05 Қаңтар, 2018

Өткеннің бедері

247 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазан революциясының жүз жыл­ды­ғына орай «Халыққа ол сор болып жабысты ма, жоқ, әкелген жақсылығы бар ма?» деген төтесінен қойылған сұрақ – орыс ой айдынын шымырлатып, бір-бірін қуалаған сөз нөпірінің толқыны жағалаудың біраз аумағын көпіршіген көбікке айналдырып тастағандай. Кө­кейде жүрген тақырыптар қозғалса да, басқа халықтар тағдырына қатысы ша­малы сарын астамшылығын аулай түскен сайын бір түрлі қиянат шеккендей қолайсыз күй кешетіні несі екен? Басқа шығару мен жапа шегудің неше атасын көрген ата-баба халін осындайда тура жақыннан сезіну адам болмысында көп қайталана бермейтін құбылыс. 

Өткеннің бедері

Жиырмасыншы ғасырдың осынау бас­ты оқиғасына бүйрегі бұратындар, қата­рының молдығын малданып, марқаятын құлықтарын байқатпай қоймады. Бүгінгі аға ұрпақ қатарына қосылатын қалың қауым арасынан Кеңес Одағы тәрбиесін алып, шарапат шуағына бөленгенін тілге тиек етіп, аңсары сол заманға ауа беретінін жасырмай жалғанға жария қылатын отандастар жеткілікті. Мәс­кеу теледидары мен баспасөзінен өз өкі­ліміз­дің ажар-келбетін ұшырата қалсақ бітті, мерейіміз өсіп, мейіріміміз қанатын халді бастан талай өткергенімізді жадыдан шығарып жіберуге тиіспіз бе, тиіс емеспіз бе? Оны зерттеп, қазылық кесімін ақи-тақи жариялаған қорытындыны әл-әзірге ұшыратпасақ та, ең басты ырысымыз бұйырған Тәуелсіздік екенін сезінудің өзіне едәуір ерік-жігер керек тәрізді. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының орта шенінен былай қарай қарбаласқа толы қапылыс соңы ойранға ұласатынын Кеңес Одағы билігінің болжай алмау салдарын өзегі өртене еске қанша алса да, енді қайтып оралмайтын дәуренді жоқтаудың түпкілікті себебін барып-барып аңғаратынымыз қызық. Мәскеу сарапшыларына Желтоқсан көтерілісі бейне болмағандай, қасақана атап өтпейтін дағдысын қараулыққа балау жетімсіздік жасайтын сияқты. Кеше ғана қор саналған жұрт өкілі жастарының алып империя құлауының бастауындағы ашық қарсылығы әлі күнге дейін қатты шамдандыратынын аңдайсың. 

Кеңес Одағының ыдырау қарсаңын­дағы орыс әдебиеті өкілдерінің қолтаң­бала­рын талдаған танымал шолушы тұл­ғалар тоқтамдары көкейге қанша қонымды көрінсе де, бет-әлпеттерінен аңқыған тәкаппар кейіптері адамды сұмдық жабырқататынын несіне жасырамыз. Орыстың аса талантты ақыны Юрий Кузнецов Абайды аударуға кірісіп, «Адамзаттың бәрін сүй бауырым депті» кезіктіргенде таң-тамаша болғаны сонша, «мұндай тұжырымды Пушкин мен Лермонтовтың өзінен кезіктіре алмайсың» десе керек қой. Көп жылдар Мәскеуде тұрған адам аузы­нан естіген бұл әңгіменің өзегінде. адамгершілікке саятын ізгілік барын аңдайсың. «Алла шексіз, адам өлшеулі» деген Абай қарасөзінен кезігетін тұжы­рымды Лев Толстой күнделігінен ұшырат­қан уақытта ойшылдықтың үндесу нүк­тесіне таңданбасқа амалың қайсы. Бірінің ойын бірі іліп әкетіп, тарпа бас салып меншіктеп ала жөнелетін қазіргі заманның рухани барымтасы мен сырымтасы олар үшін мүлде жат.

Жариялылық дәуірі күшіне кіргеннен былай Мәскеудің Орталық Азияға деген қас-қабағы жараспай, ендігінің тілімен айтқанда, бүкіл кұрмет басымдығы Бал­тық жағалауы елдері мен Еуропада қоныс­танған ағайындарына қарай ауып, Хан Тәңірінен Памирге дейінгі аралыққа көпе-көрінеу танытқан өгейлігі күні бүгінге дейін жадыда. Сонысымен қоймай әртүрлі атаудағы істерді қозғап, еңсені езіп, рухты жанши бастаған қадамдарында кемсітуші пиғыл ап-анық сезілетін. Қазақстан басшылығы ауысып, орнына қонжиған бейтаныс кісіге деген қарсылық дүр көтерілген әзелгі кездегі желпініп, желіге түскен халімізді айтпаңыз. Кеңес Одағы билігіне қыр көрсетіп, бүкіл халықтан кешірім сұрататындай өрекпу екпіні екі сөтке арасында сап басылды. Міне, содан кейінгі ауыр ахуалды көптің көптігінің арқасында өткердік-ау... 

Желтоқсан көтерілісінің табын суыт­пас­тан бас көтерген әртүрлі оқиға­лар жариялылықты ұлттық мүддеге қарай ұластырып, тәуелсіздік деген тұжырым бел ала бастады. Кеңес Одағы іргесі шайқала бастаған уақытта тек Орталық Азия ғана қалқан болатынына көзі жеткен Горбачев әйелі екеуінің Ташкентке жасаған сапарының еске түсе беретін себебі – өзбек кейуанасының аттанғалы тұрған екеуіне тандырдың күлшесін әкеліп қолдарына ұстатқаны еді. Алматыға да жолы түсіп, теледидар арқылы сөйлеген кезде Қонаевтың өз орнына ұсынатын ешкім жоқ деп айтқанын атап көрсетіп, тұнығымызды шайқап, былықтырып кеткенінен былай – бұлар да халық-ау деп санаспаған менмендігінен сол жолы жұрнақ та қалмағанын көзіміз көрді. Желтоқсанның қанды оқиғасының тікелей себепкері қазақ теледидары арқылы әлгіндей мәлімдеме жасауы көңілге әлбетте сы­йымсыз. Кеңес Одағы құлауының қар­саңында Қазақстан территориясының тұ­тастығына қасақана көз алартқан сөзі­нен көңіл қалып, түңілуден бұрын, қазақ­ты құдайы анық қаққан халық-ау деп еріксіз ойлайсың. 

Ұлы деген мемлекеттің бірінші бас­шыларының тұрқы осындай, қалған­дарының сұрқы айтпаса да белгілі емес пе?! 

Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»