ұй­ымдастырушы, білікті басшы, «Зен­ченко және К» командиттік серік­тес­­тігінің бас директоры Геннадий Ива­нович Зенченконың қазасына бай­ланысты Президенттің көңіл айту же­делхатында оның өмірін ауыл ша­руа­шы­лығына арнағаны, еліміздің эко­но­микалық-әлеу­меттік дамуына өл­шеу­сіз үлес қосқаны, еңбекпен есейген аза­маттың адами қасиеттері, жоғары кәсіби шеберлігі, бай тәжірибесі, өз ісі­не деген адалдығы ерекшеленіп тұратыны, бұл еңбегі Қазақстанның Еңбек Ері жоғары марапатымен, басқа да мемлекеттік наградалармен атап өтілгені ай­тылған-ды. Содан бері арада тұп-тура бір жыл өтті. 

Ел тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерейтойына арналған салтанатты жиында Мемлекет басшысы жеке мұрағатында сақталған Геннадий Ивановичтің екі хатын оқып беріп, Қазақстан бизнесі «капитандарының» табыстары мен нақты өмірбаяндары бүгінде баршаға мәлім деп жоғары баға берген еді. Біз әңгімені осы төңіректе өрбітпекпіз. 

Елбасына жазылған хаттардың авторы жайлы ой-толғаныс

БІРІНШІ ХАТ
немесе қиындықта шыңдалған талай биік шыңды алған

Жеке архивте сақталған хаттың алғашқысы осыдан ширек ғасыр бұрын, 1991 жылы келген. Онда «Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Біз қазір республикамыз үшін күрделі кезең екенін жақ­сы білеміз. Ашығын айтсам, ауылда да жағдай өте ауыр. Бүгінгі күні 2,5 мыңнан астам ұжымшар мен кеңшардың жағдайы сын көтер­мейді. Жақында халықпен кездескен кезіңізде Сіз былай дедіңіз: «Отаның мықты кезде оны сүю де жеңіл әрі жағымды. Отаныңды сын сағатында сүйген анағұрлым маңыздырақ». Біз сын сағаты туғанын түсінеміз, бірақ Сіздің балаларымыз бен немерелеріміздің бақытты да бақуатты өмір сүрулері үшін Қазақстанды өсіп-өркендеген мемлекетке айналдыратыныңызға сенім­діміз. Біз тек Сізге деген сеніммен ғана тіршілік кешудеміз» деп жазылған.

– Нұрсұлтан Әбішұлы салтанатты жиналыста реформаларға бағаны нақты адамдар берді, олар ең­бектерімен өздерінің және еліміз­дің болашағын құрды. Сондықтан Қазақстан қазір қай кездегіден де өз күшіне сенімді көрінеді деген еді. Ел­ба­сымен бірге тәуелсіз мемлекет ірге­сін қа­лыптастырып, қи­ын­дықтарды еңсе­рушілердің алдың­ғы қатарында әкемнің жүруі – біз үшін зор мәр­тебе, үлкен мақтаныш. Бүгінде гүлденген елімізді бүкіл әлем таныса, егемендіктің елең-алаңында жағдай мүлдем басқаша болатын. Біз әулетімізбен диқаншылықты кә­­сіп етіп келеміз. Атамыз Иван Еме­ль­я­н­ович жер-ананы еміп өсті. Кеңшар бас­­қарып, іскерлігімен танылды, – деді әң­гімелескенімізде Геннадий Иванов­ич­­тің ұлы, бүгінде серіктестіктің тіз­гі­нін нық ұстап отырған Геннадий Ге­нна­дьевич.

