Қазақстан • 05 Қаңтар, 2018

Әміре Әрін: Елдіктің туын көтерген туынды

633 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Адамзат керуені шежіресінің әдетте кемел көшбасшы, жар­қын тұлғалар қолымен жасалынарын кәрі тарих дәйектейді. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» атты елдік туын көтерген кең тынысты туындысын оқып отырып осыған қайыра бір көз жеткізесіз. 

Әміре Әрін: Елдіктің туын көтерген туынды

Жаңа кітап жасымыз бар, жасамысымыз бар, Отанымызды сүйер патриоттардың күнделікті парақ­тар басты шығармасына, бағыт-бағ­дар алар шырағданына айналуы шарт деп есептейміз. Мұндағы қағи­дат­ты тұжырымдар жастар тәрбие­сін­де, орта және жоғары білім беруде әсіресе, мем­ле­кеттік қыз­мет жүйесінде кеңінен талқыла­нып, ғибратты қайнарға алынса – ұтқанымыз дер едік.

Иә, осы шығармада айтыл­ғандай, біз Елбасымен бірге қасиетті жерімізге ұйысқан ұлт­тарды ұйытып, ел татулығын, түр­лі дін өкілдерінің өзара түсі­ніс­тігін қамтамасыз еттік. Оттан да ыстық Отанымыздың өш­пес шырағын жарқырата жаға білдік. Мың өліп, мың тірілген ата мұ­рамызды әспеттеп, келер ұр­пақ мирас тұтар ұлттық құн­ды­лықтарымызды айшық­тадық. Асу бермес реформаларды ауыз­дықтап, елдің тұрмыстық әл-ауқа­тын жаңа деңгейге көтердік, эко­логияға өң беріп, демография­ны дамыттық. Көп ұзамай-ақ, әлем­дегі дамыған отыздықты айтасыз, алғашқы ондықтың көшіне еркін енерімізге бек сенеміз. Себебі елімізде бәріміздің де зор шабытпен өнімді еңбек етуімізге барлық жағдай туғызылған. Бай-қуатты, тай-тұяқтымыз. Елбасы тұғыры – еліміздің ғұмыры. Біз ертеңіне үкілі үміт артқан байтақ жұртпыз!

Бұл туынды, түптеп келгенде, Елбасымыздың азат елі мен туған халқына деген перзенттік шексіз сүйіспеншілігінің көрінісі дер едік. Елдің ертеңі мен кеше­гісі ой-санасынан бір сәтке де шықпайтынын аңғарасыз. Бұл ретте айтар пікірін кез келген қолайлы сәтте іркілмей ақтарып салатындығы да содан. Аталмыш кітап осы сөзіміздің жанды айғағы!

Дана халқымыз: «Құдай жақ­қан шырақты шайтан үрлеп өшіре алмайды» демеуші ме еді. Мыңдаған жылдар мұғдарында менмұндалаған шырағымыз­дың Тәуелсіздік жылдарында тіп­­тен жарқырай түсуі, сөз жоқ, елін сүйген, жерін сүйген, жаным арым­­ның садағасы деп Қазақ елі­­­нің келешегі жолында ертегі­ге пара-пар ерлік жасап жүр­ген Нұрсұлтан Әбішұлының кемең­­гер­лікпен пішілген кенен сая­сатының арқасы! Елбасы­ның Мек­кедегі Қағба қақпасының алдын­да тұрып тәуелсіз туған халқымды бақытты ете гөр деп үш мәрте тілегенін білеміз. Құдіретті Алла қабыл алды шын ниетті. Еңсеміз көтерілді – елдігімізді қас­терледік. Беделіміз артты – бәс­е­­келестікке бел будық. Сана­мыз жаңғырды – тарихымыз­ды та­ра­зыладық. Рухымыз өсті – ха­лықтық қалпымызды бедерледік. 

Автор Отанымыздың шеңбе­ріндегі тындырылған, енді қолға сәтімен алынып жатқан шырайлы шаруаларды саусақпен санап тұрып дән риза күй кешеді. Бәрінің ақ бастауында барша этнос өкілдері бір атаның балаларындай белсенділік танытып отырғандығын ерекше толғаныс үстінде жеткізеді. Расында, осынау ширек ғасыр мемлекетіміздің бар-жоғын түгендеумен, ұлттық болмысымыз бен шекарамызды шегендеумен өтіпті. Өзгелермен бой теңестіруді айтасыз, ғасырлар бо­йы­на елдігін түзіп келген көп мемлекеттерден мерейіміз асып түсті. 

Кәрі тарихтың арғы-бергі иірімдерінде әлемді аузына қа­рат­қан небір алпауыт елдердің іштен іріп, үйіндіге айналғандығы саналы жанға сабақтың төресі. Елбасымыз кітаптың өн бойында қол жеткен толағай табыстармен қатар орын алған олқылықтарды, тың реформаларды жүзеге асыру­д­ағы қазақстандықтардың бірлігі мен берекелі істерін де жүрек түбі­не сыр жасырмастан толғайды. Нақтылы мысалдар алдыңызға тартылады. Жан дү­ниеңізбен беріле иланасыз. Сондай жасампаз­дық шеруіне миллиондаған заман­дас­тарымызбен бірге өзіміздің де ақ­жа­рыла атсалысқанымызды мақ­таныш тұтамыз! 

Қазақ елінің жаппай қырып-жоятын ядролық алапат қару­дан өз еркімен бас тартып, бей­біт­шіліктің символына айналуы, Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі атанып, адамзат­тың ақберен арашашысы бейнесі­­не енуі, сөз жоқ, мыңжылдықтар толқынында түзілген алғаусыз ұлттық құндылықтарымыздың өтеуі дер едік! 

Бүгінде дөңгеленген дүниеде ширек миллиардтан астам түр­кілер түтінін түзу шығарып жатыр десек, солардың баршасы­ның көшбасшысы тұғырына түркітектес мемлекеттер басшылары пәтихасымен Нұрсұлтан Назарбаевтың көтерілуі мәрте­бе­нің мұзарт шыңы емес пе?! Кемінде төрт мың жылдықтың шеңберінде алдынан құс ұшыртып, жан қаратпаған тұрандықтардың қара орман жұртында бөрілі байрақты қолға ұстап қалуымыз – миллиондаған қандастарымыз шабытының шалқары, мерейінің асқары! Ұлы қағандардың асыл тақтарынан құрыштай құйылған төл табиғатымыз төрінен Мәңгілік Елдің мәрт оғландарына сай жасындай жарқылдай білуіміз – Ұлы Даланың ұлағаты, жасам­паздығымыздың жарқын белгісі! Ал Алланың атқан әр ақ таңында Тәуелсіздік шапағатына шомылу – шексіз бақыт!

Әміре ӘРІН, 
ақын, Алматы облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы