Аймақтар • 05 Қаңтар, 2018

Қостанайда «көшесі» бар Сәкеннің

244 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Сәкен Сейфуллин – қазақ халқының дарынды перзенті, елінің бостандығы мен тәуелсіздігі жолында қажырлы еңбек етіп, бүкіл күш-жігерін, білімін сарт еткен абзал азамат. Сәкен қазақ-кеңес әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері. Қазақстан Кеңестерінің ІІІ съезінде (1922 ж.) Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы болып сайланғаны да көпшілікке мәлім.

 

Ақиық ақын, жазушы қазақ әде­биетінің қалыптасуы мен дамуы­на сүбелі үлес қосты. Ол өзінің дарыны мен өнерін халық мү­д­десіне, туған елінің жарқын бола­шағына арнады, жаңа заман­ның дауылпаз сайыпқыран ақыны атанды. Әттең «кінәсіз кінәлі» болып, 1938 жылы атылып кетті. Қазақ елінің тарихында елеулі орны бар Сәкеннің есімін халқы қас­терлеп, әркез құрмет тұтады. Рес­пуб­ликамызда көшелер, мектептер, театр мен жоғары оқу ор­ны Сәкен Сейфул­лин есімімен ата­­ла­­ды. Астана қала­сында С.Сей­­фул­лин мұра­жайы жұмыс істейді.

Дей тұрғанмен, осындай тари­х­и тұлға, абзал азаматқа Қос­та­най өңірінде лайықты құрмет көр­­се­тіл­мей отырғаны өкінішті-ақ. Рас, қостанайлықтар да оны ұмыт­қан жоқ. Қалада С.Сейфуллин атын­­да көше бар. Көше атауы бір «л» әрпімен «Сейфулин» деп қате жазылған. Әңгіме осы кө­ше­­нің атында емес, затында бо­лып тұр. Оны көше деп атау­ға ауыз бар­­­майды. Кезінде дүріл­де­ген мауы­ты-шұға комбинаты орн­а­­лас­қан шағын ауданға кіре бер­­генде оң жақ қапталда қала­­­тын, қал­тарыста тұрған бір­неше үйді Сей­фуллин көшесі деп атай сал­ған деп естігенбіз. Бұ­дан Қос­та­най қа­ла­лық кеңесі басшы­­лары­­ның іске немқұрайлы қараға­ны байқалады.

Біз сол көшені іздеуге шық­тық. Қасымда қарт педагог, ха­лық ағарту ісінің үздігі Елтай Шо­жанов жолдасым бар. Қалта­рыс­тау орналасқансын ба, әлде күн суық болғандықтан ба жүргін­шілер сирек. Алдымыздан 70-тен асқан әйел кезекті. Өзін Райса Ивановна деп таныстырған оған шаруамызды айтып, Сейфуллин көшесін сұрадық. Сөзге бейіл кісі екен, өзінің Спандияр Көбеев көшісінде тұратынын айтты. 

– Бүгінде көшелердің аты жиі өзгеріп жатыр ғой. Сейфуллин көшесі дегенді сіздерден бірінші рет естіп тұрмын, деді. 

Әрі қарай кеттік. Бір бойжет­кенді кезіктірдік, шамасы студент болса керек. Ол да ондай көшеден бейхабар. Сөз арасында «Сәкен Сейфуллиннің кім екенін біле­сің бе?» деп сұрағанбыз. «Жоқ, біл­меймін» деп кесіп айтты әлгі қыз. 

Енді не істейміз деп аңтары­лып тұрғанымызда, бала жетектеген, жасы 60-ты алқымдаған әйел кезікті. Оған да шаруамызды айтып, жөн сұрадық. 
– Анау бір үйде саққұлақ, көп нәрседен хабары бар кісі тұр­а­ды. Бір білсе сол кісі біледі, соған бар­­­ғ­а­н­­дарыңыз жөн болар,– деп кеңес берді. 
Ерінбей ол үйге де бардық. Есік алдында кезіккен қарт өзін Ана­­то­­лий Степанович деп таныс­тыр­­­ды. Жөнімізді білген соң қария:

– Тура келіпсіздер, біздің үй Сәкен Сейфуллин көшесінің бо­­йында орналасқан. Ал ағым­нан жарылып айтар болсам, бұл көше­нің басы қайда, аяғы қайда екенінен өзім де бейхабармын. Көріп тұрсыңдар ғой, сонау тұр­ған ескілеу екі үй, ана тұста бір үй, мына алты қабатты үй Сей­фул­лин көшесі саналады. Ұмыт­па­сам, Сейфуллин көшесі атал­ғанына қырық жылдай болып қалды-ау,– деп әңгімесін аяқтады. 