Геннадий Иванович еңбек жолын қара жұмыстан бастап жүргізуші, меха­ник, бас инженер, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бас­тығы секілді сатылардан өтіп, шар­болаттай әбден шыңдалған. Сырт­тай оқып, білімін жетілдірген. Ең­бек­тің қайнаған ортасында жүріп, шаруа­шы­лық жүргізудің әліппесін, қыр-сы­рын жетік меңгерген. Бірбеткей, қай­сар мінезінен талай таяқ жесе де, шын­дық үшін шырылдап, ақиқат үшін алы­суды өмірлік мақсатқа айнал­дыр­ған. Аудандық атқару комитеті төр­а­ғасының орынбасары қызметінде жүр­генде дөкей бір басшылармен ке­ліспей қалып, оның ақыры артта қалғ­ан шаруашылықтардың біріне ди­ректор бо­лып кетуіне тура келген. «Ново­ни­кольское» кеңшарына жі­бе­рілгенде қылшылдаған қырық жаста екен. Ол кеңседе отырып «қағаз кеміргеннен» гөрі қарапайым адамдармен етене араласуды ұнататын. Бөлімшеге көбірек ұқсайтын кеңшар орталығында сол жылы шаруа­шы­лық әдіспен үйлер салына бастайды. Жылына 30-40 үйге дейін тұрғызылған. Ірі қара мал табындарын туберкулезден сауықтыруға келгенде үлкен тығырыққа тірелген. Кеселдің әбден асқынып кеткені соншалық, бақ­та­шы, сауыншылардың арасына жайыла бастаған. Екі жыл бойы жұқпалы індетпен бел шеше күресіп, Балтық жа­ғалауындағы елдерден жоғары өнім­ді қа­ра ала тұқымды бір мың бас құнажын сатып әкеліп, табындарды жаңартқан.

– Әлі есімде, – деді Геннадий Генна­дьевич өткен күндерді еске алып. – Бір күні үйге көршілес «Чапаев» кең­­шарының директоры Руслан Бек­у­заров келді. Екеуара әңгіме ауаны­нан келелі мәселені талқылауға кіріс­кен­дерін аңғардым. Ара-тұра Пре­зид­ен­тіміздің аты-жөні аталып қалады. Шаруашылықтың түтіні түзу ұшып, дәу­­летіне сәулеті жараса бастаған шақ­­­та Кеңес Одағы ыдырап, ізін ала же­ке­шелендіру науқаны басталғаны мәлім. Әкемнің бар ойы – жылды таза пай­дамен қорытындылаған кең­шар­ды тұтас күйінде сақтап қалу. Жо­ға­ры­дағы шенеуніктер «нұсқауды орындаң­дар, малдың көзін құртыңдар» деп жаналқымға алды. Қирату оңай, қа­лыпқа келтіру қиын деген уәжін тыңдар құлақ болмағасын мысқалдап жиналған ел байлығын шөміштеп шаша алмаймын. Оған жол бермеймін, деп ақыры шаруашылықты сақтап қалды.

Елбасы мен әкесі арасындағы ал­ғаш­қы жүздесу үлкен экономикалық қи­ындықтарға тап болған 90-жыл­дары басталған. Күрмеуі қиын уа­қытта облыста жұмыс сапарлармен бол­ған Президент «Новоникольское» кең­ша­рына бірнеше рет келіп, жағдаймен жіті танысқан. Оның соңы достыққа жалғасқан. Нұрсұлтан Әбішұлының қарапайымдылығы, уәдеге беріктігі, батылдығы, шешім қабылдаудағы жігерлілігі, сұңғыла саясаткерлігі керемет тәнті еткен. 

Геннадий Иванович теріскейге голландық әдіспен картоп егудің озық жобасын бірінші болып енгізді. Зама­науи технологияға негізделген кешенді сүт фермаларын жабдықтаумен айналысты. Кез келген іске мемлекеттік тұрғыдан қарайтын ол адамдардың жанын шер, жүзін мұң торлаған өтпелі кезеңде Елбасының сенімді серігіне айналып, айқындап берген міндеттер мен талаптарды мүлтіксіз жүзеге асыра білуімен тұғыры биік тұлға екенін дәлелдеп берді. 

ЕКІНШІ ХАТ
немесе жер емгеннің жерде қалмайтынын жете түсінген әулет

Геннадий Ивановичтің екінші хаты 2016 жылдың басында келген. «Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! «Біз Сіздің Қазақстанды өсіп-өркендеген мемлекетке айналдыратыныңызға сенімдіміз». Бұл сөз тіркесін мен Сізге осыдан тура 25 жыл бұрын жазған едім, бәріміз 90-шы жылдардың күрделі кезеңдерін басымыздан өткеріп жатқан шақта. Міне, бүгінде Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығында Сіз біздің барлық арман-аңсарларымызды іс жүзіне асыра алдыңыз.

Біздің әрқайсымыз Сіздің алдыңыз­да қарыздармыз. Менің өз шаруа қожа­лығым бар. Бұл – менің өмірім, менің жұмысым, менің табысым мен отб­асымның игілігі. Бүгінде немере­ле­рімнің өзі жер емгеннің жерде қал­май­тынын түйсіне бастады. Біз бүкіл еліміз бойынша мыңдаған гектар орман өсіріп, жаңа елорда, жолдар, зауыттар мен фабрикалар салдық! 

