Қазақстан • 08 Қаңтар, 2018

Ұлт руханиятының өзегі

666 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Тарихи ұзақ мерзімді артқа тастап, түрлі жазуларда там-тұмдап хатқа түскен әрі мыңнан бірі ғана күні бүгінге жеткен баға жетпес жәдігерлер – сирек қолжазбалар мен басылымдардың түпнұсқалары М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, Орталық және Ұлттық кітапханалардың сирек қорларында жинақталған. Десек те, ел тарихының түп-төркінінен хабар беретін осынау құнды мұраларымыздың жариялануы мен зерттелуі әлі күнге кенже қалып келеді.  

Ұлт руханиятының өзегі

Көне замандардан бастап күні бүгінге дейінгі қазақ әде­биеті мен өнер тарихы, фольклоры, театры, кино және музыка, т.б. мәселелері саласында зерттеу­лер жүргізуді жүзеге асырып отырған М.Әуезов атын­дағы Әдебиет және өнер институты қабырғасында 1962 жылдан бастап Қолжазба бөлімі жасақталды. Соның негізінде бүгінгі күнге дейін бүкіл рухани мұраларымыздың жартысынан астам бөлігі жиналды, ғылыми жүйеленді, шама-шарқынша жарияланды және мүмкіндігінше зерттеулер жүргізіле бастады.

Институттың «Қолжазба жә­не текстология» ғылыми-инно­вациялық бөлімінің мең­герушісі, филология ғылым­дарының кандидаты Тоқ­тар Әлібеков мамандар тарапынан қолжазба қоры талапқа сай сақталып, жүйе­леу жұ­мыстары қалыпты жүр­гізіліп отырғанымен де, елі­міз­дегі сирек кітаптар мен қол­жаз­баларды жинау, зерттеу, жа­риялаудың өзекті мәселелері жеткілікті екендігін айтады. Бөлім қызметкерлері тарапынан қолжазбаларды қай­та қалпына келтіру, араб (ша­ғатай, қадім, төте), латын әрпінде жазылған мәтіндерді транскрипциялау, мағынасын ашу, кирилл жазуына көшіру жұмыстары да үздіксіз жалғасын тауып отыр. Алайда, осындай ауқым­ды істердің жүзеге асып отырғандығына қарамастан, елімізде мәтінтану ғылымының жолға қойылуы кенжелеп қал­ғаны айқын аңғарылады.

Бүгіндері фольклорлық мұ­ралардың 30-40 пайызға жуы­ғы ғана игеріліп, жарияланды. Ал ауыз әдебиетіне, атап айтқанда, ақын-жырауларға, би-шешендерге, сал-серілерге қатысты мұралардың әлі күнге мұрты бұзылмай тұр. Олардың да көпшілігі эдициялық текс­тология тұрғысында сараланды дегенімізбен теориялық тұрғыдан әлі зерттеле қойған жоқ. Ал жарияланбаған мұра­ларымыз қаншама? Әсіресе, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасынан кейін халық туындыларын жариялау мә­селесі тоқтап қалған сыңайлы. Инс­титуттың директоры ака­­демик У.Қалижановтың бас­шылығымен фольклортанушы-текстолог ғалымдар аталған қорларда сақталған қол­жаз­балардағы әдеби мәтін­дердің негізінде «Бабалар сөзі» жүз­томдық сериясынан тыс 150 том ғылыми басылымдардың жобасын жасап, құзырлы орын­дарға жібергенмен, әзірге нәтижелі ұсыныстар түспегені қынжылтады.

Қазақ халқының бай ауыз әдебиеті өзінің құнарлылығы мен ауқымы жөнінен әлемдік фольклор мұраларының көш­басында тұрғандығына орыс шығыстанушыларымен қатар шетелдік ғалымдардың жоғары баға бергендігі мәлім. Қазақ халқының тарихын зерттеген көптеген орыс ғалымдары дархан далаға қоныстанған саны аз халықтың ауыз әдебиетінің осыншама бай, құнарлы екен­дігіне зор қызығушылық таныт­қаны тарихи деректерден белгілі. Түркі халықтарының деректерін салыстыра зерттей келе, олар қазақ ауыз әдебие­тінің теңдессіз екендігіне көз жеткізе түседі.

Сондықтан да бүгінгі ұлт­тық қорға жиналған рухани төл мұрамыздың барын­ша ма­ңыздылығын ескере отырып, оның жарыққа шығуы­на әрі еліміздің, сон­дай-ақ шетелдерде тұрып жатқан ағайын­да­рымыздың жадындағы дү­ниелерді де қағазға түсіру уақыт күттір­мейтін келелі мәселе екендігін ескеруге тиіспіз. Ақ­параттық тех­нологиялар көз ілес­пес жыл­дамдықпен дамып бара жатқан кезеңде халықтың жадындағы бар байлықты жинап алу – болашақ алдындағы азаматтық парызымыз.

Эльвира БӨКЕНБАЕВА,

журналист

АЛМАТЫ