Қазақстан • 05 Қаңтар, 2018

Қазақтың қайран төбеті-ай!

3954 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Иттің қадірі біздің есімізге әрбір ит жылы айналып келгенде түсетін сияқты көрінеді маған. Баяғы қазақы иттің тұқымы – тазымыз, төбетіміз қайда деп сол кезде ғана іздеп жатамыз. Тазыны біл­меймін, нағыз арлан төбеттің тұқымы қолдан шығып кеткелі қашан! 

Қазақтың қайран төбеті-ай!

Оқта-текте баспасөз бет­те­рінен әлі де бар екен деген хабарды оқып қалып жатамын. Алайда оның бір кездегі біз көрген қазақы төбет екеніне сенбеймін, қазіргі кезге жүдеп-жадап, сұйылып жеткен түрі болар деп ойлаймын. Тірсегі жұп-жуан, табаны аюдың табанындай жап-жалпақ, тұрқы төбедей болып жататын, қарала, сарала, ақ төс, тарғыл, өңкей дөкей төбеттер елуінші жылдардың ортасына дейін малды ауылдарда кездесетін. Кейін қой малынан айналма ауру шықты. Миына құрт түседі. Осы құрт иттен жұ­ға­ды десті. Алғашқыда малшы итіне құрттан тазартатын дәрі бері­ліп жүрді де, көп ұзамай жаппай атты. Біз айтып отырған асыл тұқым­ды иттер де соның ішінде кет­кенге ұқсайды. Әйтеуір сол жыл­дардан соң қазақы иттің бұл тұқымы көзден бұл-бұл ұшты. 

Мен алыс сапарға шығып, ауылдарды аралаған кезде көзбен екі нәрсені іздеймін. Оның бірі – біздің бала күнімізде көлікпен бара жатсаң, төбеңнен жанап кетіп, жанап кетіп, жаныңнан қалмай ұшып жүретін, отырған үйіңнің қабырғасына әсем ұя салатын айыр құйрық, ақ тамақ қарлығаштар. Екіншісі – мойнында қарғы бауы бар, бірақ байланбайтын, әупілдеп бірер үріп, маңқиып еріне көтеріліп, орнына қайта барып тыныш жата қалатын осы қазақы ақылды төбет иттер. Екеуін де қанша уақыттан бері іздеп келемін, өкінішке қа­рай, еш жерден кездестірмедім. Жоғарыда ақылды деген сөзді бекер қосып отырғаным жоқ, қазақы төбет иттің ақылдылығы туралы үлкендерден көп есті­дім. Сексен жасты орталап, тоқса­нын­шы жылдары өмірден өткен шешем марқұм:

– Жақсы ит те босағаға біте­ді екен. Соғыс бітетін жылы Өгіз­мо­лаға суармаға көшіп барып, Атырау жағынан әкеліп бір күшік асырадық. Бірер жылда тайыншадай ірі болып өсті. Қасқыр алатын. Ақылды ит еді. Айтқаныңды түсінетін, тіл білетін ит еді. Бер­ге­ніңді ішеді, бермесең қазан-аяқ­қа сұқаңдап жақындамайды, – деп отыратын.

Шешем айтып отырған өмір маған таныс. Өйткені мен соғыс аяқталғаннан кейін екі жылдан соң өмірге келгенмін. Шығанақ ата­ның ізбасары ретінде Ойыл өзе­нінің төменгі сағасында, Аты­раудың Қызылқоға ауданының жеріне арқа тіреп, суармалы тары егіп отырған шағын ауыл кү­ні бүгінге дейін есімде. Естияр бала болғанша тұрдық ол жерде. «Май­лыаяқ» деп шақыратын еңге­зердей ала төбет те еміс-еміс көз алдыма келетіндей. Содан да шешем құтты иті – Майлыаяғы тура­лы әңгіме бастаса:

– Өздеріңнің ертең ішетін тамақ­тарың жоқ. Өгіздей итті қалай тойындырасыңдар? – деп колхоздың тақ-тұқ тіршілігін көріп өскендіктен де сауал тастаймын.

