Қазақстан • 05 Қаңтар, 2018

«Мәдениет пен өнерге қосқан үлесі үшін» төсбелгісі табысталды

237 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

О баста өзіне өлшеусіз ын­тықтырған өнерді жан­серігіндей көріп, ба­лаң жастығынан серік еткенде осы аппа­ратқа ғұмыры байлана­тынын да ойлаған жоқ екен. Баянауыл сияқ­ты табиғаты ғажап өңірде дүниеге келген Жақсылық Тұрлы­бе­ковтің кәсіби маман ретінде өмірі фото­өнермен өрілуі тағ­дыр жазуы шығар. Алма­ты қалалық әкім­дігінде өткен шарада ТМД елдерінің Парл­а­ментаралық Ассам­блеясы кеңесінің төр­аға­сы Валентина Мат­виенконың «Мәдениет пен өнерге қосқан үлесі үшін» төсбелгісін салтанатпен тапсыруы үлкен мәртебе болды.  

«Мәдениет пен өнерге қосқан үлесі үшін» төсбелгісі табысталды

Алғаш рет нағашы аға­сының фотоаппаратқа әуес­тігі балалық қиялын оя­та білді. Ол кісі кезінде соғыс­қа қатысқан, полковник ше­ніндегі әскери адам болатын. Шағын фотоаппаратының жөн-жосығын үйретіп, арман­шыл жасты болашаққа ма­шық­тандырып, үлкен іске ба­ғыт сілтегендей еді. Ала­бұрт­қан бала көңіл ай­наладағы табиғаттың таңғажайып тылсымын мойнына асқан кіш­кентай «Зениті» үйіріп әкеліп алдына тастайтын таңғажайып сәттерінен бастап кейінгі сапалы да сәнді EOS 5D Mark 11 аппаратын қолданатын кезеңге дейінгі уақыт аралығындағы ұзақ жылдар әлетінде өмір иірімдері не көрсетпеді. Алғаш 1970 жылы Қарағанды қала­сындағы фотографтар дайындайтын училищені бітіріп, еңбекке араласқан жылдары жастықтың жалынымен арманшыл жас Алматы кино тех­ни­кумын аяқтайды. Осы техникумның зертханасында меңгеруші болып қызмет атқа­рады. Содан кейін Павло­дардағы педагогикалық инс­титутының филология фа­культетінде оқып, фото­тілші қыз­метіне белсене кі­рісті, ке­шегі Жоғарғы Ке­ңесте, Ал­ма­ты­дағы Парламент фо­тос­ту­диясында шетелдермен байланыстағы «Достық» қоға­­мында, «Хабар» телеар­насында, «Түркістан», «Еге­мен Қазақстан» газет­терінде фототілші болып, туған жер­дің төсін шарлады. «1991 жылы Тоқтар Әубә­кіров ғарыш­қа ұшқан кезде тұңғыш ғарыш­керіміздің көкке көтерілу сә­тіне куә болғанымды өзіме ерек­ше мақтаныш көремін, – дейді Жақсылық аға айрықша толқыған сезіммен. – Тари­хына, мәдениетіне үңілген адам ғана елдің рухания­тын көтереді. 1995 жылы Семейге жол түсіп, Абай же­рінде ұлы ақынның 150 жыл­дық мерекесін көзбен көріп, салтанаттың айрықша сәттерін суретке түсіріп көр­сету мүмкіндігі туғанына қуанамын. Кейіннен Парижде болған сапарымда Мұхтар Әуезовтің 100 жылдық мерейтойына қатысқанымда, сол делегацияның құрамында айтулы ағалар болғаны ұмы­тылмайтын кездер дер едім. Мәселен, Шыңғыс Айтматов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Ол­жас Сүлейменов, Сәкен Жү­нісов, Айман Мұсақожаева, Мұ­рат Әуезов, Қаршыға Ах­ме­­­дияровтардың болуы, әрқай­сысының ілкім сәттерін су­реттерімде бейнелей алу да мен үшін айтып жүретін сырлы сәттер болып қала бе­реді.Сол кезде ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде арнайы фото­­репортаждар түсірдім». Бү­гін­де бұл жұмыстар Мұхтар Әуе­­зов музей-үйінде сақтаулы тұр.

Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында Астанадағы Тәуел­­сіздік сарайында үлкен көрме, сондай-ақ осыдан үш жыл бұрын, 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күніне орай Алматыдағы Рес­публика сарайында Елбасына арналған арнайы көрме өткізді. Уыздай ынтықтырған өрнектер әле­мі Жақсылықты жақсы ізде­ністерге бастай беретіндей.

Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