Тағы да олай-бұлай жүріп, бір бүйірде тұрған үш пәтерлі үйге бұрылдық. Жатағандау келген баспананың күншығыс жағын­дағы есігінен ішке ендік. Үй иесі алпыстан асқан кісі екен, оған да келгендегі шаруамызды айттық. 

– Иә, сіздер іздеген көшенің тұрғынымын. Өкінішке қарай, Сейфуллин атындағы көше туралы бәлендей ештеңе айта алмаймын, оны көше деуге де ауыз бармайды. Бір белгілісі, ана маң­дағы алты қабатты тұрғын үй де сол көшеге жатады. Үлкендеу үй, бір қауым ел ғой, жай-жапсарын солар білетін болар,– деп бізді шығарып салды. 

Әлгі кісінің сілтеуімен ире­лең­­деген жалғыз аяқ жолға тү­сіп алып, алты қабатты үйге де ат ба­сын тіредік. Ішке кіріп, екі-үш есік­ті қағып едік, ешкім жауап берме­ді. Әйтеуір, бір есікті үлкен кісі ашты.

– Үй таппай келмеген шығар­сыңдар, төрлетіңдер,– деп бәйек болып жатыр ақсақал. Танысып, жөн сұрасқаннан кейін оған да шаруамызды айттық. 
– Біздің бұл үйде тұрып жатқа­­нымызға үш жылдан асып барады. Мен бұл тұста көше көріп тұр­ғаным жоқ. Көршілері­міздің айтуынша, көше бар, 20 шақты үйден тұрады екен. Өткен ғасырдың 50-жылдары олардың басын біріктіріп, Герцен көшесінің 1-ші өтпесі деп атапты. Ал біз тұрып жатқан үй кейінірек ескірген соң, 80-жылдары күреліп тасталып, солардың орнына тұрғы­зы­лып­ты. Осы шағын аудан­­д­ағы 6 қа­бат­ты жалғыз үй осы ғана. Сәкен Сей­фул­лин сияқ­ты бір­туар асыл аза­матымыз­ға осын­дай көшені берген сол кез­дегі қала басшылығы, қалалық кеңестің депутаттары не ойлады екен?! Бұл Сәкеннің әруағын қорлау ғой, – деп қария біраз өкпе-назын ақтарды. 

Сонымен Сәкен Сейфуллин­нің атындағы көшенің оң жақ бетінде алты қабатты №2-үй, ал сол жақ бетінде 3, 5, 7, 13 нөмірлі үй­лер орналасыпты. №1, №9-үй­лер тозығы жеткен соң күреліп тасталса керек. 

Осыдан 50 жыл бұрынғы мына ақпаратқа назар аударайық. Об­лыстың мемлекеттік архивінің маманы Наталья Здоровец Қоста­най қаласының «Наша газета» апталығында «Что было, то было» деген айдармен апта сайын шаһар өмірінде болған айтулы оқиғалар жөнінде қысқа ақпараттар беріп тұрады. Газеттің 2009 жылғы 14 мамырдағы санында (№20) былай деп жазылған: «22 мая 1968 года в районе комбината хлебопродуктов в Кустанае переименован 1-й проезд Герцена в улицу Сейфуллина». 

Қайран Сәкен! Елім деп еңіре­ген атпал азаматқа Қоста­най­­да жөні түзу бір көшенің бұйыр­мағанын қайтерсің.

Қанапия МЫРЗАҒОЖИН, 
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Әулиекөл ауданының құрметті азаматы
 

Соңғы жаңалықтар