– Қазан қырып қаспақ, көже-қатық құямыз ғой. Үйім, қожайы­ным бар деп жатады ғой үйдің алдында. Болмаса, ол тамаққа зәру емес. Қысы-жазы өз тамағын даладан өзі табады. Ұзап кетіп аң аулайды. Ол кезде қыс қатты болады. Қызылшұнақ аяз, ақтүтек боран, күртік қар. Аяздың күштілігі сондай, ұшып бара жатқан құс жерге топ етіп құлайтын. Сондай кезде үйге талай рет қоян аулап әке­ліп, қызылсырап отырған біз­ді асырағаны бар. Сонда тісін тигізбейді ғой, жарықтық. Мұн­дай итті ақылды емес деп қа­лай ай­та­сың, – деп шешем бәсін арттыра түседі.

Тіпті әрі-беріден соң, менің кү­мән­данып отырғанымды сезіп, шын­дыққа көзімді жеткізе түсу үшін:

– Керек десең, құйттайыңда сені баққан сол ит. Сталин заманында жұмысқа шықпай қалу деген жоқ. Әкең екеуміз сарыала таңнан тары егісін баптауға кетеміз. Тек біз емес, бір қауым елдің тірлігі сол. Күні бойы егін суарамыз, шөптейміз, тыным таппай іңірлетіп ораламыз. Сонда әлгі ит үйді бағады. Бұзауды басжібінен тістеп, далаға жайып келеді. Байлағаны сол – басжібін қазыққа орап қояды. Өрістен сиырды айдап келеді. Біздің ит те, мал да бір-біріне үйренген. Бүкіл ауыл сүйсінетін еді итіміздің қылығына, –деп шешем әңгімесін жалғай түсетін.

Әрине біздің үйде сондай бір ақылды төбеттің болғанын мен тек шешем емес, әкемнен де, көрші-көлемнен де талай естігенмін. Жек­пе-жекте қасқыр алатын, тіпті үйірлі қасқырға тайсалмай шабатын нағыз төбет еді десетін. Ауылдан шығып кетіп, үйірлі қасқырдың құрсауына тү­сіп, қызылала қан боп жараланып, аман сытылып келген кездері де аз болмаған. 

Біздің шағын ауыл аңыз қылып айтатын қасқыр алатын осы әлді әрі ақылды төбет мен есімді білгенде жоқ. Айдың күні аманында ұшты-күйлі жоғалған. Шешем ауылға келген керуен ертіп кетті десе, әкем басқаша болжам айтатын.

– Сірә, ауырған сияқты. Дертіне шипа іздеп, дәрілік шөп қарап дала кезіп, қаңғып кеткен болар. Айда­лада әр шөптің түбін искеп, сергелдең болып, бұратылып жүрген иттер тегін жүрмейді. «Жақсы ит өлімтігін көрсетпейді» дегенде сондай сыр жатыр, – деп қоятын.

Ат жалын тартып мініп, адам болып, отау құрып үй болғаннан бастап, ұзақ уақытым ауылда өтті. Осы жылдарда иттің де түр-түрін ұстадық. Бірақ Майлыаяқ сынды қазақы төбет қолға түспеді. Өз басым қазақтың төбетіне жететін ит жоқ деп есептеймін. Немістің овчаркасы, ағылшын догы, кавказ төбеттері оған тең келе алмайды. Тіпті қанша ұқсастық іздегенмен түрікменнің алабайы да қазақтың арлан төбетінен кем. Кемдігі сол, ызақор, қабаған, шын­жырлап ұстауға тура келеді. Алдындағы тамағын қызғанып иесіне шабады. Мұндай итті ақылды деуге бола ма?! Ал қазақы төбет көрін­генге шабалаңдап үрмейді, байлаусыз тұрып кісі қаппайды. Иесінің бұйрығын бағады. 

Әр өңірде қазақтың төбеті мен тазысын қайта оралтуды қолға алып жүрген азаматтар бар екенін естимін. Алайда олардың қолына әзір қазақтың таза қанды байырғы төбеті түсе қоймаған сыңайлы. Қазақы төбетті іздейтін жер де жылдан-жылға тарылып бара жатқандай. Ма­мандар, зерттеушілер, бір болса, таза қанды қазақы төбеттің тұқымы Қазақ­станның батысында – Атырау, Маңғыстау жағында, Жайық бойын­да ұшырасып қалуы мүмкін деп сырттан тон пішеді. Мен де осы пікірге қосыламын. 

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ, 
журналист 

АҚТӨБЕ