Парламент • 04 Қаңтар, 2018

Сенаторлар Ақтөбе облысында жұмыс сапарында болды

281 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сенаторлар Марат Тағымов пен Мұхтар Жұмағазиев Ақтөбе қаласы мен Ақтөбе облысындағы Алға ауданындағы еңбек ұжымдарымен бірқатар кездесулер өткізді, деп хабарлайды Сенатының баспасөз қызметі.

Сенаторлар Ақтөбе облысында жұмыс сапарында болды

Парламентшілер еліміздегі мұнай және газ саласының сұранысын қамтамасыз етіп отырған Ақтөбе мұнай жабдықтары зауытында болды. Бұл кәсіпорынның өнімдері Қазақстандағы көмірсутегі кеніштерінің бәріне жіберіледі. Қазіргі заманғы жабдықтардың арқасында зауыт экспорттық әлеуетті ұлғайтуды жоспарлап отыр.

Депутаттар жаңа «Болашақ» шағын ауданында салынған № 68 орта мектептің ұстаздар ұжымымен кездесті. Сенатор М.Тағымов білім ұясының жоғары деңгейде материалдық-техникалық жабдықталғанын атап өтті. Оның айтуынша, мұнда уақыт талабына сай білім алу үшін барлық жағдай жасалған.

Облыс орталығына сапар бағдарламасы бойынша сенаторлар Әбілқайыр хан даңғылында орналасқан «Қазақ халқына мың алғыс» кешені мен «Жұбановтар әлемі» музей-үйінде де болды. М. Жұмағазиев ағайынды Ахмет және Құдайберген Жұбановтардың мұралары тек Ақтөбе емес, бүкіл еліміздің қазынасына айналғанын атап өтті. Өнерлі дарындар отбасы Жұбановтар Қазақстанның мәдениет саласына қомақты үлес қосты. Елбасының рухани жаңғыру бағдарламасын іске асыру аясында ашылған мұражай Қазақстан өнерінің ең үздік үлгілерін насихаттаудың тамаша мүмкіндігі болып отыр.

Депутаттар Алға ауданында болған кезде Бестамақ ауылындағы ыдыс-қаптау фабрикасының, «Ақтеп» және «Ақтөбе ет кластері» мекемелерінің жұмысымен танысты. Сенаторлар сондай-ақ мәдениет үйінде, мемориалдық кешенде болып, мемлекеттік-жеке әріптестік аясында салынған ауылдық дәрігерлік амбулаторияның қызметін көрді.

Депутаттар «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» бағдарламаларын іске асыру аясында Мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалуы туралы еңбек ұжымдарын хабардар етті. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына ерекше назар аударылды.

Аймақ тұрғындары еліміздің дамуына және азаматтардың әл-ауқатының артуына жаңа серпін беретін Мемлекет басшысының реформаларына қолдау білдірді. Кездесуге қатысушылардың ортақ пікірі бойынша, біздің елімізде технологиялық жаңғыртуға, оның ішінде отандық өнімдерді әлемдік нарыққа шығаратын аграрлық саланы дамытуға қажетті барлық ресурстар бар.

Депутаттармен әңгіме барысында ауыл еңбеккерлері аудандағы ауыл шаруашылығы кешені әлеуетін ұлғайтуға тікелей қатысты бірқатар мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, өнімдерге субсидия бөлу және оларды сақтандыру, ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру қағидалары, жаңа несие саясатының қолданылуы және ауыл еңбеккерлерін, шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдаудың тиімді тетіктерін пайдалану туралы айтылды.

Сенаторлар М.Тағымов пен М.Жұмағазиев аудандық әкімдік ғимаратында азаматтарды қабылдады.