Сіз – біздің мәңгілік Елбасымызсыз! Сіз­ге еңбегіңіз үшін, өзіңіз құрған Қазақстан үшін рахмет айтамыз және басымызды иеміз», делінген онда.
«Мен келешекке сеніммен қарай­мын және тек алға жүру керек деп есептеймін». Бұл – Геннадий Ива­но­­вич­тың өмірлік ұстанымы! 2008 жы­лы еліміздің экономикалық жә­не әлеуметтік-гуманитарлық дамуында айрықша табысқа жеткен қазақс­тан­дықтарға берілетін Қазақ­стан­ның Ең­бек Ері жоғары атағын иеленіп, «Алтын Жұл­­дыз» бен «Отан» ордені қоса тап­сы­рылғанда қолданылып жатқан озық жо­балар мен технологиялар жайлы жан-жақты сипаттама берген болатын. Ен­дігі міндетіміз – мал басын ұдайы өс­іру» дей келіп, марапат сәтінде Мемлекет басшысының «Білесің бе, Геннадий Иванович, алғашқылардың бірі болып осы награданы алғаныңа қуаныштымын. Сен оған лайықсың. Саған еңбегің үшін рахмет», деген жү­ре­к­жарды лебізіне көңілі қатты толқы­ға­нын жасыра алмаған. Сөз арасында Еңбек Ері жұлдызының айналаны нұр­ландырып тұратын жеті сәулесі бо­латынын, бірінші сәулеге Елбасын, одан кейінгілеріне – басты асыраушымыз Жер-Ананы, кіші отанның ұйыт­қысы отбасын, ұйымшыл ұжым­ды жат­қызатынын тарата айтып, шешіле сөйлеген. Одан әрі егістік алқаптарды құнарландыру, астық өсіру технологиясын жетілдіру, жемшөп базасын нығайту мәселелері жайлы толғана сыр шерткен. Канада, АҚШ фермерлерінің үлгі тұтар өнегелі істері мен тағылымды тә­жірибелерінен үйрену артықтық етпейтініне мысалдар келтірген. 

Оның есімі республика жұртшы­лы­ғына ауыл шаруашылығы өндірісін ал­ғаш ұйымдастырушылардың бірі ретінде жақсы таныс. Ең қиын кездер­де әрдайым Елбасының жанынан табылып отырды. Өзі бастаған кәсібін ең жоғарғы деңгейге жеткізді. Барлық мақсат-мүддесі, арман-тілегі Қазақстанмен тығыз байланысты. Еңбекке деген шынайы көзқарасы, елді, отанды сүюге деген құштарлығы жастарға үлгі-өнеге.

Экономиканың ауыр жылдарында нарыққа бейім құрылған серіктестік бұл күндері экологиялық таза, бағасы қол­жетімді өнімдерімен танымал, замана­уи ауыл шаруашылық кластері са­налады. Үдемелі индустриалдық-инно­вациялық жобалар шеңберінде то­лық автоматтандырылған сүт зауы­ты іске қосылды. Мұнда күніне 80 тон­наға жуық сүт өңделіп, өнімнің 50-ден астам түрлері елімізбен қатар Ре­сей қалаларына да жөнелтіледі. Сүт өңдеу және қайта өңдеу бойынша бар­лық процесс автоматтандырылған сүт комбинаты бой көтерді. 7 мың ірі қа­ра малы бағылады. 30 мың гектарға жу­ық егістік алқабы бар. Қуаты 1,5 мега­ватт 2 жел энергиясын өндіретін қондырғысы пай­далануға берілді. 700-ге жуық адам жұмыспен қамтамасыз етілген. Мә­дени, әлеуметтік нысандар толық жұ­мыс істейді. 

«Мемлекет басшысының айтуынша, бұл хаттарда қазақстандықтардың Тәуелсіздіктің 25 жылында қалай өмір сүргені көрсетілген, – дейді Геннадий Ивановичтің ұлы Геннадий. – Әкем ел Президентін сайлау кезінде үш рет сенімді өкілі, республикалық штабтың белді мүшесі болды. Әкемнің бақытқа бөленген кейпі көз алдымнан кетпейді». 

Геннадий Ивановичтің көзі тірісін­де үлгірмеген істерін немересі Иван да ұрпақ сабақтастығы ретінде жал­ғас­тыруды парыз санайды. Ол се­рік­тес­тікте инженер болып еңбек етеді. 

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы, 
Қызылжар ауданы