Қазақстан • 04 Қаңтар, 2018

Астаналық 5 жолаушыға қоғамдық көлікте билетсіз жүргені үшін әкімшілік айыппұл салынды

266 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жыл басынан Астанада қоғамдық көлікте билетсіз жүрген бес жолаушыға айыппұл салынды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.

Астаналық 5 жолаушыға қоғамдық көлікте билетсіз жүргені үшін әкімшілік айыппұл салынды

Астананың қоғамдық көліктерінде Астана қаласының жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Бекмырза Игенбердиновтың бастамасымен құқық бұзушыларды анықтау мақсатында рейдтік іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Көліктік бақылау департаменті «Астана LRT» ЖШС мен Астана қаласы ІІД-нің жергілікті полиция қызметі бірлесіп ұйымдастырып жатқан шара қалалық бағдарлардың барлығын қамтиды.

«Рейд күндері қоғамдық көлікте жүргені үшін төлемнің жүзеге асу фактісін тексеретін көліктік бақылау департаментінің жұмысы күшейтіледі. Жолақысын төлеуден жалтарғандығы үшін жауапқа тарту жөнінде халықты ақпараттандыру, қоғамдық көлікте билетсіз жүрген азаматтарды анықтау, жолақысын төлеуден жалтару фактілерінің және қоғамдық көліктердегі жолақысын төлеуге қатысты басқа да құқық бұзушылықтардың алдын алу аталмыш акцияның мақсаты болып табылады», - делінген «Астана LRT» ЖШС-нің хабарламасында.

Еске салайық, 2018 жылдың 1қаңтарынан бастап Астананың барлық бағдарлы көлік құралдары жолақысын төлеудің электронды жүйесімен жабдықталған. Бұдан бұрын қолданылған жыртылмалы орама билеттер енді берілмейді. Бұдан былай жолаушылар ақшалай төлемді жүзеге асырған жағдайда, билеттерді жолақысын төлеудің электронды жүйесі арқылы алады. Сонымен қатар, жолаушылардың көліктік картаның көмегімен де жолақысын төлеу мүмкіндігі бар. Ол үшін жолаушы картасына алдын ала ақша құйып алуы тиіс.

2018 жылдың басынан 5 жолаушыға қоғамдық көлікте билетсіз жүргені үшін әкімшілік айыппұл салынды.

Қоғамдық көлікте жолақысын төлемегендерге жергілікті полиция қызметі 2 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде әкімшілік айыппұл салады. Ол 4810 теңгені құрайды.

«Астана LRT» ЖШС-де белгілі болғандай, мұндай акциялар жүйелі түрде өткізіледі деп жоспарлануда.

Мұнымен қоса, рейд барысында жолаушылардың билетсіз жүруіне мүмкіндік берген 15 кондуктор анықталған болатын. Мұндай әрекеті үшін кондукторларға 5АЕК көлемінде, яғни 12025 теңге айыппұл салынады.