Қазақстан • 06 Қаңтар, 2018

Қостанайға келген Парламент депутаттары оқушыларды отандық автобуспен тасуды ұсынды

155 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Парламент Мәжілісінің «Нұр Отан» партиясы фракциясы депутаттары  И.Аронова, В.Олейник, А.Суслов, И.Клименко, С.Құсайынов, А.Рау Қостанайдағы «СарыарқаАвтоПром» және «АгромашХолдинг» машина жасау зауыттарының өндіріс алаңында болды. 

Қостанайға келген Парламент депутаттары оқушыларды отандық автобуспен тасуды ұсынды

Халық қалаулылары  зауыттардың цехтарындағы  автомобильдерді құрастыру жұмыстарының дәнекерлеу, бояу, жинау және тағы басқа жұмыстарынан тұратын толық үдерісімен танысты. «СарыарқаАвтоПром» зауытында бүгінде Peugeot, SsangYong, Iveco, JAC, Hyundai, ANKAI, Сhevrolet Niva и Ravon Nexia R3 секілді әлемдік  брендтер шығарылады.  

Сонымен қатар зауыт басшылары халық қалаулыларына  JAC электромобилінің бірнеше данасын көрсетті. Экологиялық таза өнім саналатын бұл машинаның еліміз тұтынушылары үшін де, экономиканың экспорттық әлеуетін күшейту үшін болашағы зор. Осыдан  екі-үш жыл бұрын Ресейдегі  экономикалық дағдарыстың салқыны тиген машина жасау ісі Қазақстанда қайта өрледі. Былтыр  машина зауыттарында өнім үш есеге көбейді. Зауыт өткен жылы ғана сапқа қойған оқушылар таситын автобус Мәжіліс депутаттарының назарын ерекше аударды.

«Елімізде  шағын жинақты мектептер оқушыларын ауылдан ауылға автобуспен тасиды. Ондай мектептердің басым көпшілігі Қостанайда екені белгілі. Сондықтан ауылдардағы мектеп оқушыларын Қостанай зауытынан шығып жатқан отандық автобустармен тасу қажет» деді Парламент Мәжілісінің депутаты Ирина Аронова. Депутаттың бұл сөзін оның әріптестері қолдады. Альберт Рау  автобустарды аудандар  лизинг бағдарламасы арқылы алуына болатынын айтты. 

Нәзира Жәрімбет,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай