Аймақтар • 05 Қаңтар, 2018

Маңғыстауда «Туған жерге – тағзым» атты меценаттар форумы өтті

586 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елдің дамуы тек түрлі бағдарламаларға «ілініп», бюджеттен бөлінетін қаржылармен шектеліп қалмауы керек. Осы ойды ұстаным еткен маңғыстаулық кәсіпкерлер туған жердің, туған елдің көркеюіне өз үлестерін қосып келеді. Өңірде алғаш рет ұйымдастырылған «Туған жерге – тағзым» атты меценаттар форумында маңғыстаулық атымтайлардың түрлі әлеуметтік жобалардың іске асуына 43 млрд теңге қаражат жұмсағаны белгілі болды.  

Маңғыстауда «Туған жерге – тағзым» атты меценаттар форумы өтті

Ел үшін етігімен су кешер ерлердің орны қашан­да бөлек. Халқы­ның жел жағында жүріп, жұртының қамын жеу қазақтың қанында бар қасиет. Кәсібі өрге домалап, нәсібі молайса, «жемін ша­­шып» жейтін азаматтар – елдің жанашырлары, тәу­ел­сіздіктің нығаюына нақ­ты ісімен атсалысқан ерлер. Кәсіпкерлер мен халық мүд­­десін ескеріп, олар­дың еңбек пен іскерлік әрекет­терінің белсенділігін арттыру арқылы әлеуметтік жобаларды іске асыру, «Туған жер» бағдарламасы аясында өңірдің дамуына үлес қосып, елдің тұрақты экономика­лық кеңіс­тігін қалыптастыру мақ­сатындағы форум ел мен жердің көркеюіне әр салада қомақты үлес қосқан кәсіп­кер азаматтарды танытты. Маң­ғыстауда меценаттар­дың қаржылай қолдауымен ауылдар абаттандыры­лып, әлеу­меттік нысандар салынып жатыр, сондай-ақ тарихи ескерт­кіштер мен мәдени орын­дарды қалпына келтіруге ба­ғыт­талған жобалар да бар. Биыл 100 меценаттың демеу­шілігімен жалпы сомасы 43 млрд 699 млн теңге болатын 110 жоба жүзеге асырылған. 

«Туған жер» бағдар­ла­масы аясында халықтың жағ­­дайын жақсартып, қо­ғам­­дық санасын жаңғырту мақсатында, облыстың дамуы­­на ықпал ететін әлеу­меттік жобаларды ұсын­у мүм­кіндігі берілген аукцион өтті. Аукционға 7 жоба ұсынылды. Олардың бірі – жалпы құны 516 млн теңгелік Мұнайлы ауда­нын­дағы спортзал кешенін салу болса, екіншісі – инвестиция көл­емі 250 млн теңге қара­жат болатын Түпқараған ауданындағы спорт кеше­ні. Сондай-ақ Ақтау қала­сын­да Абай Құнанбаев пен Нұрмұхан Жантөринге ар­нал­ғ­ан ескерткіш орнату 80 млн теңгеге түспек.

Форумда «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы аясында аймақтың климаттық ерек­шелігіне байланысты об­лыс­тағы барлық білім беру ұйымдарында «Жасыл мек­тебім – жасыл мекенім» атты жобаның тұсауы кесіл­ді. Эко­логиялық мәсе­лені шешу үшін айналаны көгал­дандыру, балаларды ең­бекке баулу ар­қылы тәр­биелеу, оқушыларға арналған ғы­лыми-тәжірибелік орта­лық ашу, тамшылатып суа­ру, пай­даланған суды қай­­та өңдеу арқылы жаңа техно­­ло­­гия­ларды дамыту, мек­теп­­­терде өз өнімін қол­дану ар­қы­лы кәсіпкерлікті дамы­туды және бюджеттен тыс ин­вес­ти­ция­ларды тарту мәсе­лелерін шешуді мақсат еткен меценаттар мектеп жа­ны­нан өз қаражаттарына жылыжай салуды қолға алды. Форум ая­сында аукционмен бірге жаңа жобалардың көр­месі ұсы­нылып, еліне қыз­мет еткен атымтайлар марапатталды.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау